Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, қазақстандық үш аутсайдер (төмен деңгейлі) жоғары оқу орны сот шешімімен жұмысын тоқтатты. Бұл – Орталық Азия университеті, Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті және «Астана» университеті. Соңғы жылдары аты аталған жоғары оқу орындары министрліктің тапсырысы бойынша «Атамекен» ҰКП жүргізетін білім беру бағдарламаларының рейтингінде үнемі төмен позициядан көрінді. Осы үш университетте білім беру бағдарламаларының басым бөлігі жұмыс берушілердің талабына сай келген жоқ және білім алушылар арасында да сұранысқа ие болмаған.
Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова: «Мысалы, Орталық Азия университеті рейтингке 2019 жылы – 36, 2020 жылы – 37, 2021 жылы 11 білім беру бағдарламасы бойынша қатысты. Яғни көптеген бағдарлама бойынша түлектердің аздығына байланысты нәтиже көрсете алмады. Жабылған жоғары оқу орындары сапаны жақсарту бағытында жұмыс істеген жоқ, білім беру бағдарламаларына инвестиция салмады, практик-мамандарды қызметке тартпады. Талдау нәтижесіне сүйенсек, білім беру бағдарламалары бойынша рейтингі төмен жоғары оқу орындары қауіпті аймаққа түсетін университеттермен өзара байланыста болады. Нәтижесінде, аутсайдер жоғары оқу орындары лицензиясынан айырылып, білім беру қызметін тоқтатты», деді.
Министрліктің мәлімдеуінше, «Астана» университеті мен Ақтау гуманитарлық-техникалық университетінде дәл жоғарыдағыдай жағдай. Бұл жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының 70-75%-ы сапасы бойынша талаптарға және жұмыс берушілердің сұранысына сай болмады.
«Сонымен қатар қазір басқа жоғары оқу орындарын тексеру нәтижелері бойынша сот процестері жүріп жатыр. Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде педагогикалық және техникалық бағыт бойынша кадр даярлау жұмыс берушілердің талабына сай келмейді. Кадр даярлау сапасын жақсарту – маңызды мәселе. Егер бүгін университеттер тиісті талапқа сай болмаса, онда ертең біз білімі мен біліктілігі жұмыс берушілердің сұранысын қанағаттандырмайтын мамандарды даярлаймыз. Біз жоғары оқу орындарына олқылықтардың орнын толтыруға уақыт береміз, алайда олар түзетуге асықпайды. Осыған байланысты біз қатаң шара қолданамыз. Жоғары оқу орындары оқыту жағдайын, білім беру бағдарламаларын, сонымен қатар студенттердің түрлі мамандықты меңгеру дағдыларын жақсартуға жағдай жасауы тиіс. Олай болмаса, жоғары оқу орындары дипломдарды сапалы білім бермей-ақ үлестіреді», деп толықтырды Гүлзат Көбенова.
Соңғы үш жылда жұмыс берушілердің ЖОО-дағы білім беру бағдарламаларының сапасын бағалауын талдау нәтижесі жұмыс берушілер арасында маман даярлау сапасына көңілі толатынын көрсетті. Университеттердің білім беру бағдарламаларының 85%-ы жұмыс берушілермен келісілген. Қабылданған түзетулерге сәйкес, оқу жылының басынан бастап практик-мамандар тартылады.