Пікір • 28 Наурыз, 2022

Байыпты бастамалар серпін береді

291 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы жүйелі өзгеріс­терді көздейді. Бұл өзгерістер ең алдымен саяси реформаларға қатысты болып отыр. Себебі бүгінгі таңда еліміздің әлеуметтік-демо­графиялық ахуалы өзгерді. Сондықтан Президент бұл Жолдауды әртүрлі процестерге саяси-әкімшілік жүйенің бейім болуына бағыт­тады. Парламенттің құзыретін арттыруға, Сенат пен Мәжілістің арақатынасын нығайтуға негізделген шаралар қабылданды.

Байыпты бастамалар серпін береді

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Бұл ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттарына қатысты өзгерістерге тоқталғанды жөн санап отырмын. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассам­б­леясының Мәжілістегі квотасын жойып, аталған квотаны Сенатқа ауыстырды. Бұған қоса, бірнеше өзгеріс болатыны тағы айтылды. Мәселен, парламентарийлер құрамын пропорционалды және мажоритарлы тәртіп­пен сайлау ұсынылды. Сонымен қа­тар Парламенттің жоғарғы пала­тасындағы президенттік квота 15-тен 10 депутатқа дейін қысқарып, бұл қадам Президенттің құзыретін шектейтін шараның бірі болмақ. Ол 10 депутаттың бесеуін Ассамб­лея ұсынады. Мемлекет бас­шы­сының бұл шешімін жұрт жылы қабылдайды деген сенімдемін.

Тағы бір айта кетерлігі, Сенат­тың құзыреті кеңейіп, Конс­титу­ция­лық кеңес пен Жоғары сот кеңесі­нің төрағасы лауазымына ұсы­нылатын кандидаттарға келі­сім беру құқығымен толықты. Осы­лайша, еліміздегі түрлі этнос­тық топтарға мандат беріліп, олар­дың үні жоғарғы палатада естілуіне лайықты жағдай, бірегей мүм­кіндік жасалады. Өздеріңіз жақсы біле­тіндей, Мемлекет басшысы заңды түрде Қазақстан халқы Ассам­блеясының Төрағасы. Де юре де, де факто да солай. Сондықтан Ассамблея ұсынған 5 депутаттың Сенатта қызмет етуі заңды.

Сонымен қатар елімізде жаңадан 3 облыс құрылады. Бұл да аса маңызды, қажет шешім деп айтар едім. Себебі біздің көп­теген зерттеулеріміз көрсетіп отыр­ғандай, әсіресе еліміздің оңтүс­тік өңірінде халық өте тығыз шоғырланған. Осы мәселе жұмыс орнының тапшылығын туындатып отыр. Бұған қоса, Алматыға іргелес орналасқан аудандар мен ауылдардың азаматтары өз өмірін тек осы өңірмен байланыстырады. Бұл жағдай пандемия кезінде де, Қаңтар оқиғасы кезінде де ең алдымен, халықтың жүріп тұруына, қимыл-қозғалысына кері әсерін, кедергісін тигізді. Ал Семей мен Жезқазған өңірінде керісінше, эко­номикалық жағдайдың нашар­лығынан халық саны азая баста­ды. Тұрғындар саны азайған соң шаһарды, ауданды, ауылды дамы­туға бюджеттен де қомақты қаражат бөлінбейтіні белгілі. Ондай жерде өндіріс орындары да құрылмайды, сауда-саттық да дамымайды.

Ендігі ретте, жаңадан құрылатын облыстардың инфрақұрылымы дамып, жолы жөнделетіні, өзге облыстармен байланысы нығаятыны анық. Сондықтан Мемлекет басшы­сының бұл қадамы көптеген түйт­кілді мәселенің түйінін тарқатуға сеп болып, басқару жүйесіне қолай­лы жағдай жасалады деп сенемін.

 

Айгүл СӘДУАҚАСОВА,

әлеуметтанушы