Осы өреге қыз-келіншектер іркітті қайнатып, сүзіп алған құрттары мен қайнай-қайнай суы сорғыған қызыл және сары суынан айырған ақ ірімшіктерін жаяды. Сонан соң жартылай тобарсыған ақ тамақтарды мөшекке салып, аузын буып, өренің астына, яғни көлеңкеге кептіреді. Көлеңкеде кепкен тағам көгермейді әрі ыс шалмайды. Жаздың шілдесінде ыстықтан қашқан ит-күшіктер өренің астын паналап, көлеңкелеп жатады.
Уикипедияда: «Өре – құрт-ірімшік сияқты сүттен жасалған тағамдарды кептіруге арналып, ағаштан жасалған сөре» деген анықтама беріп әрі қарай жасалу тәртібін баяндайды. «Ұзынша төрт тіреуіш ағашты жерге қаққаннан кейін, екі ұзын жанағашты ашаларға кигізіп, олардың басына қысқа жанағаштарды көлденең орналастырып, жіппен немесе қайыспен біріктіріп, үстіне тоқылған ши жабады. Дайын болған соң бетіне кептірілетін тағамдар қойылады. Сондай-ақ жанағаштар жетіспеген жағдайда бір жақ шетін киіз үй маңдайшасына тіреп, екінші басын екі тіреулік ағашқа бекітіп те жасайды» депті.
Сол сияқты 2014 жылы жарық көрген «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі» атты бестомдық энциклопедияның бесінші томының 49-бетінде: «Өре – құрт-ірімшік сияқты ақ тағамдарды кептіруге арналған құрал. Өреге жаздың жаңбырсыз ашық күндері құрт-ірімшік жайып кептіреді. Әдетте, өрені үйдің алдындағы ашық алаңқайға ұзындығы екі құлаш, ені бір құлаш аумаққа төрт діңгекке орналастырады. Діңгектің бастарын сырық ағашпен байланыстырып, арасына шабақ ағаштар қойылады. Үстіне өре ши немесе шыпта ши деп аталатын арасы сирек тоқылған ши төселеді. Мұндай сирек тоқылған шидің үстіне жайылған құрт-ірімшіктің астынан жел кеулеп, оның көгермей тез дегдуіне септігі тиеді» деп жазыпты. Бұлардың қай-қайсысы да дұрыс. Тек бірін-бірі толықтырып тұр. Қазақтың талпынысы шамалы адамды «Өресі тар» деп, емесе талантты тұлғаны «Өресі биік» деп бағалайтыны осы – өре.
Осы өренің жауы – кезқұйрық деген құс. Бұл хайуанның дене ұзындығы 70 см шамасында, құйрығы екі айып болғандықтан осылай атанған. Тірі мақұлықтарды (тышқан, сарышұнақ, түйеқұлақ т.б.) ұстап қоректенуге қабілеті аз. Көп жағдайда ауыл үйді төңіректеп, сәл қиыс қалған тағам көрсе іле қашып жейді. Әсіресе, өреден құрт ұрлауға шебер. Марқұм ақын Жәркен Бөдешұлы «Ауыл сағынышы» атты жырында «Өреден ірімшігін ап қашатын, Сағындым кезқұйрығын, қарғасын да...» деп толғайтыны осы.
Оның сыртында ауылдың еріккен балалары, апалардың көзін ала беріп, өреден құрт-ірімшік ұрлайтынын қайтерсіз. Үлкен ақын Мұқағали Мақатаев «Нені аңсаймын» атты жырында: «Сені аңсаймын, қайнаған ақ бастаулар, Ақ бас таулар - самайын ақ басқандар. Сені аңсаймын, қазіргі ақ бас шалдар, Бұрынғы өреден құрт ап қашқандар» дейтін шумағы сөзімізге дәлел.