Қазақстан • 04 Ақпан, 2022

Құнды жазбалар музейге табысталды

438 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында орналасқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қоры жаңа қолжазба кітаптармен толықты.

Құнды жазбалар музейге табысталды

Бұл дүниелерді ұзақ жыл сақтап, көпшіліктің игілігіне айналсын деген ниетпен қорық-музей қорына тапсырған адам – 81 жасқа жеткен Тұрмағанбет Лахабаев есімді қария екен. Бұл кісінің айтуына қарағанда, ата-бабасынан мирас болып келе жатқан бұл кітаптарда аса құнды тарихи, діни-рухани ұғымдар жинақталған көрінеді.

«Әкем жарықтық менің үш жасымда қайтыс болды. Бұл мұраларды жетпістен асып көз жұмған анам маған аманаттап кетті. Ұр­пақтан-ұрпаққа жеткен құнды мұраларды көз­дің қарашығындай сақтағанымыз болмаса, ішіндегі жазулардың мән-мазмұнына, тарихи құндылығына мән бермеппіз. Қолымызда бірнеше ғасыр сақталған жазбаларды музейге тапсыруды жөн көрдік», дейді Тұрмағанбет Адамбекұлы.

Бұл кітаптарға ғылыми сараптама жасаған қорық-музей қызметкері Толқын Жолдасовтың айтуына қарағанда, қолжазбалардың қазіргі жағдайы мәз емес. Басқы беттері тозып жыр­тылған. Сол себепті кітаптың шыққан жылын, басылған жерін анықтай алмай отырмыз. Бір кітаптың мұқабасы басқа кітаптан алып жапсырылған. Ғылыми шолу жұмыстарының нә­тижесінде, бұл жазбалардың мәтіні түркі тілінде екені анықталды. Ал мазмұнына тоқ­талар болсақ, Адам ғалейсалам мен шайтан арасындағы оқиғалар баяндалған және адамға жұққан түрлі рухани дерттерді емдеу жолдары мен әдістері жазылғаны байқалады. Болашақта, кітаптың ішкі мазмұнын толық анықтауға мүмкіндік бар екен.

Сондай-ақ қорық-музей қорына тапсы­рылған тағы бір кітапта, пайғамбар хиссалары мен шипа дұғалары жазылған. Кітапта Мұхаммед (с.а.у) және төрт халифа Әбубәкір, Омар, Осман, Әли есімдері, сонымен қатар пайғамбарымыздың немерелері Хасан, Хусейн жайлы мәліметтер берілген. Бұл мұраның да сақталуы тым нашар. Қолжазба еңбектерді қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет етеді, дейді мамандар.

Ауыл ақсақалы тапсырған тағы бір ескі мұра – 1878 жылы Санкт-Петербургте басылып шыққан газет. Бұл жәдігер қатты зақым­далып, ұсақ бөліктерге бөлініп кеткен. Газеттің мазмұнын анықтау үшін, толықтай қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет көрінеді.