Өнер • 16 Наурыз, 2022

Астана жайлы әпсана

638 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ару Алматыға көктем келгелі қашан, ал асқақ астанада әдетінше қытымыр қыстың көбесі сөгілген жоқ. Жалпы, бас шаһарға көктем келе ме өзі, әлде бірден жайдарлы жазға ауыса ма!? Сұлу қаланың сәуірде ғана суығы қайтып, кербездене түсетін секілді. Әйтсе де, көктемкөз бойжеткеннің, көңілі көкорай ағаның, кеудесі кеніш достың жүрегіне Наурыз кіргеннен-ақ көктем қоныстанып алады. Ал бұл сурет қысқы астана жайлы қысқа ғана әпсана!

Астана жайлы әпсана

Қыстың қызығы тарқады. Бірақ аппақ қарға оранған Нұр-Сұлтанның керемет кеш­тері мен мамық ұлпаны мә­пелеген жұлдызды түндері ұмытыла қоя ма екен!? Әсіресе бозбала мен бойжеткеннің сана­сынан өшпесі анық қой. Айдың жарығына шомылған қала тұрғындары далада қан­ша аяз болса да елорданы ерекше жақ­сы көреді. Көңілде мекендеген сәулелі күн­дердің куә­гері осы шәрі, ызғарлы болса да жанға ыс­тық, жүрекке жақын. Мұны белгілі суретші, пейзаждың хас шебері Төлеуғазы Бай­ғалиев «Қысқы астана» картинасында бекзада бояумен жет­кізеді. Композицияға қа­рап астананы сүйсеңіз, осылай сүйіңіз дегіңіз келеді!

Қылқалам шебері өзінің аталған туындысын қала пейзажы жанрына арнайды. Қала пейзажы – бұл заман тынысын жеткізуші, уақыттың бояуын анықтайтын сырлы картина. Автор мерейлі мезгілдің бір сәтін немесе құрылыс, көше, саябақ пен қала көріністерін суретшінің көзімен бейнелеп әрі оқырманның жүрегінен өткізуге тырысқан.

Байқасаңыз суретші «Қыс­қы астана» картинасында ескі астананың кішкентай ғана көрінісін береді. Қаланың ба­йыр­ғы тұрғындары Целино­град­тың ескі орталығы саналатын ЦУМ-нан Конгресс-Холға өтетін жерасты жолының алдын бірден тани қояды. Кішкентай саябақта үйеңкі бұтақтары мен жас шыршалар созылып жатыр, олардың арасынан ескі үш қабатты үйлер көрінеді. Аспан бұлтты, жолдарды мұз басқан, ағаш бұтақтары мен гүлзарларды қалың қар жапқан.

Міне, мұның бәрі суретші түстерді үйлестіріп жеткізген қыстың үйреншікті белгілері. Тынық, көмескі, реңк жағынан бір-біріне жақын түстер таби­ғаттың күйі мен сол жердің атмосферасын жеткізіп тұр. Су­ретші әлі де қараңғылық түс­пегенін айтып, ымырт ұялар шақтың кескінін сызған. Қысқы аста­наны сағынған жанға аңса­рын басар әдемі сурет әртүрлі ойға жетелейді.