Біреуге құрмет көрсеткіңіз келсе, алдымен анаңыздан бастаңыз. Бала – ананың бауыр еті. Ол үшін отқа да, суға да түсуге бар. Өзегінен үзіліп түскен сәби үшін қан кешуден қорықпайды. Азапты жолда да ақырына дейін баруға бекінген. «Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен» жан үшін алып таудың өзі аласа көрінеді. Байқайсыз ба, Қазақстан бейнелеу өнерінде кескіндеме шығармаларымен танылған суретші Нұрлан Қилыбаев «Бесік жыры» картинасында мейірімнің анадан жаратылғанын айтып тұрғандай. Кішкентай туындыдан үлкен жылылықтың лебі еседі.
Жалпы, қылқалам шебері кез келген шығармасында көрерменнің сезіміне, ойына әсер ету арқылы эстетикалық ләззат береді. Кескіндеме туындылары жеке бір тұлғаны, дара көріністі бейнелеп қана қоймай, күрделі сюжетке, ерекше оқиғаларға құрылған және оның мәнін ашуға бейім. Аталған туын-
дыдан соны байқауға болады. Ай мен күннің арасында сәбиін әлдилеген ана бар пейілін бесіктегі баласына арнап, дүниедегі ең бақытты жанның образын сомдап тұр.
Негізінде Нұрлан Қилыбаевтың шығармаларының басым көпшілігі әйел образына арналған. Қай картинасын алып қарасаңыз да әйел бейнесінің көркемдігімен қатар, қазақтың мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрі әрі киім үлгісін көркемдеп жеткізуге құштар. Қыз баланың әшекей бұйымдарының элементтеріне аса мән беріп, оны бейнелеу арқылы өзін зергер сезінеді. Автордың шығармаларынан руханиятқа ауадай қажет ұлттық дәрумендерді табуға болады.
Ең ғажабы, ол әрбір оюдың мән-мағынасына терең үңіліп, оқырманға сол заттың қасиетін сезіндіреді. Туындыларының басым бөлігін, соның ішінде әйел бейнесін шетелден келген қонақтар сатып алатын көрінеді. Себебі Еуропада Шығыс әйелдері жоғарғы деңгейде бағаланады екен. Бұл біздіңше суреткердің өзіндік қолтаңбасы бар екенін айғақтайды. Қазақ әйелінің образын сомдау арқылы әлемді қызықтырған қылқалам шеберінің еңбегі зор.