Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Өмірде де солай. Бекетай құмы ішінде Махамбет аз-кем өткенді есіне алған пішінде. Ыза-кек қайнауы ішінде. Не бітіреді, құм далада күрсінгеннен? Пендесін ақылынан адастырмайтын еркіндіктің айдау жолы тіптен жоқ болғаны ма тереңге түсердей шешінгенмен? Қараны айтпағанда хан неге адасады, өзінің жөнсізін білмегенсіп әдейі жөн деп неге таласады? Тұйықтан шығаратын дала даналарының ақылы қайда, ілгеріні кейін тартатындай сұмдықты түсінбегені өкінішті, сабыр сақтауға миы жетпегені несі? «Бас көтергендерді су түбіне батырам, өлімші етуге езгінің түр-түрімен есі-түсін шығарып, тәж-тағымның жарық таңын атырам, бәрі де жүзеге оңай асады, қорқақтары бас сауғалап қашады», деп ел-жұртының, туыс-туғанының қанды қырғынға баруына жол бергені неліктен? Көп жақсылығын бір жамандық жуып, шайып кететіндігін ескермеді ме? Ей, ғасырдан асыл туса да, еркіндікке белін буса да көксегеніне қол жетпеді. Жер дауының қантөгіссіз болмайтынын хан білмеді, отарлау жұтпасына жұтылып кететінін алдын ала аңғармады дей алмайсың. Ақылға құлақ аспауында құпия зымияндық бар. Еркіндіктің қолын байлады, қан ішуге де тоймады. Қара жердің топырағы түбінде бәрінің де бетін жасырады, бірақ өрмекшінің торындай қулық-сұмдықтың да арты ашылады. Келер күн, атар таң бар, келер ұрпақ зұлымдық пен ұлылықты, ақ пен қараны аңғарар деп, Махамбет ауыл, ел арасында жүргендей ойларын жатарда тағы да есіне алды. Мазасыз ойдан қажып барып мызғып кеткен батыр соңғы жылдары басқан қадамы аңдуға түскесін сақ ұйықтайды, бейсауат адамды жанына жуытпайды. Хан-сұлтандардың қаһарының халық көтерілісінен кейін бұрынғыдан бетер ушыққанына да араласпайды, у-шу, айтыс-тартыс, жылаған-сықтағанды жұбатуға да селқостығы байқалады. Үстемдік иелері теңдікті аяқасты таптап, талап, езгіні күшейткеніне, елді тоз-тоз еткеніне сезімі ғана шайқалады. Бірақ бармағын тістеп кіжінумен, тағдыры қара домбырадан төгілетін күймен өрнектейді, асқақ жырларымен бейнелейді. Басқаға қайран жоқ, адалдық жолдан тайған көп. Сатқындыққа бас иіп, алақанын жайған көп. Сұлтан елірді, хан халқынан жерінді, туыс-туғаннан мұжық жақын көрінді. Халық көтерілісіндегі сұрапыл қырғын талай-талай асылдардан айырды. Тектіден жақсы туатын қағиданың қанатын қайырды. Ата-бабаның сүйегі жатқан киелі жерлерде мұжықтардың шошқасы сайран салды. Құйқалы өңірді ойып алды. Қарсыласқанның көзін жойды.
Дыраусыған, ісініп кепкен сұлтан Баймағамбет Айшуақов: «Қимылдасаңдар, қиып түсемін, Сібірге қойша шұбыртып айдатамын, қолыңды шынжырмен байлатамын, шаңырағыңды қиратамын», деп тасынды. Бірде ақ сақалды Абыз күңіреніп тұрып: «Дұшпанды алыстан іздеме, өзі келеді, қасыңнан да табылып араша талап жабылады, жамандыққа қарғыс та дарымас. Дұшпандық туыс-туғанын да танымас», деп еді. Махамбет: «Даусыз екен айтқаны, құрылған екен-ау зұлымдықтың қасқыр қақпаны. Есіріп, есекше өкіріп дүлейленіп жатқаны, сатқындық болар қорқақтардың баққаны, зұлымдық болар тапқаны», деген-ді. Бірақ батыр оңайлықпен сынғысы жоқ. Махамбет үйде омалып отыра да алмайды, Баймағамбеттің елден олжалаған байлығына тым оңазалығын өткір өлеңмен толғайды.
«Ата дұшпан сен едің,
Ата жауың мен едім.
Қайраңнан алған шабақтай,
Тамағыма қылқаның
кетер демес ем»,
деп аяқталатын ұзақ толғауын жазды. Дұшпандықтың көрін сөзбен қазды. Бір Алла қолдағай деді, мезгілге жолдама деді, өткір үнім жетсе ұрпаққа, ақылға салып толғанар деді. Жәңгір ханға отарлаудың астарлы түйінін айтпады ма? Айтты. Қандай көрге түсіретінін аңғартатындай етіп дәлелдеп жеткізді. «Мұжықтардың жерді алғаны – қызыңа, қатыныңа қолды салғаны. Отарлау аждаһасының екі жұтып, бір талмары, ұрпағыңды құл, күң етіп жалмары анық. Зұлымдықтың дауылы, халыққа ауыр салмағы, хош көрмейді ісіңді, ата-баба аруағы. Көзінен қанды жас аққан әлсіз кедейлер, білсеңші, желкең қиылсын, деп қарғайды. Айтқанға елең етпесең, қаруға жүгінер халқың бар, еркек емес ертеңгі ұлы істен тартынған», десе де үстемдіктің буына еліріп, байлықты көтере алмай желіккен жат бірмойын пікірінен қайтты ма? Жоқ. Сонда Махамбет күңірене толғанып, «Нұралыдан қалған көп тентек, бүлдірмегей еді елімді», деп асыл ойын жырмен терді. Үстемдік пен әлсіздік, езуші мен езілуші, тәж, тақ, құлдықтың аражігі біржола ашылды. Адамдық қасиет билеушінің табанына басылды. Соны жүрегімен түйген, жазықсыз қантөгісті кешіре алмаған ақын: «Алтын тақты хандардың хандығынан не пайда? Қаріп пенен қасірет туралы ісі болмаса», деп келер ұрпаққа аманат та қойған-ды. Бірде батыр, ақын, күйші Махамбеттің әкесі Өтеміс жұпыны киіммен жүзі сынық, өкініші қалың күйде түсіне енеді: мен елімнің жетім-жесірінің қабағын шытқызбай, еңбегінің қанын ұйытқызбай, тамағын тоқ, киімін бүтін етіп едім. Алғыс алып, арманыма жетіп едім. Халықтан қарғыс алмай, алғыс алдым. Елдің дұшпаны, халқын күйзелтуші іштен шыққаны – Құдайдан қорықпаған-дық, – дейді де: – Көрінген сондайдан Сары ат тауы, қазақтың маңдайында жанат тауы, көзі шыққыр Жәңгір хан көрмей ме, мұжықтары өз жерінің маңына жолатпауын, жер құнарынан айырылған көп, жұпынылардың күні қараңға айналған ба?» Сонда Махамбет аруақ үніне: «Мені елден айырған хан Жәңгірдің екпіні, Айтып-айтпай немене? Құсалықпен өтті ғой, Махамбеттің көп күні», демеді деймісің.
Ұлт-азаттық көтерілісінің жеңілісінен кейін патшаға ант беріп, шапанның шалғайынан «шапағат» алған Жәңгір елдегі ер-азаматтарды қойша көгендеп, Орынбор түрмесіне айдатып жатты. 1836 жылы 14 қаңтарда Орынбор басшыларына Жәңгір: «Исатай түзелмейтін зұлым Махамбеттің ықпалында жүр», деп жазған. Хан мен патша қысымы үрейлендірді. Ботадай боздаған халық зары ғасырлар қойнауында атадан балаға жазылмас жара, айықпас дерттей мұң-шер болып сақталып қалды. Ақын түні бойы көз ілмей шықты. Ұлы Нұрсұлтанның ашық қалған жамылғысын жөндейді. Арманы – қайғының қалың бұлты ұрпақ басына төнбеуін тілейді. Көтерілістің оңбай жеңілуі – оқу-білімнің тапшылығынан», – деп ой түйеді. «Білімді болса, қарудың неше түрін жасар еді, қорғаныс тәсілін меңгеріп, жеңіске қадам басар еді», деп күбірлейді кейде. Толып жатқан түсініксіз әрі мазасыз ойлармен жатып, қайта мызғиды. Түс көреді, буалдыр перде, Жайық дария бетінде кілкілдеп ұйыған қан, өзен жағасында аш-арық жетім-жесірлер, «егізде екі болмағыр, Жәңгір, қан ішерсің, барымташысың, желкең қиылсын, тамұқтың отына күй!» деп жағасына жармасып қарғыстарын төгіп жатады екен, оған хан елең етпейді. Қылышын олай бір, бұлай бір сілтеп, шабылған бастарды тепкілеп, мұжықтардың қайқы бас қайығына жармасады екен.
Қанды суды қақ жарып кетіп бара жатыр, қолымен қанның дәмін татып: «тұщы екен, тұщы», деп ырқ-ырқ күледі, зар-наламен тірлігінен түңілгенде ертеңгі келер күнге ақыл жіберіп, шындыққа үңілгендер: «жеріңді жатқа бердің, ажалың жаттан болсын, қара шаңырағыңды қайғы бұлты торласын», деп күңіренгені төбе-құйқаны шымырлатады. Кенет өзен беті кібіртіктеп, шөлмекше шытынай жарылып кетіп, соның дәл орта тұсында өзінің сенімді мұжығына шашын алдырып отырған Жәңгір көрінді. Бір сәтте мұжық өткір ұстарамен оның желке тамырын қиып жіберіп, пышаққа жұққан қанын жалап: «ханның қаны тәтті екен», десе, анадай жерде жатқан бас шыңғырып, «мені жұмаққа жібер, алданып, арандап қалдым», дейді. Дәл сол тұста Махамбет: «Халқына қайырсыз ханға обал жоқ, тірлігің тынар зауал боп», дей келіп: «Тайманның ұлы Исатай ағайынның басы еді, алтын ердің қасы еді, Исатайды өлтіріп, қырсық та шалған біздің ел», деп ойға шомып, қорқынышты көріністен құтылғысы келеді.
Бір сәт Жаратқаннан мейірім тілеп, елдіктің тірегі болар сөз өнері мен күй өнеріне өзін жұбатып еді. Тілегі қабыл болып, сақылдаған өршіл үні биік-биіктерге парлап ұшып барады екен. Еркіндік елдің қайырлы қонысына жұғысты болғай! — деп күбірлейді. Оң жағына аударылып, ұйқысын жалғады. Кенет манағы түсінде қылышымен қиылып домалаған бас өзінікі болып шықты. Тізесінің үстінде, мойнына қарап жай езу тартты. Ер жігіт өлер жеріне күліп барады дегені ме? Ерні күбірлеп сөйлеуге батылы бармайтындай күйде. Қан ағып жатыр...
Махамбет ұйқысынан тағы да шошып оянды. «Тіфә, пәлекет, түсім екен, қырғын соғыста айдалада шашылып қалған адам бастары ма? Санада қалғаны қайталана береді екен-ау», деп өзінің түсін өзі көңілі әр тарапқа кетсе де жамандыққа жорымай, жұбатқан болды. Сыртта жел ызыңдайды: «Жеріңді, күнкөрісіңді көпсінген ханға ердің құны не, тәйірі. Патша өкіметі Исатайдың басын кескен Кәпен, Жапар, Сәтбайға 125 сомды тең бөліп бергенін естімеген шығарсың. Баймағамбеттің қарғыс арқалаған жансызы тірі ғой, сенің басыңа 2000 сом ақша жариялап Қарауыл қожа мен Баймағамбет сұлтанға мықтап тапсырды, сақ бол!» дейтін тәрізді. Ақын ойға шомды. «Сүйініштің ұлы Қазтуған туған жерін қия алмай, Еділ менен Жайықтың арасына сыя алмай, қонысын жаспен жуған жер», деген жалынды сөз жанын жеді ме? Үстемдік иесі хан-сұлтандар шетінен: «адамдар неғұрлым қорлық көрген сайын өзін бақыттымын деп сезіне ме? Жә, ібілістің айтағы да құрып тынар, түсінетін күн туар. Әзірге ошағының үш бұты аман, от жанып жатыр, отын салмаса, сөнеді, демек оттың да ажалы бар», деп кешегі түсін, ой желісін жүйелеп отырғанда сырттан дүбірлеген ат тұяғының дыбысы естілді. Батыр қара қостағы қаруына жармасып: «Бұл кім, ей?» деп дауыстады. Іңір қараңғысындағы үш-төрт салт аттының бірі:
– Оу, жиен, нағашыңды танымайсың ба? Мен ғой, – дейді.
– Тәңір атқыр, түнде жортуылдап, не жүріс? – дейді. Түсі қашқандардың екеуі үйге кіріп, бірқатар ой айтып, бірінің сөзін бірі қағып алып, әзілге де жеңдіріп отырды. Адамдармен әңгімені сағынған ақын жүрегі секемсіз еді.
Содан бір сәтте өзінің басы алдына түсіп, мойнымен сөйлесіп тұрғандай болған түсін айтып еді. Сол сәт нағашысы: «Ой, жиен, түс – түлкінің боғы», дей беріп, Махамбеттің мойнын бұрғызбай үстіне қонжия кетті. Сөйтіп, үшеулеп алыса-жұлыса далаға шықты. Сырттағы біреуі тағы жабылып, жылқының желісіне таман сүйреп барды да, қылышпен басын шапты... «Батыр аңқау келеді» дегендей, бала кезімде Махамбеттің қапыда дүниеден озғанын қариялар аңыз етіп: «Ой, Алла, қасірет бала-шағамнан аулақ!» деп ақынның зар үні ауада қалқып, біраз жерге естіліп жатыпты», десетін. Кейбір аңызда Махамбеттің басын Жүсіп Өтеулиев шапты десе, екіншілері Ықылас Төлеев Махамбетпен дос, туысқан болып жүріп, өлтірді деседі.
Ал Бөкей Ордасының ең шұрайлы жерін князь Юсупов пен граф Безбородоктарға сыйлаған халықты феодалдар от ауыз, тұяқ ақы тәрізді салықтармен тонағанға шыдамаған шаруалар көтерілісі де жеңіске жеткен жоқ, Отарлық езгі бұрынғыдан да күшті жанши түсті. Жәңгір өлгенде Николай патша «шын берілген, өте берілген адам еді, аянышты» деуі тегін емес. Сөйтіп, халқымыздың азаттығы үшін алысқан батыры, ақ иық ақыны, асқан күйшісі Махамбеттің басы да іштен шыққан қандыауыз дұшпандардың, сатқындардың кесірінен құнсыз кетіпті.
– Жоқ, Махамбет қаншама жылдар өтсе де, ұрпаққа өлмейтін есімін қалдырды. Оның өршіл үнді жаны – тірі, заманнан озған өнерлі салтын біреу болмаса, біреу қайталап тірілтер, – деуші еді. Махамбет хақында талай қаламгерлер шығарма жазды. Поэзия алыптарының бірі Ілияс Жансүгіров «Исатай-Махамбет» пьесасын жазып, үлкен шығармаға жоспар құрғанын, көптеген зерттеу дерегінің қолжазбасы ертеректе баспасөз беттерінде жарияланды. Онда еркіндікті аңсаған жарық жұлдыздардың бірі Махамбеттің арманы хақында замандас ақын-жыраулардың бірі бала Ораздың: «Исатай мен Махамбет он таңбалы Оралға, қырық таңбалы Қырымға, атағы кеткен ер еді, хан Жәңгірдің қорлығына көнбеген» дегені бар. Ал ақын-жыршылар Шәңгерей Бөкеев, Шынияз Шынайұлы, Қашқынбай Қожамбетұлы, Шернияз Жарылғасұлының құнды деректері Махамбет бейнесін биіктете түседі. Атақты күйшілердің біразы Махамбет күйлерін халық жадында қалдырды.
Тағы да шегіністі ойды сабақтасақ, сұрапыл соғыс жылдарында күйші, жыршы, әнші келсе, біздің «Қаракөл» ауылындағы туыстарымыз бір үйге жиналып таңды таңға ұрып, әңгімелерін ұйып тыңдайтын еді. Сондай бір отырыс Жұмабай Кіржағалов ағамыздың үйінде болды. Бүйрек құмындағы елден келген өнер үздігі Сираж адамның сайсүйегін сырқырататын күйлерді бірінен соң бірін тартып болып: «Қайран Махамбет-ай», деп тоқтаушы еді. Отырғандар кейде Өтемістен он ағайынды бола тұра «Махамбет қалай қорғаусыз қалды?» дейтін-ді. «Аңдыған жау алмай қоймайды» дегендей, ұлт-азаттық шаруалар көтерілісіне қатысқан Есмайыл Өтемісұлын Гекке деген қанішер аяқ-қолын кісендеп, Сібірге айдайды, Қожахмет, Сүлеймен және тағы басқаларын түрмеге тығады. Махамбеттің анасы Құспан өте ақылды, батыр тұлғалы, ер жүрек, көтеріліске тікелей қатысып, азық-түлік жеткізіп жүргенінде екі-үш қарсыласын қылышпен қағып түсіре беретін батыр еді дейді айтушылар. Демек бұл көтеріліс патша басқыншыларының иманын ұшырып, орасан мол шығынға батырған. Оның қайтадан бас көтеруінен қатты қорыққан. Осы тұста «Махамбет отбасын аман сақтау мақсатында өзі қара қос тігіп, сыбай-сылтаң жүрсе керек», деген аңыз-әңгімелердің де жаны бар сықылды. «Қансорғыш Баймағамбет, Жәңгірлер елін тонап, талауымен мың жасаған жоқ шығар. Қай қазақтың қолына бақыт құсын қондырды дейсің. Жәңгір де өлді, байлығы ажалына араша болған жоқ, «Қой, ешкісі 17 мың 97 бас, ірі қара – 719, түйе – 232, жылқы – 4 274, ақша – 13 404» (ф. 2350. л. 92-93 об. копия). Демек Исатай, Махамбеттің көтерілісінің шығу себебі ханның өзінен бастап қолшоқпарлары қара халықты тонап аштыққа ұрындырып, Дальдың жазбасында ашыққандар ер балаларын 76 рубльге сатып жатқаны айтылса, одан артық зұлымдық, қастандық болар ма? Елін зар қақсатып олжалаған байлық қай үстемдік иесінің қолына бақыт құсын қондырды дейсің. «Балықшы байымайды көлден алған, етікші байымайды елден алған, маңдай тер, табан етің болмаған соң, желменен кетеді екен желден алған», депті аталарымыз. Ал ақын есімі – мәңгілік, оның асыл сөздерін мәңгілік кір шалмас», деп Жұмабай Кіржағалов Махамбет туралы аңыздарға жүрегі жылап отырушы еді. Сонда Сираж ауыр толғанып: «Халқымыз аман тұрса, Махамбет сынды батырын, ұлы өнерлерін төбеге көтереді. «Ұрпақ аман болсын!» деген Махамбеттің ақтық тілегі, ақырғы сөзі жер тұрғанша тұрар», деп домбыра шанағына Махамбеттің «Қайран Нарын», «Өкініш» күйлерін төгілтіп еді.
Махамбеттің хан билігінің кедейлерді өлімші етуі, соның қырсығынан өлімші болған кедейлердің ұлдарын орыстарға сатып жатқанына, ешкісінің сүтіне дейін тартып алғанына Махамбет қалай шыдасын. Хан да, сұлтан да өмірден өтті, жер жұтты. Ажалына байлығы, билігі араша түспеді, ал Махамбеттің өршіл үні тасқын күйлері, ғасырдан ғасырға жетті. Махамбет тірі.
Табыл ҚҰЛИЯС,
жазушы