«Үздік ғылыми қызметкер-2021» байқауында еліміздің 6 ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орындарының 50 ғалымы жеңімпаз атанды. Үздіктер қаржылай сыйақыға қоса кеудеге төсбелгілер тағынып, сертификаттарды иеленді. Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында сөз алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Биылдан бастап отандық ғылым саласы дамуының жаңа кезеңі басталды. 3 мыңға жуық ғалым жобасына грант ұтқан-ұтпағанына қарамастан тұрақты түрде жалақы алады. Тұрақты қаржыландыру зерттеулерді кедергісіз жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ гранттық және мақсатты қаржыландыру механизмін өзгерттік. Соңғы жылдары ғылым саласын қаржыландыру екі есе өсті. Президенттің тапсырмасы аясында осы жаңашылдықтарды бекіткен заң қабылданды. Біз үшін барлық процедураның ашықтығын қамтамасыз ету маңызды», деді.
Министр өз сөзінде ғылыми қауымдастыққа ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді және Мемлекет басшысының қолдауымен ғылым саласында заңнамалар жетілдіріліп, қаржыландыру екі есе өскенін айтты.
«Жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, ұлттық ғылыми-зерттеу институттарының материалды-техникалық базасы жаңартылып келеді. Сондай-ақ ғалымдар жетекші ғылыми орталықтарда тәжірибеден өтуге жіберіледі, ғылым саласындағы бюрократияны тоқтату бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», деді А.Аймағамбетов.
Министрліктің мәлімдеуінше, байқауға тапсырылған өтінімдер арнайы құрылған ақпараттық платформада қабылданған. Құжаттарды тексеру комиссиясының құрамына сарапшылар, ғалымдар, Ғылым академиясының өкілдері, Жас ғалымдар кеңесі және Жас ғалымдар альянсының, сондай-ақ ғылыми ұйымдардың мүшелері енді.