Қоғам • 01 Наурыз, 2022

Аутист-балалармен әдістемелік жұмысқа көмектеседі

507 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде аутизмі бар балалар саны жылдан жылға артып келеді. Мұндай ерекше бүлдіршіндерді тәрбиелеп отырған ата-аналар түгілі, олармен жұмыс істейтін арнайы мамандардың өзі қазақша әдістемелік кітаптардың жоқтығынан қиналады. Жақында осы олқылықтың орны толғандай. Қазақ тілінде жарық көрген аутистерді дамытуға арналған кітаптың 3 мың данасы ерекше балалармен жұмыс істейтін педагогтерге, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мамандарына тегін таратылмақ.

Аутист-балалармен әдістемелік жұмысқа көмектеседі

 

Осыған дейін Қазақстан бо­йынша балабақшалар мен мектептерде 46 инклюзияны қолдау кабинетін ашып, аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктер бар 600-ден аса баланың мектепке баруына жағдай жасаған «Болашақ» корпоративтік қоры ерекше балалармен жұмыс іс­тей­тін мамандарға арналған әдіс­те­мелік кітап шығарды. Орыс­ша­дан аударылып басылған бұл құрал ата-аналарға, дефектолог, логопед, психолог, педагогтер­ге ұсынылған. Түпнұсқада «Осо­бые дети. Введение в прикладной анализ поведения (АВА): принципы коррекции проблемного поведения и стратегии обу­чения детей с расстройствами аутистического спектра и другими особенностями развития» деп аталатын кітап кезінде мінез-құлықты қолданбалы талдаудың негізгі қағидаларын егжей-тегжейлі баяндайтын орыс тілін­дегі алғашқы оқу құралы болды. Енді қазақтілді сегментте де алғашқы әдістемелік оқулық болып тұр. Онда дамуында ерекшелігі бар балаларды үйретудің блоктар әдісі, тапсырмаларды қадаммен талдау, табиғи ортада үйрету, шейпинг секілді басқа да стратегиялары сипатталған. Кітаптың авторлары Юлия Эрц және Ольга Мелешкевич – сертификатталған мінез-құлық талдаушылары, мінез-құлықты қолданбалы тал­даудың кеңесшілері, мінез-құ­лықты қолданбалы талдау әдіс­те­рі мен стратегияла­рын қол­­дану саласындағы оқыту­шы­лар. Олар АҚШ, Израиль, Ресей, Украина, Грузия, Қазақстан және басқа елдердегі мінез-құлық ма­мандарының тәжірибесіне жетек­шілік етеді.

Кітапты аударып басуға «Шев­рон» компаниясы демеу­ші­лік көрсеткен. «Болашақ» қоры аталған компанияның қолдауымен кітаптың 3 мың данасын ерекше балалармен жұмыс істейтін педагогтерге, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мамандарына тегін таратпақ. Сонымен қатар кітап жоғары оқу орындарының арнайы педагогика және психология кафедраларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітап­ха­на­ла­рына таратылады.

«Болашақ» қоры қамқор­шы­лық кеңесінің төрайы­мы Динара Гаплан: «Осындай кітаптарды аудару арқылы қазақ тілді ма­мандарға әлемдік ғылыми қо­­ғам­дастық мойындаған тү­зе­ту педагогикасының озық әдіс­те­ріне қол жеткізуге мүм­кін­дік береміз. Демек Қазақ­стан­да ерекше балалармен жұмыс іс­теу­дің тиімділігін арт­тыру үшін анағұрлым көп жағ­дай жасалады. Кітаппен жұ­мыс кезінде мінез-құлықты қолданбалы талдаудың кейбір төл терминдері ағылшын және орыс тілдерінен алғаш рет қазақ тіліне аударылды. Осы арқылы инклюзия саласында қазақтілді сапалы әдебиеттің не­гізін қалап отырмыз. Қор бұл бағыттағы жұмысын жалғас­ты­рады. Қазіргі уақытта ерекше қажеттіліктері бар баланың дағдыларын бағалауға арналған ABLLS-R құралын ағылшын тілінен қазақ тіліне аударумен айналысып жатырмыз», деді.

Кітаптың тұсаукесерінен ке­йін оқулықты қолға алып көр­дік. Байқағанымыз, тек теория­мен шектелмей, практикалық жұмыстарды көптеп қосқан. Және әр бөлімде бекіту ұсыны­лып­ты. Мамандарға, ата-аналарға ерекше балалармен жұмыста қолданылатын әрбір әдіс пен тәсіл жекелей түсіндірілген. Ал соңғы бөлім «Мінез-құлықты қолданбалы таңдауды практикада қолдану» деп аталады, яғни осы бөлімдегі 7 тарау толығымен практикалық жұмыстарға арналады.

Аутист-баланың анасы әрі өзі де арнайы орталықтың маманы Эльмира Ахметова аталған кітап мамандарға және ата-аналарға басты көмекші бола алатынын айтады.

«Мен осы оқулықтың орыс­ша нұсқасын оқып, іс-тә­жі­ри­беде қолданғанмын. Алғаш ­балама аутизм диагнозын қой­ған­да, не екенін, қалай жұ­­мыс істеу керегін, қайтіп да­мы­туға болатынын білмедім. Қа­зақ­ша ақпарат тым аз, кәсіби әдістемелік құрал мүлдем жоқ еді. Сондықтан орысша іздеп таптым. Ондағы ғылыми-әдіс­темелік ұсынымдарды өмір­де қолдандым. Баламмен 9 жыл бойғы жұмыстың нәти­жесінде көп жетістікке жеттік. Ұлым қа­­­зір сөйлей алады, өз-өзіне қыз­­мет көрсетеді, киініп, жуынып, тамағын өзі ішеді, төсегін жи­най­ды. Мектепке барып жүр, одан бөлек коньки үйірмесіне қатысады», дейді Э.Ахметова.