Ауыл шетіндегі үйдің иесі – Омарғали. Автор оны былай суреттейді: «Омарғалидың жас кезінен бері сүйегіне сіңген әдеті боз ала таңнан тұрады. Мұнысына жұрт бір кезде сүйсінетін: «Ерте тұрған жігіттің ырысы артық емес пе?» Қазір күледі: «Осының не шаруасы қалып барады екен», – деп. Бірақ оның ерте тұрғанынан әзір зиян көрген ешкім жоқ» дейді. Сондай-ақ қаламгер оның таң алагеуімнен тұрғандағы бірінші жұмысы – құдық басында тұрып қалған малдарды суару екендігін айтады. Осыдан-ақ кейіпкердің барлық болмысын біліп, оның жанкешті, еңбекқор адам екенін жақын тани түсесіз.
«Омарғали – қазір кемтар кісі. Оң аяғын сүйретіп басады, оң қолы жансыз бос салбырап, бұйдасын шұбатқан түйеше бір қырымен жүреді. Сонысына қарамай ол артынан біреу қуып келе жатқандай ылғи асығыс, істеген ісінің бәрі тез. Оның қауға тартқанын көрсеңіз: қауғаны құдыққа сау қолымен салады, сосын жұлқи бір тартып, оң қолтығына қысып алады да, екінші тартқанда шелекті науаға төңкереді» дейді жазушы.
Енді жас күнінде ел ісіне араласып, Батпақты ауылының іргесін қалаған атпал азаматтың соғыс салдарынан мүгедек болып қалғандығына жаныңыз ауырады. Оның қазіргі кемтар күйіне қатарластары түгілі кемпірі, кезінде ауыл-аймаққа «паң келін» атанған Қымбаттың өзі мүсіркеп қарайды. Соның бір ауыз зілді сөзі Омарғалиды қаралай састырады. Тек әкесіне жалғыз қызы ғана шыр-пыр болып жүреді. Шығарманы оқып отырып, біресе мұңайып, біресе қуанып, әрі-сәрі күй кешесіз. Жазушы шеберлігі деген осы болар.
Повестегі Омарғали қарттың адалдығы мен намысқойлығы, өмірінің жарық сәулесі – жалғыз қызына деген махаббаты нәзік сезімталдықпен бейнеленген. Енді шығарма соңындағы бөлдезерші жігіт екеуі арасындағы қақтығысқа зер салыңыз:
« – Айналайын балам, біздің үйдің желкесіне тау болып құм үйіліп қалғаны, енді болмаса үйді басып алатын түрі бар. Соны әрмен қарай ысырып тастай қоясыз ба? – деп өтінішін айтты.
Жігіт Омарғалиға қарап бұрылып тұрды.
– Не бересің?
– Жартылығыңды іш.
Жігіт басын шайқады.
– Екеуін берейін.
Бөлдезерші басын шайқады.
– Тіпті үшеуін, төртеуін берейін, әлгі Әшенді жығып алған ақшам бар ғой.
– Қызыңды берсең... – Жігіт тауып айтқан адамша жан-жағындағыларға мардымси қарады. Омарғали тас төбеге ұрғандай қалшиып тұрып қалыпты, адамға көп тік қадала бермейтін екі көзі әлгі жігіттің бүлк етпеген бетінен айырылар емес.
Не дедің-әй, сен? – әлден уақытта тілге келді. – Не дедің сен иттің баласы. – Омарғали көз ілеспес шапшаңдықпен жігіттің жағасынан ала түсті. «Мына жынды қайтеді-ей», – деп шошып, жан ұшыра жұлқынған жігіт әшейінде сыртынан он екі мүшесінің алтауы жоқ деп, – мазақ қылатын жаман шалдың уысынан шығып кете алмады. Екінші бір жұлқынғанда екеуі ұмар-жұмар құлап түсті. Омарғалидың қолы сонда да ажырар емес, жігіттің алқымын сығып барады. Ол өзін ойлаудан қалғалы қашан. Егер оның жартыкеш санасында дәл қазір бір сәуле болса, ол қызына арналған нұр еді, егер оның жарымжан жүрегінде махаббат ұшқыны қалса, ол да қызына арналған. Адам солай, жантәсілім еткенде де әуелі өзін емес, ұрпағын, перзентін ойлайды» дейді.
Осы көрініске қарап отырып, адам үшін ұрпағынан артық құндылық жоқ екенін қаламгер астарлап, көркем жеткізген. Жалпы, бала күнімізде ауылдан Омарғалиға ұқсайтын қарияларды көрдік. Олар өмірден түрлі азап көрсе де, иманы мен қанағатын жоғалтпаған жандар болды. Қазір ондай кісілер тым азайып кетті. Жазушы осы шығармасында Омарғали секілді ел ішінде елеусіздеу жүрген адамдардың бойындағы ұлттық мінезді, характерді шырқау биікке көтерген. Автор өз кейіпкерін ойдан алмағандығын ертеде шыққан шығармашылығы туралы бір мақаласында айтыпты. Қызылорда облыстық газетінде қызмет істеп жүргенде Арал теңізінің қолтығындағы бір балық заводына іссапармен барғанда соғыс кесірінен кемтар болып, аяғын арсы-күрсі басқан еңгезердей азаматты көріп, сүйсінгенін айта келіп: «Ол кісі есіктен кіргеннен бастап-ақ менің назарым сонда еді. «Шіркін-ай, күнінде қандай азамат болды екен» деп ойладым. Мынадай кемтар күйге түсуіне соғыс кінәлі екеніне еш күмәнім болған жоқ.Мені сол сәт мұңды бір ойлар билеп алды. Не ішіп, не қойғаным есімде жоқ. Өзіміздің ауылда да нақ осындай бір кемтар қарт бар еді. Сол ойыма келді. Оны көрген сайын да жүрегім бір шым ететін. Ішкенге мәз, жегенге тоқ көп жұрттың қартты үнемі қылжақ қылып жүретіні батушы еді. Сөйтіп, осы екі кісі «Ауыл шетіндегі үй» деп аталатын повесімдегі негізгі кейіпкер Омарғалидың прототипі болып шықты. Сырлап, әдемілеп әуреге түскенім жоқ, оқиғаны өз аулыма алып келдім де, дәл, дайын характерді өмірдің өзінен көшірдім» дейді.
Қысқасы, сыршыл да лирикалық әдемі прозасымен қазақ әдебиетінің өркендеуіне үлесін қосқан жазушы Жақсылық Түменбаевтың ұлттық болмысымызды шынайы бейнелеген шұрайлы шығармалары әлі талай өз оқырмандарын рухани сусындата берері анық.