Спорт • 14 Ақпан, 2022

Немістер мен норвегиялықтар иық тіресіп келеді

286 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бейжіңде жалауы желбіреген Қысқы Олимпия ойындары бел ортаға жетті. Өткен жұма мен сенбі күндері Қытайдың астанасында орналас­қан зәулім спорт сарайлары мен кешендерінде тартысты бәсекелер өтіп, бірнеше медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Бақ сынаушылар қатарында Қазақстанның да өрендері болды. Өкінішке қарай, жерлестеріміз әзірге бірде-бір жүлдеге қол жеткізе алар емес.

Немістер мен норвегиялықтар иық тіресіп келеді

Жұмада жерлестеріміз спорттың төрт түрі бойынша сайысқа түсті. Солардың арасынан шорт-трек шеберлері ғана тәуір нәтиже көрсетті. Ерлердің 500 метр­лік бәсекесінде бақ сынаған Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов және Абзал Әжіғалиев сынды сайыпқырандар іріктеу сынынан іркілмей өтіп, ширек финалға жолдама алды. Осы орайда өз тобында Денис пен Абзал бірінші орын алса, Әділ мәре сызығын екінші болып қиып өткенін айта кеткен жөн.

Шаңғышылар классикалық әдіспен 15 шақырымға жүгірді. Бұл қашықтықта 30 жастағы финляндиялық спортшы Ийво Хенрик Нисканенге тең келер ешкім табылмады. Осылайша, Суоми елінің өкілі қатарынан үш бірдей Олимпия ойындарында бас жүлдені олжалады. Бұған дейін Нисканен 2014 жылы Сочи және 2018 жылы Пхенчхандағы ойындарда атой салған. Күміс медальды ре­сейлік Александр Большунов иеленсе, норвегиялық Йоханнес Хесфлот Клебо қолаға қол созды. Осы жарыста сынға түскен Қазақстанның қос шаң­ғышысының өнері көңілден шықпады. Виталий Пухкало 25-орынды еншілесе, Евгений Величко 40-орында қалып қойды.

Биатлоншылардың спринтінде негізгі бәсекелестік Скандинавия түбегінің қос сұлуы – 31 жастағы норвегиялық Марте Олсбю-Ройселанн мен 22 жасар швециялық Эльвира Эберг арасында өрбіді. Екеуі біразға дейін тартыс­ты. Нәтижесінде, тәжірибелі Олсбю-Рой­селанн көздеген мақсатына қол жет­кізіп, алтыннан алқа тақты. Эдберг екін­ші орынды қанағат тұтса, италиялық Доро­тея Вирер үшінші сатыға табан тіреді. Отандастарымыз арасынан тек Га­лина Вишневская-Шепоренко жарыс жо­лына шықты. Ол 52-орынға тұрақтады.

Шаңғымен трамплиннен секіру­шіле­ріміз де сенім үдесінен шыға алмады. Ере­жеге сай жарыстың финалдық бөлігіне тек үздік 50 спортшы ғана жолдама алады. Өкінішке қарай, жерлестеріміз белгіленген межеден көріне алмады. Бұл бәсекеде Данил Васильев 51-сатыға жайғасса, Сер­гей Ткаченко 54-орында тұрақтады.

Сенбіде алты жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан құрама командасының мүшелері үш спорт түрінен сынға түсті. Шаңғышылардың 4х5 шақырымдық эстафетасында құра­мында Надежда Степашкина, Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга және Валерия Тюленева бар отандастарымыз жарысты 15-орынмен қоры­тындылады. Бұл бәсекеде Ресейдің екпініне ешкім шыдай алмады. Екінші және үшінші орындарды Германия мен Швеция иемденді.

Конькишілер бәсекесін жергілікті жанкүйерлер тағатсыздана күтті. Себебі сол жарыста күллі Қытайдың мақ­танышы Гао Тинью бақ сынады. Бұл спортшыға бекер сенім артылмаған екен. 500 метрлік қашықтықты 34,32 секундта жүгіріп өткен ол бас жүлдені ол­жалаумен қатар, олимпиадалық ре­кордты жаңартты. Кореялық Ча Мин Кю күміс медальды мойнында жар­қыратса, жапониялық Морисиге Ватару қола жүлдені еншіледі. Осы жайт­тың өзі қысқа қашықтықта Азия құрлығы өкілдерінің алдына ешкім түсе алмайтынын аңғартты. Біздің Иван Аржанников 35.82 секундтық көр­сеткіш­пен 28-орынға табан тіреді.

Биатлоншылардың 10 шақырымдық спринтінде Қазақстанның намысын Владислав Киреев пен Александр Мухин қорғады. Бірақ екеуінен де қайыр болмады. Мухин 49-орын алса, Киреев 77-сатыға жайғасты. Спорттың бұл тү­рінде ағайынды Белердің бағы жанды. 28 жастағы Йоханнес осы Олимпиадада екінші мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, оның туған аға­сы Тарьей қола медальды иеленді. 33 жастағы норвегиялық спортшы ғаламдық доданың алғашқы алтынына осыдан 12 жыл бұрын Ванкуверде қол жеткізген бола­тын. Одан бөлек, Тарьей Бенің қор­жынында әлем чемпионатының 11 алтыны, 2 күмісі және 8 қоласы бар. Енді аға­сының жеңісті жолын жалғастыруға Йохан­нес ерекше құлшыныспен кірісті. Фран­цияның беткеұстары Кентен Фийон Майе қола жүлдені қанжығасына байлады.

Сөз орайы келгенде, Семен Елис­тратов жайында бір-екі ауыз сөз айта кетсек, еш айыбы жоқ деп ойлаймыз. 31 жастағы Ресейдің шорт-трек ше­бері 1500 метрлік қашықтықта қола медальды иеленді. Ол соңғы кездері өзі­нің жеке жаттықтырушысы, бұл күндері Қазақстан ұлттық құрамасының кеңесші-бапкері қызметін атқарып отырған Андрей Мак­симовпен бірге біздің елде жаттығып жүр. Бейжіңдегі бәсекеден кейін ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Мен қо­нақжай қазақ халқына басымды иіп тұрып, алғыс айтқым келеді. Олимпия ойындары қарсаңында олар біздің еш алаңсыз жаттығуымыз үшін қолайлы жағдайдың барлығын жасады. Ұлттық Олимпиада комитетіне де ризашылығым шексіз. Сол себепті де менің Бейжіңдегі медалім барлығымызға ортақ. Шорт-трек спорты Қазақстанда да қарыштап дамып келеді. Соған мен қатты қуанып отырмын. Әсіресе Әділ Ғалиахметовке ризамын. Бұл – оның алғашқы Олимпиадасы. Мен оған «Әділ, ерінбей еңбектен, сонда сен де жеңіс тұғырына көтерілесің. Сен жассың, келешекте әлі талай белестерді бағындырасың. Барлығы да еңбек пен табандылық арқылы келеді», деп сан қайталаудан жалыққан емеспін. Басқа да жігіттердің аяқалысы қуантады. Дәл осы команда келешекте толағай табыстарға қол жеткізетініне сенімдімін», деп Семен ақтарыла сөйледі.

Жексенбіге дейінгі жағдайға келсек, Германия мен Норвегия құрамалары жалпыкомандалық есепте көш басында қатар келеді. Немістер 8 алтын, 5 күміс және 1 қоланы олжаласа, скан­дина­­виялықтар 8 алтын, 3 күміс және 6 қо­ланы еншіледі. Осы қос мемлекет өкіл­дерінің қайсы сурылып шығатыны алдағы күндері белгілі болады. Үшінші орындағы АҚШ спортшыларының 13 (5 алтын+5 күміс+1 қола) жүлдесі бар. Төртінші және бесінші сатыларға Нидерланд (5+4+2) пен Швецияның (5+2+3) өрендері жайғасты. Сондай-ақ «ТОП-10» команданың қатарында Аустрия (4+6+4), Қытай (4+3+1), Ресей (3+4+6), Италия (2+5+4) және Жапония (2+3+5) құрамалары бар.

Соңғы жаңалықтар