Аймақтар • 24 Наурыз, 2022

Ұлытаулықтардың ұлы қуанышы

519 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында еліміздің саяси картасында жаңа үш облыстың пайда болатынын жария етті. Соның бірі – Қарағанды облысы құрамынан бөлініп шығатын Ұлытау облысы.

Ұлытаулықтардың ұлы қуанышы

«Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық ғана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең-байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше», деген болатын ел Президенті.

Өз алдына жаңадан отау құратын өңірді ескі де жаңа облыс деп те атауға болады. Өйткені болашақта ұлт ұясының атауын иемденетін бұрынғы Жезқазған облысы 1973 жылдың 20 наурызында құрылып, оның құрамына Балқаш, Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев сынды төрт қала және Ақадыр, Ақтоғай, Жезді, Жаңаарқа, Приозерный, Ұлытау, Шет сияқты жеті аудан кірген еді. Сол кездің өзінде бұл аймақтың аумағы ұлан-ғайыр болды: 313 400 шаршы шақырымды алып жатты. Халқының саны 500 мыңға таяу болды. Ал облыс орталығы Жезқазған қаласында 130 мыңға жуық адам мекен етті.

Міне, осындай әлеуеті бар облыс ширек ғасырдай «өмір сүріп», 1997 жылдың 3 мамырында таратылды да, оның аумағы түгелдей Қарағанды облысының құрамына қосылды. Әлбетте, сол кездегі күрделі жағдайға байланысты қабылданған мұндай шешімнің өз алдына облыс болып тұрған өңірге оңай тимегені рас еді. Мұның салқын әсерін облыс орталығынан жырақта жатқан Жезқазған-Ұлытау өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы молынан сезінді. Бұрынғы облыстың тұрғындары Қарағанды және еліміздің басқа өңірлеріне көше бастады. Мәселен, 129 мың адам тұрған Жезқазған қаласындағы халық саны 90 мыңдай тұрғынға дейін азайып кетті.

Дегенмен, соңғы жылдары Жез­қазған өңіріне облыс басшылығы тара­пынан жіті көңіл бөліне бастаға­нын да айта кеткен ләзім. Соның нәти­­жесінде көптен бері қор­­даланып келген бірқатар мәсе­ленің шешімін тап­қаны да рас. Бұл туралы Қара­ғанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек нақты дәлел­дерді келтіріп, өзінің пікірін былайша сабақтады.

– Қарағанды облысының құра­мында болған жылдар ішінде Жезқазған өңірі өсіп-өркендеді. Әрине, мәсе­лелер де болды. Де­ген­мен, олар біртіндеп шеші­ліп жатты. Олардың ең маңыз­ды­ларының бірі – сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі Президент қол­дауына ие болды. Биыл Үйтас-Айдос суағарын қайта жа­ңар­ту және Қожамсейіт су ор­­нында суағар салу жұмыс­тары басталады. Су ресурс­тары комитетімен бірлесе оты­­рып, біз Есқұла су тарт­қышын аяқтадық. Сапалы суды Сәт­баев тұрғындары тұты­нып, оның бір бөлігі қазір­дің өзінде Жезқазғанға жеткізілуде. Сондай-ақ 300-ден астам жұмыс орнының құрылуымен үш ірі жобаны іске қосу күтілуде. Жалпы, өңірде өнеркәсіптік өндірістің өсуі байқалады. Сонымен қатар Жезқазған – Қызылорда жолының жағдайына қатысты көптеген шағым болды. Қазір оны шешу үшін мердігерді таңдауға конкурс жарияланды, ал жазда жоспар бойынша жөндеу жұмыстары басталуы керек. Денсаулық сақтау са­ласында да көп жұмыс ат­қарылды. Коронавирус инфек­циясының күрделі кезе­ңінде инфекциялық аурухана салынды, материалдық-тех­никалық база нығайтылып, онко­логиялық орталықты ашу мәселесі пысықталды, – деп атап өтті өңір басшысы.

Әлбетте, бұрынғы Жез­қазған облы­сы­ның енші алып, өз алдына бөлініп шығатын ха­барын сол өңірді мекен еткен тұрғындар ерекше қуанышпен қабыл алды. Жа­сыра­тыны жоқ, жергілікті халық бұрын­ғы облыстың қалпына келгенін ширек ғасырдан бері мәселе қылып көтеріп, табанды түрде талап етіп келген еді. Енді, міне, тұрғындардың талап-өтініші, тілегі қабыл болып, «Ұлытау облысы» деген құлаққа аса жағымды естілетін атауы бар аумақтық-әкімшілік аймақ дүниеге келгелі тұр.

Өңірді дүр сілкіндірген бұл жаңа­лыққа байланысты Ұлытау – Жезқазған аймағы­ның тұрғындары бірнеше іс-ша­ра ұйымдастырды. Со­ның ішінде Жезқазғаннан шы­ғып, Сәтбаев қаласы мен Жез­ді кенті арқылы өтіп, ұлт ұясы – Ұлытауға ат басын тіре­ген авто­шеруді айтуға бола­ды. Аталған өңірдің белсен­ді азаматтарынан құрал­ған бастамашыл топ ұйым­дас­тырып, жергілікті қалалар мен аудандардың әкімдері қолдаған бұл іс-шараға 50-ге жуық автокөлік қатысты.

Автошерудің салтанат­­ты жиынында Ұлытау ауданы­ның құрметті азаматы Қуа­ныш Бекілдеков, Сер­ке Қо­жамқұлов атындағы Жез­қазған сазды-драма театры­ның әртісі Досжан Жан­ботаев, мемлекеттік қызмет ардагері Станислав Фили­пович, «Ұлытау аудандық «Ұлытау» газетінің редакциясы» ЖШС директоры Ақжол Құрмансейіт және басқа да азаматтар сөз алып, Мемлекет басшысына алғыс білдіре келіп, елді бірлікке, ынтымаққа шақырды. Айтыс ақыны, Ұлытау ауданының құр­метті азаматы Мұқаш Сейт­­қазиновтің жырдан шашу шаш­қаны да ерекше әсер қалдырды.

Алынбайтын қамал жоқ

Ер шындаса,

Ел қуанған билік қолын бұлғаса.

Құлақ асқан қара халық үніне,

Қасым-Жомарт Кемелұлы,

мың жаса!

– деп тебіренді ел ішінде «Дәридәй» атанып кеткен ақын.

Жасыратыны жоқ, осы жиында сөйлеген «Кетбұқа» қоғамдық қоры­ның төраға­сы, Қарағанды облы­сының құр­­метті азаматы Төлеген Бүкіров­тің сөзінде шындық­тың дәні бар еді.

– Осыдан 25 жыл бұрын бұрын­ғы Жезқазған облысы тарап, өңір Қарағанды облысының құрамына енген еді. Сол кезде біз бұлай істеген де дұрыс шығар деп ойлағанбыз. Алайда уақыт өте келе өңірдің тынысы тарылып, экономикалық та, әлеу­­меттік те әлеуеті төмендеп кетті. Жетім баланың кү­йін кешкендей бол­дық. Мем­лекет басшысының кеше­гі Жол­дауынан кейін, кет­кені­міз келіп, кемісіміз тол­ған­дай болды. Ұлытау облысы құрылатынын, оның орталығы Жезқазған қаласы болатынын естіп жүрегіміз ж­арылардай қуандық. Облыс­қа қасиетті Ұлытаудың есімін бергені мерейімізді тіпті көтеріп тастады, – деді ол ағынан жарылып.

Ұлытау облысы құрыла­ды деген жаңалыққа алғаш­қы­лардың бірі болып ҰҒА кор­рес­пондент-мүшесі, заң ғы­лымдарының докторы, ака­демик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков оң пікір білдірді. Мысалы, ол осындай өзгерістің қазіргі күрделі кезеңде қажеттілігі бар ма деген сыңайдағы пікір ұстанған скептиктерге былай деп жауап берді.

– Кейбір керітартпа аға­йын­дар осынша жаңа құры­лымдардың ел экономикасына әсері қалай болады дегенді де айтып жатыр. Меніңше, оң, тек оң әсері болады! Мәсе­лен, Жезқазған облыс мәрте­бесінен айырылғалы бері ептеп етек-жеңін жинап алған «Қазақмыс» сынды алпауыт кәсіпорындар қайта қайырылып, жаңаша жағдайда, тың қарқынмен еңбек ететіні сөзсіз. Сонымен қатар оң өзгерістер Ұлытауға іргелес жатқан Қызылорда облысы, Торғай – Арқалық аумағын да қамтымақ. Кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсетіліп, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады. Қаңырап қал­ған қалаға ел оралады, тусы­рап жатқан далаға мал тола­ды, еңбек дабылы қайта қағы­лады. Бір сөзбен, бұл шешім­дердің стратегиялық мән-маңызы ерекше, – деді ғалым.

Сонымен қатар кезінде Қарағанды облыстық мәсли­хатын басқарған, Парламент Мәжілісінің депутаты болған қо­ғам және мемлекеттік санат­тағы қайраткер тұлға жаңа облысты құрғанда әкім­шілік-аумақтық бөліністе аса сабырлы және салиқалы саясат ұстану керектігін айтты. Ғалымның пікіріне қарағанда, ескі де жаңа облыс бұрынғы аумағымен бөлініске түссе, мұның Жезқазғаннан жырақ­та орналасқан Ақтоғай, Шет аудан­дары мен Балқаш өңірі­не қиындық туғызуы мүм­кін. «Бәзбіреулердің Ұлы­тау, Шет аудандары мен Бал­қаш қаласы Ұлытау облысы құрамына өтпесе, жаңа ашылған облыста халық саны азаяды деген уәжімен келіспеймін. Керісінше, жаңа облыста, оның орталығында халық саны өсе түседі деген сенімдемін», деп ой қорытады Н.Дулатбеков.

Ал аталған мәселеге бай­ланысты Қарағанды облы­сының әкімі Жеңіс Қасым­бектің білдірген пікірі қысқа да нұсқа болды.

– Мәселе түпкілікті ше­шіл­ген жоқ. Бұл мәселені шешу үшін Үкіметтік комиссия құрылады. Аталған аудан тұрғындарының пікірі ескерілетін болады, – деп атап өтті өңір басшысы.

Міне, Арқа төсіндегі алып облыс екіге бөлінер тұста­ғы қуанышпен қатар осын­дай уайым да қатар тұр. Жаңа облыстың орталығынан шама­мен алғанда мың шақы­рым­ға жуық шалғайда жатқан Шет, Ақтоғай аудандары мен Балқаш өңірінің тұр­ғын­дары қазірдің өзінде Қара­ғанды облысының құра­­мында қалудың айла-амалдарын жасап жатыр. Олардың Президент пен Үкіметке бейнеүндеу жолдап, арыз-шағымын жазып, бұл бағытта белсенділік танытып жатқанын жылы жауып қоюға да әсте болмас.

Қалай болған күнде де, еліміздің саяси картасында Ұлытау сынды облыстың пайда болатынын зор қуанышпен, үкілі үмітпен қабыл алған Арқа жұртының бір бөлігіне қатысты өтініш-тілектің де міндетті түрде оң шешімін табуы тиіс деген ойдамыз. Иә, ақын айтқан­дай, «Тауларды аласартпай, даланы асқақтат­қаннан» ұтары­мыз мол болар еді.

 

Қарағанды облысы