Аймақтар • 17 Ақпан, 2022

Президент тапсырды, сең қозғалды

1001 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке заңсыз шетел асып кеткен қаржы мен сол жақта сатып алынған активтерді елге қайтару бойынша ұсыныстарды екі ай ішінде дайындауға тапсырма берді. Президент айтқан мерзімге аз уақыт қалды. Алайда Министрлер кабинетінің экономикалық блогы офшорға кеткен ақшаны қандай жолмен қайтаратынын әзірше жариялай қойған жоқ. Дегенмен де сең қозғалды.

Президент тапсырды, сең қозғалды

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «ЕQ»

Офшор мәселесі тек бізде емес, алпауыт мемлекеттерде де дауға айнал­ғалы қашан?! Foreign Policy мәлімет­тері бойынша, 2020 жылы офшор ке­ңіс­тігінде шамамен 36 трлн доллар бол­ған. Бұл әлемдік байлықтың 12 пайызы. БАӘ азаматтарының – 70 пайызы, Ресей­дің ең бай адамдарының – 50 пайы­зы, ЕО резиденттерінің 15 пайызы жеке бай­лықтарын «салық жұмағында» сақ­тайды. Сарапшылар бұл дерек алдағы уақыт­та өспесе, азаймайтынын айтып отыр.

Біздің елде офшор тақырыбы ашық түрде 2010 жылдан бастап айтыла бас­­­тады. 2013 жылдың тамыз айын­да сол кездегі Премьер-Министр С.Ах­метов эко­номиканы офшорсыз­дан­дыру­­мен ай­налысатын жұмыс тобын құрды. 2016 жылы «Үлкен жиыр­малық» (G20) елдерінің қаржы ми­нистрлері Вашингтонда өткен отырыс­та күмәнді ақшаны заң­дастыру мақ­сатында офшорлық қар­жы индус­трия­сы жүйесін реттеуге бағыт­тал­ған қадам­дарды мақұлдады. 2017 жыл­дың қаңтар айында Қазақстан Эко­но­мика­лық ынтымақтастық және даму ұйымы­ның табысты сыртқа алып шығу­ға қарсы күрес жобасына қатысты. Бұл құжатта ішкі заңнамаға өзгерістер енгізу, бағаны белгілеу, трансферт жөнін­дегі халықаралық келісімге қосы­лу, дүниежүзілік салық мәселесі мен ақ­парат алмасу сынды мәселелер қамтыл­ды. Демек, әлемнің кез келген нүкте­сін­дегі жасырын қаржыны суырып алуға өзіміздің заң да, біз қол қойған халық­аралық келісімдер де мүмкіндік береді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов былтыр шілде айында Қазақстан ақпаратты жаңарту туралы халықаралық келісімге қол қой­ға­нын мәлімдеді. Бұл келісім бойын­ша Қазақстан Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымының бүкіләлем­дік автоматты салық жүйесіне қосылады. «Жемқорлық пен көлеңкелі бизнестен пайда табу аясы уақыт өткен сайын тарылып келеді» дегенге біз де, Үкімет те сендік. Бірақ оның бағыты уақытпен бірге қырық құбылып кеткені, экономикалық емес, саяси-олигополиялық бояуының «қалыңдап» кеткені жақында белгілі болды. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов соңғы 25 жылда елімізден шетелдік офшорларға шамамен 140-160 млрд доллар шығарылғанын айтқан болатын. Екінші деңгейлі банктер тек қаңтар айында шетелге мол қар­жы аудару­ға әрекеттенген 200-дей әре­кетті тоқ­т­ат­қанын ресми орындар рас­тайды. Ал «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Пе­руашев әлемде офшордың кеңістігі тарылып келе жатқанын айтады.

Жалпы, 2004-2013 жылдар аралы­ғында біздің елден офшорларға барлығы 167 млрд доллардан астам қаражат ш­ы­ға­рылды. Ал одан бергі жылдардағы де­рек­терде әртүрлі мәліметтер айтылады.

А.Перуашев айтып өткендей, Қазақ­станның АҚШ, Ұлыбританиямен заңсыз активтер жайлы ақпарат алмасу туралы келісімі бар. Тіпті Швейцария елі де офшорды жариялауға ден қо­йып жатыр. «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкіл­дері­мен кездесуінде барлық саланы жап­пай олигополия жайлап ал­ғанын, жаңа бет­бұрыстардың бағыты айқын­да­ла­ты­нын, қаражаттың офшор­ларға кетуіне жол бермейтін тосқауылдар қойы­латы­нын айтты. Қазір Қазақ­стан­ның ғана емес, әлемнің қалтасы офшор­ға жырымдалудан шаршады. Мен офшор­дағы қаржыны елге қайтару үш бағыт­пен жүрсе деймін. Бірінші кезеңде мем­лекет­­тік қызметте жүріп, офшордан пана тапқан тұлғалар табысының қандай жол­мен келгенін ел алдында дәлелдесін. Мем­лекет басшысы айтып өткен іштегі биз­несті олигополияның қысымында тұншық­тырып келген топ – осылар. Олар лауазы­мын немесе лауазымды қызметте отыр­ған туыстарының ықпалын пайдала­нып, бизнесті тұншықтырып келді. Офшордың біздің елге қатысты сегмен­тін осы топтан тазартсақ, өзге қаржының елге қайтуы күшпен емес, эволюциялық жолмен жүреді», дейді А.Перуашев.

Қазақстаннан жеке ұшақтармен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны шетел­дегі есепшоттарға аударғаны туралы ресми емес ақпарат бар. Мұндай дерек­ті екінші деңгейлі банктер де растай­ды. Тек қаңтар айында ЕДБ шетелге ірі көлем­де ақша аудармақ болған 200 опе­ра­цияға рұқсат бермеген.

Ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлей­­меновтің айтуынша, офшор ай­ма­ғы әлем үшін жаңалық емес. Әлем қа­зы­на­сының кемінде 12 пайызы офшорда жасырынып жатыр. Қазақстандық олигархтардың офшордағы қаржысы емес, жылжымайтын мүлік түріндегі активтерінің заңсыз жолмен келгенін АҚШ, Ұлыбритания тәрізді алпауыт мем­лекеттер кезінде білді, бірақ жолын кеспеді. Қазақ билігінің офшорға қатыс­ты ұстанымының декларативті сипаты басым болып келді. Бұл тәсіл кезінде өзін өзі ақтады. Себебі офшор олигархтарға табысын жасырын ұстауға мүмкіндік берді. Мемлекет тапқан табыстың қайда жұмсалғанын жариялау туралы талап қойған жоқ. Халық Үкімет күресіп жатыр деп сенді, Үкімет сендірдік деп ойлады. О.Сүлейменов ендігі жерде офшордағы қаржының қайтарылуына алдымен мемлекет мүдделі болуы тиіс екенін айтты. «Елде бұл мәселенің жариялы түрде айтылып келе жатқанына он бес жылдай болды. Бірнеше рет шетелдегі капиталға кеші­рім жасалды. Бірақ оның нәтижесі аз болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке екі ай ішінде қар­ж­ыны кері қайтарудың жоспарын жасауды тапсырғаны туралы естідім. Олар банктер арқылы, банктегі жеке есепшоттар арқылы кетті. Әрбір транзакцияның тарихы, қашан жіберілгені туралы дерек сақталады. Сондықтан оны қадағалау, ізіне түсу, табу қиын шаруа емес. Үкі­мет­тің экономикалық блогы капиталды қай­тару ғана емес, қайтқан қаржыны жұмыс істететін механизмдер жайлы ойлауы тиіс. Бұған дейін де бұл мәселе талай көтерілді. Бірақ нәтижелі болғаны шамалы. Себебі, бизнес билікке сенбеді», дейді О.Сүлейменов.

Сарапшылар офшор тақырыбының соңғы кезде тым саясиланып кеткенін айтады. Ал кәсіпкерлер Қазақстанда ШОБ пен ірі бизнес арасында түсінбеу­шілік немесе текетірес жоқ деген ойға басымдық береді. Бұларды бір-бірі­нен бөлудің өзі қателік. Олар бар бол­ғаны бір-бірі­нің дамуына мүдделі экономи­калық жүйе. Қаржының сыртқа кетіп қалуына нарық­тың деформациясы ғана кінәлі. Нарық қолдағы қаржыны қажетті салаға жұм­сайтын экономикалық тетік­терді, инвес­ти­циялық жайлылықты қалып­тас­тыра алмады. Кезінде бизнесмен­дерден Марғұлан Сейсембаев баста­ған кәсіп­керлер ғана офшорлық тізімге қа­тыс­ты алғашқылардың қатарын­да түсінік бергенін ұмыта қойған жоқ­пыз. Алайда бизнес өкілдері кезінде оф­шор­лық компанияларға қаржы құйға­нын, бірақ мемлекеттік қызметке, салық заңнама­ларына қайшы келетін заңсыз­дықтар болмағанын алға тартады.

Сарапшылар офшорлық компания­ларды құру заңға қайшы емес екенін, бірақ олардың арасында мемлекеттік қыз­метте жүріп, табысын тыққан тұлға­лардың бой көрсеткенін әлемнің ешбір заңы құп көрмейтінін айтады. Сон­дықтан экономист Петр Своик ақша­сын жасырған мемлекеттік лауазым­да­ғы­­лардың бәрі табысы қайдан келгені жөнінде есеп беруі тиіс деп есеп­тейді. Себебі, қаржысын офшорда жасыр­ғандар, бірінші кезекте салықтан үнем­деуге тырысады. Ал мем­ле­кеттік қыз­метте жүргендердің мұн­дай әрекетке баруы – халық пен билік­тің арасындағы сенім­сіздік синдро­мын қалыңдатып жібе­ретін фактор. Сарап­шы­лардың біразы көлеңкелі бизнес пен салық заңы­ның солқылдақтығынан осындай жағдайға тап болғанымызды айтады.

Сарапшы Д.Кривошеев біздің елде офшорға қатысты түсініктің өзі аса сауат­ты емес екенін айтып берді. Тіпті кей­бір кәсіпкерлер мұны салықтан жал­тару­ға мүмкіндік беретін жайлы мекен деп қабыл­дайды. Ал оның бастапқы табиға­ты бизнеске ғана емес, билікке жақын адам­дарға да халықаралық арбитраж арқылы шешімдерді даулауға мүмкіндік беретін юрисдикция. Сарапшы айтып өткендей, біз офшор туралы сөз болғанда, ең алдымен «капитал неге елде қалмады, бұған қандай жағдайлар себеп болды?» деген сұрақтарға жа­уап іздеуіміз керек. «Салық жүйесінде қосарланған салықтың көп болуына байланысты осындай жағдайға тап болдық. Қаржыны елге әкелуге дайындықты заңды жетілдіруден бастау керек. Бұған билік мүдделі болуы тиіс.

Офшор кеңістігі бүгінге дейін әртүр­лі мақсатта қолданылып келді. Мыса­лы, Ұлыбритания ұзақ уақыт бойы Макма­фия заңы қабылданғанға дейін офшор­ға бейресми «баспана» беріп келіпті. Заңмен шектегеннен кейін ақшаның тазалығын тексеруге басымдық берілді. «Қазір офшордағы қаржы заңдардың, халықаралық келісімдердің тезіне түсіп, тазаланып келеді. Дегенмен олардың қылмыстық жолмен келгенін дөп басып анықтау қиын», деді Д.Кривошеев.

Сарапшылар дәл қазір Қазақстан үшін ақшаны елге қайтарудың сәті түсіп тұрғанын, Үкімет ендігі жерде қаржыны қай­тарудың жолын ғана емес, оны жұм­сау тетіктерін де мықтап ойлануы керек екенін айтады.

 

АЛМАТЫ