Білім • 24 Ақпан, 2022

32 жатақхана пайдалануға беріледі

185 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Студенттердің жатақхана мәселесі күн тәртібінен түс­пей тұр. Бұл мәселені Үкімет мемлекет-жекеменшік әріптестігі арқылы шешіп келеді. Осындай жолмен биыл 11 057 орындық 32 жатақхана пайдалануға бе­ріл­мек. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық ком­му­никациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

32 жатақхана пайдалануға беріледі

 

Баспасөз конференциясында сөз алған «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимов:

– Өздеріңіз білетіндей, 2018 жылы Елбасы Н.Назарбаев Бес әлеуметтік бастамасын жариялаған болатын, солардың бірі студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған. Осы міндетке қол жеткізу үшін жекеменшік сектордың ауқымды қатысуын көздейтін мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі әзірленді. Қазіргі таңда елімізде студенттер тұру үшін 63 мыңнан аса орын-жай қажет. Бұл – мегаполистерден бастап облыстық маңызы бар қалаларға дейінгі еліміздің барлық өңіріне тән қажеттілік. Бұған дейін 30 630 орындық 124 жатақхана пайдалануға берілді. Сондай-ақ алдын ала жасалған шарттар, жергілікті бюджет қаражатынан нысаналы құрылыс, меншікті қаражат және демеушілік қаражат есебінен 2022 жылы 11 057 орындық 32 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр, – деді.

Спикердің айтуынша, жатақханалар салу жобасы мемлекеттік кәсіпкерлер үшін тапсырысты орналастырумен қатар қосымша табыс көзі бола алады. Өйткені студенттердің ай сайынғы тұру ақысы мемлекеттік тапсырыстың құнына кірмейді. Оның мөлшерін жатақхана иесі реттейді және нақты өңірдегі тұрғын үй нарығының жағдайымен анықталады. Сондай-ақ тұрмыстық қызмет көрсету үшін коммерциялық алаңдар (асхана, шаштараз, жаттығу залы және т.б.) жасауға мүмкіндік бар, олардың негізгі тұтынушылары өз тұрғындары болады.

– Тұтастай алғанда, барлық объектілер мен оны одан әрі пайдалану қолданыстағы құрылыс, өртке қарсы және санитарлық-эпидемиялық нормаларға қатаң сәйкестікте жүргізілуге тиіс. Қаржы орталығы үйлестіретін білім беру саласындағы әлеуметтік жобалардың тағы бірі – Қазақстанда 2013 жылдан бері іске асырылып келе жатқан Aqyl мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ). МБЖЖ республикамыздың кез келген азаматы үшін өзіне немесе баланың атына білім беру жинақтау салымын ашуға мүмкіндік береді. МБЖЖ-ның басты артықшылығы, салымдарға 9 пайызға дейінгі банк сыйақысынан бөлек мемлекеттен сыйлықақы есептеледі. Мемлекет сыйлықақысының жылдық мөлшері негізінен 5 пайызды, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобындағы азаматтарға 7 пайызды құрайды. Бірақ депозитті жұмсаудың қатаң тәртібі бар, жинақталған қаражатпен салымшы елімізде, сондай-ақ шетелде оқудың ақысын төлеуі тиіс, – деді А.Ибраимов.

ЖОО-ға немесе колледжге ақылы негізде оқуға түскеннен кейін салымшы депозит ашылған банкке ЖОО-мен немесе колледжбен жасалған шартты ұсынады, банк оқу ақысын салымшының шотынан тікелей білім беру ұйымына аударады. Егер оқудың барлық мерзіміне ақы төлегеннен кейін депозитте қаражат қалса, салымшының ақшаны түгелдей шығарып алуға құқығы бар.

– Ал бала грантқа түскен жағдайда салымшы: барлық қаражатты банк сыйақысымен және мемлекет сыйлықақысымен бірге алуға, қаражатты Қазақстан Республикасының азаматы болатын үшінші тұлғаның білім беру салымына аударуға, білім берудің басқа деңгейлеріне (магистратура) ақы төлеу үшін қаражат жинақтауды жалғастыруға құқылы. Аталған салым Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры тарапынан сақтандырылған (10 000 000 теңгеге дейін шектелген) және мемлекеттік органдар тарапынан кез келген тыйым салулар мен шектеулер қойылудан заңнамамен қорғалған. 2022 жылдың басында тіркелген дерек бойынша 21 139 салым бар, салымшылардан жалпы сомасы 30 734 235 мың теңгені құрады, – деді Қаржы орталығының басшысы.