Білім • 26 Қаңтар, 2022

Бізге қандай техникалық университет керек?

926 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруды тапсырды. Осыған орай 2025 жылға дейін Қазақстанда шетелдік 5 беделді университеттің филиалы ашылмақ. Бұл қандай университеттің филиалы болмақ? Яғни қай жағынан үздік, қандай бағытта беделді деген мәселе қоғамды толғандыратыны анық.

Бізге қандай техникалық университет керек?

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Үздіктер тізімінде ресейлік оқу орындары жоқ

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі ресми парақшасында Президент тапсырмасына қатысты былай деп жазды: «5 шетелдік ЖОО филиалдарын ашу отан­дық университеттер арасында бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді. 2021 жылдың қыркүйегінде Де Монт­форт Лестер Британ универси­тетінің (De Montfort University Leicester) филиалы ашылды. Сонымен қатар Қозыбаев атындағы университетті Ари­зона университетіне сенімгерлік бас­қаруға беру мәселесі пысықталып жатыр. Еліміздің батыс өңірлеріндегі жастар­дың жоғары білімге қол жеткізуін арттыру үшін онда екі жетекші шетелдік техни­калық университеттің филиалдары ашылады. Сондай-ақ Президенттің тапсыр­масына сәйкес Ресейдің үздік техни­калық университетінің филиалын ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Басқа да әлемдік деңгейдегі уни­вер­ситеттердің филиалдарын ашу қолға алынған».

Жоғарыдағы тапсырмасына қоса Президент Қ.Тоқаев жақында өткен бизнес өкілдерімен кездесуде: «Бәлкім, ең бірінші кезекте Ресейге, техникалық жоғары оқу орындарына жіберу керек шығар. Таяуда ғана мен әлемнің жетекші елдерінің филиалдарын техникалық ма­ман­дықтар бойынша ашуды тапсырдым. Қазақтар, жас қазақтар ең алдымен технарь болуы керек. Бұл – менің түпкі байламым», деген ойын жеткізді.

Осы орайда зерттеуші, ғалым Жексен Тоқтарбай әлемнің үздік 200 уни­вер­ситетінің тізіміне ресейлік ЖОО енбей­ті­нін жеткізді.

«Ресейде университеттердің сапасын көтеретін мықты мамандар шетел асып жатқандықтан, ондағы жоғары білім сапасы да төмендеп кеткен. Бұрын Кеңес Одағы кезінде, сөз жоқ, ММУ алдыңғы қатарлы, беделді университет болды. Алайда қазір тіпті әлемдегі ТОП 150 университеттің қатарына кірмейтін деңгейге түсіп қалған. Ғаламдық универ­си­теттердің рейтингінде Ресейден ал­дың­ғы 300-ге кіретін 2 университет қана бар екен: ММУ мен Мәскеу физика және технология институты. Ал әлемдік университеттердің рейтингінде алдыңғы 500-ге кіретін 5 университеті ғана бар. Енді нағыз мықтылардың деңгейіне келсек, әлемдік ТОП 200 университеттің тізімінде АҚШ-тың – 57, Ұлыбританияның – 28, Германияның 22 университеті бар. Бірақ бұл тізімде Ресейдің бірде-бір ЖОО-сы жоқ. ТОП 200 емес, ТОП 300-ге 2 университеті әрең кіретін Ресейден қандай білім-ғылым үйренбекшіміз?», деген сауал қойды.

Сарапшыдан ресейлік ғылымның да жайын сұрап көрдік. Себебі жоғары білімді дамытатын – ғалымдар. Ж.Тоқтар­бай­дың зерттеуіне сүйенсек, 8 жылда Ресейден кетіп жатқан ғалымдар саны 5 есеге өскен, себебі ғылымға бөлінетін мем­лекеттік қаржы ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына де жетпейді. Ал Жапония, Израиль секілді елдерде бұл көрсеткіш 3-4 есеге көп.

«1990 жылдары Ресейде 992 мың зерттеуші (ғалым) болса, 2019 жылы 348 мың ғана зерттеуші қалған екен. 145 млн халқы бар, АҚШ-пен иық тірескісі келетін мемлекетке бұл өте аз. Са­лыс­тыр­малы түрде айтсақ, 80 млн халқы бар Германия мен 50 млн ғана халық тұратын Оңтүстік Кореяда 350 мыңға жуық зерттеуші бар. Ресей ғалымдары неліктен азайып кетті? «Мәскеу уақыты» сайтының мәліметінше, (https://www.themoscowtimes.com /2021/04/21/)
2012 жылы – 14 мың, 2020 жылы 70 мың ғалым Ресейден шетелге кетіпті. Мәскеу мемлекеттік уни­ве­рситеті Халықаралық қатынастар орталығының жүр­гізген зерттеуі бойынша ғалым­дар­дың елден кетуіне айлықтың аздығы (76%), ғы­лыми жобаны іске асыру мүм­кін­дігінің жоқтығы (50%) себеп және бір бөлігі ұрпағының болашағы (35%) үшін елден кетеді екен. 30 жылдан бері Ресейдің ғылымға бөлген қаржысы ІЖӨ-нің
1%-ынан асқан жоқ», деді Ж.Тоқтарбай.

МІТ-мен байланыс орнатқан отандық ЖОО бар

Жоғары оқу орындары қауым­дас­тығының төрағасы Рахман Алшанов алдымен шетелдік беделді ЖОО-ның филиа­лын елімізде ашудың ма­ңы­зына тоқтала келіп: «Шетелдік уни­вер­ситеттердің филиалын ашу қажет. Өйткені, Президент айтқандай, жаңа экономика құруда уни­вер­ситеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру ма­ңыз­ды. Міне, сондықтан 2025 жылға қарай елімізде беделді ше­­­тел­­­дік жоғары оқу орындарының кем дегенде 5 филиалын, оның екеуін техни­ка­лық бағытта Қазақстанның батыс өңірінде ашу тап­сы­рылды. Неге? Батыс облыс­тар­ға ше­телдік инвесторлар жаңа технологияларды әкеліп отыр. Онымен біздің жас­тар жұмыс істей алмай жатады. Тіпті тех­никаның тілін білетін мамандар тап­шылығы байқалады. Отандық оқу орын­да­рында ондай құрал-жабдықтар жоқ. Соған байланысты базасы мықты, қа­лып­тас­қан шетелдік университет Қазақ­станда филиалын ашса, жастарға жаңа мүмкіндік туады», деді.

Р.Алшанов осы бағыттағы жұмысты іске асыруда университет беделіне ғана емес, мамандықтарға да мән берген жөн екенін жеткізді: «Негізі, филиалын ашатын университеттің беделіне қараған дұрыс, дегенмен ондағы мамандықтарға да мән берген жөн. Себебі шетелде немесе халықаралық университетте сұ­ра­ныста жоқ мамандықты оқып алып, жұ­мыссыз жүрген жастар жетерлік. Сон­дықтан алдымен филиалды ашатын өңірге қажетті, қазір тапшы болып тұрған ма­­ман­­дықтарды зерделеу қажет. Содан соң барып сол мамандықтарды қандай шетелдік университет даярлайтынын білу керек. Отандық университеттер осы мәсе­ле­мен жіті айналысқаны абзал».

Қазақстандық оқу орындары қазірдің өзінде шетелдік ЖОО-лармен байланыс орнатып отыр. Тех­никалық ма­ман­дықта оқуды дүние жү­зіндегі үміт­тілердің әрбірі армандайтын, әлем­ге әйгілі Массачусетс технология уни­вер­­ситетімен (MIT – Massachusetts Institute of Technology) байланыс орнатып отырған қазақстандық ЖОО бар. Бұл туралы біле бермейміз. Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан тех­никалық университетінің ректоры Жасұлан Шаймарданов МІТ зертханасымен бірлесіп, бірнеше жобаны жүзеге асыру үшін әріптестік орнатылғанын айтты.

«Біз әріптестерімізбен бірге 2019 жылы АҚШ-тың бірқатар университетінде болып, соның ішінде Senseable City Lab MIT зертханасымен бірлесіп, бірнеше жобаны іске асыру туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Жоба қоршаған ортаның кешенді мониторингіне бағытталған. Атмос­фералық ауа, су ресурстары, топы­рақ, көміртегі ізі және экологияға, адам ден­саулығына техногендік әсер ету сал­дарын зерттеу. ШҚТУ ғалым­дары Мас­сачусетс технологиялық инсти­ту­­ты­ның ғалымдарымен бірлесіп, Sensing Kazakhstan ауқымды экожобасын іске асырады. Жыл бойы шетелдік әріп­тес­термен онлайн режімде жұмыс істе­дік. Ғалымдар Өскемен қаласының атмо­с­фе­ра­лық ауасын мониторингілеу үшін мобильді сканерлер моделін әзірледі. Коронавирусқа байланысты Senseable City Lab MIT жұмыс тобы тек 2021 жылдың желтоқсан айының басында келді. PhD докторы Симонэ Мора мен PhD докторы Фабио Дуартэ біздің университетте бірқатар жоба бо­йынша жемісті жұмыс атқарды», дейді Ж.Шаймарданов.

Осындай байланыс филиал ашуға себеп бола алмай ма? Мұндай са­уал оқырманды да мазалар. ШҚТУ рек­то­ры­ның айтуына қарағанда, MIT Senseable City Lab зертханасымен байланыс нақты жоба шеңберіндегі ғылыми-зерттеу қыз­ме­тін ғана қамтиды және филиал ашу мә­селесі зерттеу жұмыстарының аясына кірмейді. Жоғары білім берудің әлемдік көшбасшылары білім берудің тиісті деңгейін тек университет кампусының өзінде ғана беруге болады деп есептейді, сондықтан әдетте басқа елдерде өз фи­лиал­­­дарын ашпайды.

Мәселе грантпен шешіле ме?

Беделді ЖОО-ның ұстанымы белгілі, сондықтан әріптестік негізінде Қазақ-Британ техникалық университеті се­кіл­ді бірлескен оқу орнын ашуға болатындай. Әрине, бұл ретте техникалық мамандықтар грантына көңіл бөлген жөн. Себебі ЖОО негізінен мемлекеттік гранттар арқылы өмір сүреді.

Білім және ғылым министрі: «Білім беру сапасында үлкен алшақтығы бар өңірлерден оқуға түсушілер үшін техникалық дайындық бағыттары бо­йынша қосымша гранттар бөлу жос­парланып отыр. Аталған мақсатты грант­тар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алу үшін бөлінеді. Бұл ретте негізгі тұрғылықты жері бо­йынша бітірушілерді жұмыспен қам­ту шарттардың бірі ретінде бекіту ұсы­ны­лады. Биылдың өзінде техникалық дайындық бағыттары бойынша жоғары оқу орындарында оқу үшін гранттар саны айтарлықтай өседі», деген болатын.

Жақында аталған ведомство білім беру гранттары санының тағы 5 мыңға артатынын хабарлады. Хабарламада жаңа гранттардың студенттер арасында сұранысқа ие және өзекті мамандықтарға бөлінетіні жазылған. Бірақ нақты қандай мамандықтардың өзекті болып тұрғаны жөнінде әзірге айтылмаған. Сол себепті нақты техникалық мамандықтарға бө­лі­­не­тін гранттар көбейе ме, жоқ па, бел­гісіз.

Десек те биылғы білім беру грант­тарының бөлінісіне қарасақ, ең көп 17 028 грант инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бөлінген. Оған қоса ІТ саласына – 7 487, жаратылыстану ғылымдарына – 4 088, ауыл шаруашылығы ғылымдарына 1 895 орын бөлінді. Аталған саланың бәрінде техникалық мамандықтар бары белгілі. Алайда жыл сайын даярланатын осыншама технардың бәрі бірдей өз саласында жұмыс істеп жүр ме? Мәселенің мәнісі осында секілді.

Сонда бізге қандай техникалық уни­­­вер­ситет керек? Бұл сұраққа әр­кім әр­­қи­лы, түрлі тарапқа тартып жауап берер. Әйтеуір беделі тасып тұрса да, түлектерін тек қағаз жүзінде жұ­мыс­қа ор­наластыратын, техникалық ма­ман­­дығы туралы диплом бергенімен, іс жүзінде технарь даярлай алмайтын, мем­лекеттік тапсырыс пен есеп үшін ғана факультет ашатын ЖОО-ның керек емес екені анық.