Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім!» деп ақтарылған ақын Сара қызыл тілге құшырын төге, бебеу жанын жұбата алмай ағыла жөнеледі.
Сәлем де Жиенқұлға келсін жатпай,
Келуге шошынады неден батпай?
Әркімнің қолда бары өзіне алтын,
Біржанға бір тырнағын
тұрмын сатпай.
Көрінсін Біржан салға ай секілді,
Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді.
Ұсынса қол жетпейтін арғымағым,
Арғынға баламаймын тай секілді.
Асылым құдай берген өз бағыма,
Теңелмес жеті Біржан тырнағына.
Найманда
ол – дария, саяткерім,
Балық боп ілінемін қармағына.
Бесіннен қалмай жетсін жаны болса
Бөгелмей жете көрсін әлі болса!
Елден қайыр сұраған кедей Біржан,
Алмай ма мендей қызды малы болса!
Қажеке-ау, кісі жібер балаңызға,
Әзәзіл болды Біржан арамызға.
Сыртынан мақтасам да керек болды,
Көрсетпей жігітті ұрлап қаламыз ба?
Ес-аға, құла жорғаң барсын оған.
Ерттетіп, «Бежін» ерін салсын оған.
Елдің еңсесі салбырап, ұнжырғасы түсіп кеткен еді. Аққудың сұңғағындай талдырмаш бітімді аруға бәрі аянышпен қарады. Ол тордағы сайраған бұлбұл құстай көрінді. Сол кезде асқақ үнді салдың лебі алабұртқан көңіл мен аласұрған жүректерді шайқай жөнелді.
– Білесің арғын, найман тегіс затын.
Алашқа шығып еді Біржан атым.
Кісіге сен секілді малын шашпай,
Қазақ та қылады екен итті қатын.
Есімбек боққа сатпа асылыңды,
Сыйлай көр қызда болса нәсіліңді.
Ұқпасаң, «арғын жоқты айтты»
дерсің,
Есеке-ау, құлағыңа ал осынымды,
Қылайын көп ұзатпай сөзді қысқа.
Өлеңге жан көрмедім мұнан ұста.
Аты ұрғашы демесең қарындасың,
Адамның артығы екен осы тұста.
Біржан сал бағалағанындай адамның асылы – он сегізде ғана талшыбықтай бұралған ақын Сара болса, дәл сол тұста жылқының пырағы – жаңа ғана ақын Сара айтқан Есімбек қажының құла жорғасы еді.
... Он екі ата жалайырды жайғайтын Сөктің ұлы Дүр төре мен Қамбар сұлтанның ұлы Найманхан Көксу өзенінің бойын мекен етіп, әуелден құтты қонысына айналдырған. Әкелері Қамбар сұлтан уағында Кенесары ханға қарсы Қопалы мен Аягөздегі патша әскерін астыртын жолмен Пішпекке бастап апарған және ақ патшаға «Кенесары өлді» деп, алғаш хабар тигізген адам еді...
Ол заманда төрелер өздерін ақсүйек, көк мауыты санағандықтан қыздарын қаратабан жұртқа бермей төрелерге ұзататын. Осы бір дәстүрмен екеуі құдандаласып, балаларын отастыратын мәмілеге тоқтады. Найманханның қызы Дүрдің ұлына ұзатылатын болып шешілді. Сол уақытта Дүрдің босағасындағы су төгілмес асқан жорға құла құнан елдің көзін қызықтыратын. Бұл құлаға Жонықар таудың бөктерін жайлаған Тәнекенің ұлы Есімбек қажының да назары ауып, әукесі салбырай қарады. Кезінде әкесі Тәнеке Барақ сұлтан екеуі Кенесары-Наурызбайдың кегін қуып, қырғызды шауып, Төрекелді манапты тұтқындап қаматқаны; хан мен сұлтандардың, қазақ сарбаздарының қасіретті өлімі үшін құнын алған ерлігі – төрелердің жатса-тұрса естерінен кетпейді. Әрі Ескелді бидің шөбересі Ұлбайдан туған жиені болып келетін Есімбек батыл қозғалды. Қоржынына алтын білезік пен өзге де жылтырақтар салып, қанжығасына зертон бөктертіп, қос шабдар қасқа ат жетелетіп, Найманханға арнайы кісі жөнелтті. Оған «жорғаны әпер» деп қолқа салды. Бұлай аяқты еркін көсуінің себебі, Найманханның ұлы Қасен Есімбектің Тоқбала деген қызын айттырып, үкі қадап кеткен.
Баянжүректен жеткен бұйымтайды жерге тастамай Найманхан жанына балаған құнаны екенін біле тұра Дүрге барды, бірақ құнанды ала алмады. Сосын лажы таусылған ол тығырықтан шығар жол іздеп, қаптағайдан келген сый-сыяпаттың үстіне тағы да тарту-таралғы қосып, және екі ат алып Есімбектің алдына мойны салбырап өзі жетті.
– Құдасын құдайындай көретін қазақ болғаннан соң, бір ауыз сөзіңе бола Дүрге бардым, әйткенмен, амал қанша, қолымды құр қайтарды. Енді өзіңе жайымды айтып, келіп тұрмын. – Таудай үйелмені сөлбірейіп, әтүйірі қаша сөйледі.
Алған бетінен қайтпайтын, көкейіне түйген нәстеден тайынбайтын Есімбек сарғыш өңі бозара қалып:
– Туысқаныңнан бір қылқұйрықтыны алуға жарамасаң, құдандалығымыздың еш қадірі жоқ, қызымды бермеймін, – деді сілейіп. Еңсесі түсіп, иіні құлап еліне оралған Найманхан Дүрге келіп:
– Іші боқ, сырты түк бір құнаныңды қимадың. Енді Есімбек құдалықты бұзбақ. Сөзін жерге тастаған бізге қызын ұзатпайтын түрі бар. Сенің алдыңда туысқандығым былай әрі құда бола тұрып, бір кісілік құнымның жоқ екенін көрдім, таудай басымды қадірлемедің, мен де сенен құдалықты бұзамын! – деді.
Мынаны естіген Дүр қипыжықтай бір бозарып, бір сазарып отырды да бәлеге қалдырған құнанды Найманханға жетектетіп жіберді. Сөйтіп Есімбек тізеге салып отырып, құла жорғаны 1863-жылы қолына түсірді.
Адымы аттан артық құла құнанды қажы үстінен құс ұшырмай мәпеледі. Бауыры жерге тиіп, көсіліп салатынын білді – аққан жорға. Дөненінде жануарға күш түсірмей, дөң де асырмады. Бестісінде баппен ғана мінді. Алты жасқа қараған қыста шілде терін алып, үлкен жарыстарға дайындады. Құла тізгінді сүзіп тастап жорғалағанда шапқан атты ілестірмей, қарқынына қарқын қосып, талықпай салатын болды. Нағыз көрген көзге тап тастайтын қаз мойынды, жарма жалға айналды.
Сол жылы кезінде Аягөзге аға сұлтан болған, Кенесары ханға жетегіне ереуіл ат ілестіріп, алты жүз азамат берген Ағадайұлы Бексұлтан төренің асына сауын айтылды. Бексұлтан төре бертінге дейін арғы беттегі қазақ даласында жүргендіктен ол жақтан да кіл ығай мен сығайлар қотарыла жетті. Бұл жарысқа қытайдың Қошуытынан да қалмақ жорғалары қатысқан еді. Көкше, Баянауыл, Кереку тарабынан да арғын, керей жиылып, құйрық-жалы сүзілген небір саңлақтарын үкілеп жіберді. Бірақ бәйге құла күліктің қанжығасында кетті. Соңынан шаңды шұбыртып, құлағының түбінен бейпіл желді саулата нөпір қалыңның алдынан жануар жеке өтті. Тізгінді сүзіп, көзі тостағандай жанып алған.
Келесі жылы да Балпық бидің ұлы Тіленші қазының асында, кең қолтық арғымақ, қара суды теріс ағызды. Байқоржын сазында, құла жорға тағы бәйгеден бірінші келді. Мұны көрген Дүрдің іші қыз-қыз қайнап, құдасына зілдене көзінің астымен қарады. Сұғы Найманханға емес, өлмелі әкесіне тиген сияқты. Астан қайтқан ел Қамбар қарияның дәуірін теріс салғанын естіді.
Келер жылы Найманхан төренің әкесі Қамбар сұлтанның асында аттар күндік жерге айдалып, құла жорға қара тер сүмектеген сайын жұлдызша ағып, қара үзіп, лағып шықты. Қолтығы ақтаң керге ұласқан құла арғымақ құлағын қайшылап, үдете-үдете самғады. Ал Тәнекенің кіші ұлы Разбектің қара аты аламанда бас бәйгені алды.
Құдай саңлақтықты сүйегіне бітірмегеннен соң, қанша жемдесе де жабының тұлпар болмайтыны белгілі. Құла жорға арғымақтың ішіндегі артығы болып шықты: бір шүу деп кетсе он күн тынбай қарасүргін мініс беріп, жаратылысынан қабырғалы, белділігінен лауға талмай жүре беретін. Он күнде бір демалса, жетіп жатыр. Мұны жұрттың бәрі біліп, жылқысүрей сырқындылар үн-түнсіз басын шайқады. Дәл осы кезде қытайдың астанасы Бейжіңде Цинь империясының басшылары Шыңжаң дүнгендері мен ұйғырларына қарсы соғыста үстемдікке жетіп, ұлттық той жасады. Оған ежелгі ымдас одақтасы орыстарды арнайы шақырды. Ол шақыртудың бірі Қопал уезі басқарма басшысы – Эрентальға да тиді. Жол ұзақ, атаман қытайға мініп баратын ат іздеді. Мінсе атқорасында сандақтар жетеді, жердің соншалық шалғайлылығынан жанын қажытпайтын жылқы керек еді. Төңірегіндегілер бірден Есімбектің құла жорғасын ауыздарына алды. Бірақ ояз мүдіре берді, мүдіретіні алғаш Қопалыға табаны тиген жылдары Тәнеке ордасын шауып, өзін аямай сабаған. Есімбектің де соққысы тигені жадында. Сол келеңсіз көрініс көз алдына көлбей тізбектелді. Бірақ одан бері неше заман өтті, қазір түкірігі жерге түспейтін ояз. Ызбары мен ызғары кез келгенді ықтырып жібереді. Айбыны тасып тұрғанда қажыға кісі салды.
Қопаң-қопаң етіп, жирен торы мінген екеу Есімбек бидің ауылына түсті. Суыртпақтатып отырып, ояздың сәлемін жеткізді. Сосын қажы ояздың уағында сойылы тисе де кек қумаған мырзалығын сыйлап, құла жорғаны Бейжіңге мініп баруға жетелетіп жіберді. Патша өкілі Бейжіңнен әдемі ер сатып ап, соны ерттеп, хан сарайының алдындағы алаңда атты шерумен өткен екен. Боғдыханның қабылдауына барып, қонақасын ішіпті. Келгеннен кейін «бежін» ерді құла жорғадан алмай, айшықты әбзелдерімен қажыға әкелдіріп салды. Қытай ері әспетімен құранды найман ерлерден оқшауланып көрінді. Сараның Біржанмен айтысындағы:
«Ес-аға құла жорғаң барсын оған,
Ерттетіп, «бежін» ерін салсын оған», – дегені, осы оқиғаны қамти айтқаны болатын.
Келер жылы жаз әлетінде бес-алты атты Қопалыдан тіке шығып, Баянжүректің іргесіндегі Есімбектің ауылына түсті. Дәулеті тасқан бай-манаптың есігіне кімдер келмейді? Әйткенмен мыналардың жүріс-тұрыстары оқшаулау, сөйтсе – қырғыздар. Қажының табалдырығынан «ассалаумағалейкүм» деп әуендете енді. Төрге шығып жайласып, мән-жай сұраса бастады. Бұл келіп отырған Шабдан манаптың ұлы Мұқыш шора екен. Әкесі Жантай Тәнекемен сыйлас болған. Орыстың қысымынан үш матай елі ығып, қалың дулаттың арасына Қордай жаққа барғанда Тәнеке би атасы Жантай манаппен шығысып, екеуі сыйласып кеткен. Жантай қаптағайдың құрметтілерін бастап, қоқанның ханы Мәделіге апарған. Сонда Тәнеке мен Тастанбек отыз-отыздан алпыс арғымақ шығарып, ханға тарту-таралғы жасады. Сый-сыяпатпен келген ауған елді Мәделі жақсы қарсы алып, жадырай күлді. Төріне оздырып, арнайы қонақасы берді. Мәміле барысында қоқан ханы:
– Көшіп келген жерлеріңді мекендеп, айналадағы жұртпен тату тұрыңдар, – деді мейманасы тасыған қалыбын бүркемелемей. Өзінің де ілтипатын танытып, Тәнекенің үлкен ағасы, қыдыралының ақсақалы Қалқабайға қодастың құйрығынан жасалған ту, құлшанның бас иесі Тастанбекке бағалы сый тарту етті.
Сөйтіп қуғыншылыққа түскен мезетте аз уақыт матайлар дулат арасында сая тауып еді. Атажұрттан ауып мүсәпір хал кешкенде қырғыздың қамқорлығын ұмытпағандықтан құлын сойып, қол қусырып қарсы алды. Қонақасы үстінде мұртының шалғысын сұқ саусағының сыртымен дәміл-дәміл көтеріп қойып, Мұқыш та аталары мен әкелерінің достығын таң атқанша жыр ғылып айтты. Ертеңінде аттанарда бұйымтай сұрағанда, шаруасы құла жорға болып шықты.
– Есімбек көке, алыстан ат арытып жеткендегі шаруам, даңқы мен дақпырты Жонықар алатауынан асып, сонау Тянь-Шань алатауына жеткен құла жорға. Қызығын бір дәурен сіз көрдіңіз, енді бір дәурен біз көрейік, – деді айыр қалпақты шора. «Кезінде қоқанға алпыс арғымақ берген, бізге бір атты қияр» деген дәмесі зор. Тартынып қалса «жақсылықты ұмытқан қайырсыз» деп жазғырып, ата-бабасына ғана емес, қазақ халқының атына кір жағып кететінін ұғып, жанына балап, тақымына басқан құла жорғаның шылбырын қолдарына ұстатты. Сөйтіп құла жорға 1872-жылы Жетісудан қырғыз ауып кетті, сонда 11 жастағы ат еді.
Орыстарда жорға болмайды. Желіскерлер, шоқырақтар шығады, ара-тұра жүйріктер де ұшырасты. Олар атты сабылтып, құс қанаты талатын қашыққа шаптырмайды. Оның үстіне жылқыны күш-көлік ретінде қабылдап, қасиетін толықтай ұғына қоймады. Сондықтан жорға дегенді білмейтін, өйткені олардың қолтума тұқымында жорға ныспы жоқ. Ат шауып жете алмайтын желіскер жылқылар көбіне пәуеске мен кашөбкіге шегілді. Себебі оның үстінде ұзақты күнге желісіне шыдап отыру үшін, қазақ болып туу керек. Осыны ұққан қырғыздар су төгілмес құла жорғаға Түркістан генерал-губернаторы К.Кауфманның тақымын бір тигізіп, жанын рақатқа бөлегілері келді. Сөйтіп өздеріне қатысты шаруаларын реттеп алмақ.
Осы көкейіне түйген күлдібадамды тындыру үшін Шабдан манап әкелерінің достығын алға тартып, ұлын Мұздыбұлақ пен Баянжүрекке аттандырған еді.
Есте жоқ сонау ескі заманда 1786-жылы бабалары Әтеке жырық орыстың қол астына өтуді сұрап, Петерборға елші жіберген екен. Содан бері сарқылшықтар десе ұрпағының есі ауып, аңсары құлай береді. Саяқ пен сарыбағышты бұратараның бодауына байлап бергісі бар. Ақырында немересі соны іске асырды. Бір кезде қара қырғыздың бүтіндігі мен мүддесін көздегендей болған Жантай манап, ақ патшаның ел ішіндегі азғырынды айуанына айналған. Орыстармен тонның ішкі бауындай болып кеткен Жантай манап пен оның ұлы Шабдан Тоқмақтың төңірегін уысында ұстады. Алайда Шабданнан күллі сарыбағыш сырт айналып, оның ішіндегі тынай ғана ықпалында қалған еді.
Міне, осы орысшыл озбыр топ, жақсылықты патша губернаторына жасағысы келді. Құла жорғаны жетелеп апарып, Азия атаманының алдына көлденең тартты. Константин Петрович фон Кауфман ерге қонып, үстінен су төгілмес жорғаның жанын тербеткеніне қатты сүйінді. Мынандай керемет тарту жасаған Шадман манапты ұлы Мұқыш екеуін арқасынан қақты.
Суреттей сымбатты көз тартар сыйлықты өзіне алып қалғанды жөн санамай, саңлақтық сүйегіне біткен құла жорғаны ІІ Александр патшаға тарту ретінде Петерборға жіберді. Оның кереметтігін көріп, жер танабын қуырған адуынды екпініне сүйінген патша, желіскерлердің бәйгесіне қосты. Мұндай жарыстар жертезек мұжықтар қаптаған Ресейде аз, тіпті болмайды да. Сондықтан тақымы ақтан кер құланы Еуропалық елдердегі халықаралық бәйгелерге салды, жануар талай топты жарды. Жердің қысқалығынан кейде екінші, үшінші орын алып қалып жатты. Қазақ жылқысының жайын сүндетсіздер қайдан білсін... Бұл кезде айналасы екі дуанның аумағында ғана шабатын Құлагер енді-енді туып жатса керек...
Даңққа байланған тағдырлар үнемі даңғыл бола бермейді. Сана мен сүйекке біткен саңлақтық әмісе бақытқа бастай қоймайды. Құла асқан жорғалығынан туған жерінен қиянға біржола кіндігін үзіп кетті. Ақын Сара асқан саңлақтығынан өзін-өзі таба алмай, шерге батып, қысқа ғұмыр кешті. Біржан да қызыл тілге құшырын төккен орта жүздің бұлбұлы болса да, өкініш пен құсаға булығып өлді.
Кейде саңлақтардан сандақтар озып кетіп жатады...
Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,
Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты