Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Жанқожа Сапаровтың айтуынша, инспекция тарапынан арнайы топ құрылып, зерделеу жұмыстары барысында ұзындығы 1,2 шақырым, ені 16 метр болатын канал бойынан бірнеше ойық жасалып, судағы оттегі мөлшері 3,5 мг/дм³,
температура 2,5ºС екендігі анықталған.
Осы күні балықты сақтап қалу үшін қолдан оттегі беру жұмыстары қолға алынды. Оттегі жетіспеушілігінен бөлек балықтың қырылуына судың аздығы, екі каналдың ортасының бөлініп қалуы, мұздың қалыңдығы да әсер еткен.
– Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі қызметкерлері Сағынбай каналында 25 ойық жасап, мұз шұңқырларына қамыс салынды, – деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдос Аяғанов.
Тиісті орын өкілдері балықтан және судан алған сынама бойынша сараптама жұмыстарын бастап кетті.
Қызылорда облысы