Өнер • 28 Ақпан, 2022

Өткір мінезді «Өткел»

558 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде белгілі суретші Алмас Нұрғожаевтың «Өткел» атты көрмесі ашылды. Тынымсыз ізденісінен танбай, өзіндік дара қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген Алмас жаңа көрмесін ұстазы Игілік Құлбаевтың рухына арнаған. Экспозицияда мазмұны жағынан мағыналас жаңа жеті триптих топтастырылған.

Өткір мінезді «Өткел»

2019 жылы алғашқы көрмесі «Дебютпен» басталған Алмас бұл жолғы жеке көрмесін «Өткел» деп атауды жөн санаған. «Дебют» көрмесі жас қылқалам шеберінің дарыны мен табандылығын, шы­ғармашылықтағы даралығын көрсетті. Алмас Нұрғожаев қазақ­стандық талантты суретші, педагог Жұмақын Қайрамбаевтан дәріс алған. Шәкіртінің бойына сенім мен күш ұялатқан ұс­тазының көп жылдық еңбегі ақ­талды, Алмас өзіне ғана тән стиль қалыптастырды. Көрменің же­текшісі, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, өнертану кандидаты Екатерина Резникованың айтуынша, бүгінгі күні Алмастың шығармашылық болмысынан үлкен картиналардың монументалды үлгісін, суреткердің еркін толғанысын, әдейі дефор­мацияланған масштабтары бар фигуралардың күтпеген дина­ми­калық бұрыштарын, үнем, түс­тердің қайталанбас бояуын кө­руге болады. Осы сапаның бар­лығы оның алғашқы жеке көр­месінде-ақ байқалған болатын. Суретшінің кейінгі екі жылдағы ізденісі, даму қарқыны бүгінгі көрменің мазмұн-мәнін арттыра түскен. Кес­кіндемелердің үлкен форма­ты композицияны дамытып, күрделендіруге, ой­дың қозғалысын көрсетуге мүм­кіндік беретін триптихтермен алмасқан.

ат

Екатерина Резникова Алмас­тың әр жұмысына жеке тоқтала тұрып, суретші қиялынан туған экспозиция сюжеттеріндегі абс­тракция мен бейненің мазмұнын тарқатты. Бұл сюжет жеті көлемді триптихтен құралған. Олардың бесеуінде түпсана ойынына ұқ­сайтын сұйық және өткір формалар комбинация­сы, әсіресе қорқынышты түстер мен қиялды еске түсіретін тұрақсыз бейнелер басым. Адамның бейнесі бұл жерде тек көрінер-көрінбес бейнеленген. Ілгектері бар саусақтар және қозғалатын тізе-шынтағы бар антропоморф көріністер, сұр-сары түсті пішінді мазасыз құбыжық бейнелері мен пішіндері үрей туғызады. Суреттер өткір, сергек әрі мәнерлі болып көрінеді.

Қиял әлеміне енетін бес трип­тихтің қос қапталында ерекше туындылар орналасқан. Іші бос текше тәрізді лабиринттер па­нельді тұрғын үйлерді немесе Малевичтің қиялдарын еске тү­сіреді. Бір триптих – бір күн­нің аяқталып, қара-ақ-сұр түсті бұлыңғыр басқа әлемге енгенін көрсетеді. Одан кейін екі жыл бойы пандемия жағ­дайында өмір сүр­ген автордың өзінің және орта­сының басынан кешкен үрей мен драмаға толы сезімдері күшейіп, кейде әлсірегені бейнеленген. Ал басқа триптихтерде әлем қайтадан өз қалпына келіп, «ғажайып әрі қаһарлы әлем» қызыл-сары-ақ түс­ке енеді.

Суретші қиындыққа қарамас­тан, түпсанадағы көріністерді бей­нелеу, «қас қағым сәттерді тоқ­тату» сияқты шеберлікті өзіне міндет етіп қойған сияқты. Ол ме­тафизикалық және филосо­фия­лық проблемаларға мән берген. Бұл жерде болып жатқан оқиғадан гөрі, адамның қайғысы, өмір­дің жұмбағы, айналадағы құ­быластардың беймәлім болуы туралы рухани мәнге ие маз­мұн байқалады. Адамның ішкі күйінің тұрақсыздығы мен құбылмалылығы туындының «Өткел» деген атауға сұранып тұрғанын көрсетеді. Бұл – ке­ңіс­­­тіктегі топографиялық қоз­ға­­лыс қана емес, сонымен қа­тар үміттенуге құқық бере­тін бел­гі­сіздік шекарасы. Сурет­ші ше­­бер­лігіндегі алып-ұшқан құш­­тар­лық­қа, сезімнің күшіне, бей­­нелеу қар­қынына, еркін­дік­ке қарап, өз ісіне берілген мұн­дай мықты тұлға біздің өнер кеңіс­ті­гімізде көптен бері бол­маған десек, артық емес.

 

АЛМАТЫ