Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстан театрларының 2021 жылы сахналаған спектакльдері мен жасаған шығармашылық жұмыстарын саралап, жеңімпаздарды анықтайтын «Сыншылар жүлдесі» биыл үшінші рет ұлттық сахна өнерінің өркендеуіне үлес қосып келе жатқан таланттарға табысталды. Алматы мемлекеттік Қуыршақ театрының сахнасында өткен салтанатты жиын республика театрлары саңлақтарының басын қосты.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 60-қа жуық театр бар. Республика аумағындағы осы театрларда 140 режиссер жұмыс істейді. Олар былтырдың өзінде 230 премьералық спектакльді сахналаған. Ал отандық театрларда бар болғаны 10-15 театртанушы маман бар. Осы он шақты театр сыншысы солардың 60 премьерасын тамашалап, мақала жазып, сұхбат берген. Бұл – нағыз еңбек! Осы шағын шоғыр шығармашылық ортадағы әр жаңалықты қалт жібермей қадағалап, әр қойылымның әділ бағасын беріп отыр.
Бүгінгі қазақстандық театр үдерісі қарқынды дамып келеді. Әр жыл сайын жаңа есімдер, жаңаша бағыттар туындап, театр өнерінің өрістеуіне серпін беруде. Алайда тірі ағза саналатын театр өнері үшін соңғы екі жыл оңай соққан жоқ. Театр өнеріне қалтқысыз қызмет етіп жүрген белгілі майталмандар мезгілсіз дүниеден өтті. Жиналған қауым сахнагерлердің жасап кеткен қисапсыз қызметіне тағзым ете отырып, 2021 жылы өмірден озған, ел мәдениетінде есімдері ешқашан өшпейтін өнер иелерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Карантин кезіндегі шектеулер мен спектакльдер көрсетілімінің мәжбүрлі тоқтатылуы театр тынысын тарылтып, көрерменмен байланыстың еріксіз әлсіруіне әкелді. Соған қарамастан, 2021 жылы еліміздің мәдениет саласында айтулы оқиғалар болып өтті. Мысалы, Түркістанда музыкалық драма театры ашылды, бірнеше театрдың мерейтойы болды, Қазақстан театрлары мен драматургтері арасында «RDS» (режиссер, драматург, старт) жобасы, «Елорда – өнер өлкесі» атты Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан театрларының шығармашылық кездесуі, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрында III Аймақтық театрлар фестивалі, көрнекті режиссер Жанат Хаджиев атындағы театр форум-фестивалі, театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын» атты республикалық театр фестивалі, «ТеART-Көкше» III Халықаралық театр фестивалі, «ТеатрALL – 2021» Халықаралық театрлар фестивалі, Т.Айтқожанов атындағы I Республикалық «Бес қару» сахна сайыстары фестивалі өтті.
Сахна өнерінің дұрыс бағытпен дамуы үшін театр сынының маңызы зор. Осы дүбірлі шаралардың барлығында Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің мүшесі Аманкелді Мұқан мен Сыншылар бірлестігінің төрайымы Анар Еркебай бастаған өнертанушылар қауымы әрбір сахнагердің еңбегін саралап, күрделі де жауапты жұмыс атқарды.
«Сыншылар жүлдесін» тағайындау үшін де талмай жұмыс істеуге тура келді. Әр театрдың атқарған қызметін мұқият зерделеп, терең ғылыми-шығармашылық зерттеу жүргізе отырып, сараптамалық мониторинг жасалып, жеңімпаздар есімі анықталды. «Жылдың БАҚ-пен үздік жұмыс жасаған театры», «Жылдың үздік сайты» аталымдары бойынша алғашқы жүлдені Алматы Қуыршақ театры мен Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры иеленді.
Әдетте, сахна сыртында ерен еңбек ететін шеберлердің, атап айтқанда, суретшілер, композиторлар, хореограф пен сценографтардың жұмыстары көп бағалана бермейді. Ал спектакльдің біртұтас дүниеге айналуында олардың еңбегі ерен. «Жылдың үздік костюм суретшісі» жүлдесі Құдыс Қожамияров атындағы мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының «Мұқамдар» спектаклі үшін Гузель Мамединоваға табысталды. «Үздік сценограф» болып Алматы Қуыршақ театрының суретшісі Юлия Чернова танылды. «Үздік мультимедиялық спектакль» жүлдесін Түркістан музыкалық театрының «Бөрте» қойылымы жеңіп алды. Корей музыкалық театрының хореографы Анна Цой «Шағала» спектакліндегі еңбегімен «Жылдың үздік хореографы» атанды. Ал «Үздік жыл композиторы» аталымы бойынша сыршыл сазгер, белгілі әнші Ғазизбек Шекербек жеңімпаз болды. «Жыл актрисасы» жүлдесі «Пері қатын» спектакліндегі Кураж шешей бейнесі үшін М.Әуезов атындағы Ұлттық театрдың әртісі Данагүл Темірсұлтановаға берілсе, «Еріксіз емші» спектаклін сахналаған Бикен Римова атындағы Талдықорған театрының әртісі Еркебұлан Айдын «Жыл актері» атанды. Марапаттау кешінің ең маңызды сәті «Жыл режиссері» аталымын М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының «Гоголь. Петербург» спектаклі үшін Рача Махатаев иеленді.
Сондай-ақ «Эпизодтық рольдегі жыл актрисасы», «Эпизодтық рөлдегі жыл актері», «Екінші пландағы жыл актрисасы», «Екінші пландағы жыл актері», «Жаңа есім» номинациялары бойынша белгіленген жүлделер де өз иесін тапты. Сахна өнерінің майталмандары сарыла күткен жеңімпаздар есімін жариялаған Амангелді Мұқан, Сәуле Қабдиева, Бақыт Нұрпейіс, Анар Еркебай, Меруерт Жақсылықова, Зухра Исламбаева, Айжан Ахмет сынды талғамы биік театр сыншылары сахнагерлердің абыройлы қызметі үшін алғыс айтып, тарту жасады.
АЛМАТЫ