15 Мамыр, 2010

ӘКЕ ТУРАЛЫ СӨЗ

2180 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жеңіс – 65 Сұрапыл соғыстың зардабын шекпеген отбасы жоқ шығар. Ардагерлер – соғыс шежіресі. Бүгінгі жас ұрпақ үшін Ұлы Отан соғысы деректі фильм сияқ­ты. Оларға ол – өткен тарих. Мен сол сұрапыл, қан май­дан­­нан қайтпағандардың немесе ардагерлердің есімдерін “алтын әріппен” жазылған киеге теңер едім. Сұрапыл соғысты өз көзі­мен көріп, Отан алдындағы боры­шын майданда адал атқар­ған, 1945 жыл­дың маусы­мында ауыр жара­ланып оралған әкем Ақан Аман­байұлы жайлы сыр шерт­сем... Әкем Алматы облы­сы, Еңбекші­қазақ ауданы, Қаракемер ауылын­да дүниеге келді. Әттең, Ұлы Отан соғысы­ның 65 жылдық мерей­тойы­на аяулы да ардақты әкеміз­дің жете алмағаны жаны­мызға батады. Әкетайымыздың жаны­мыз­да жоқтығына 15 жыл өтіпті. Әйтсе де 9 мамыр – Же­ңіс күні­нің біз үшін ерекше екендігін сезініп, жүрегіміз тол­қып тебіре­не­міз. Жеңіс күні әкем мен ана­мыз Әли­ма Жа­нысова үшін бір ша­па­ғатты күні еді. Әкемнің со­ғыс туралы әңгімесін тыңдаудан жалықпайтынбыз. Көз алды­мызда дәл бір кино­сериал­дар өтіп жат­қан сияқты көріне­тін. Қандай қиын­шылықты бас­тарынан өткізді. Әкем Ленинград құрсауын бастан кешкен жауынгер. Нарва түбіндегі ұрыста ауыр жарақат­танған. Соғыс аяқталғаннан кейін 1945 жылы елге оралды. Ол соғыстан қайтқанда өз ана­сы, яғни біздің Жібек әжемізді көре алмап­ты. Өйткені, әжеміз әкем майдан­ға кеткеннен кейін көп ұзамай, 1942 жылы дүние салып­ты. Әкемді майдан­нан әкесі Аманбай, әпкесі Зағи­па, бауыры Әбдіқалық күтіп алған екен. Әкем­нің шаңыра­ғынан соғысқа үш адам аттанған. Оның екі бауыры Ибрайым мен Жұма­діл аталарымыздың оралмағаны бізді бүгінде қатты мұңайтады. “Ленинградты қорғау кезінде барлық ленинградтықтарға, әсіре­се, қазақстандықтарға ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың “Ле­нин­град­тық өренім” атты өлеңі­нің әсері ерек­ше күш беріп, рух­тандырып, ер­лікке, жеңіске жі­гер­лендірді. Мен ұлы Жамбыл­дың жырларына сен­дім. “Ленин­градтық өренім” өлеңі маған қасиетті ата-баба­ларым­­нан жет­кен киелі бойтұмар­дай болды”, – деп әкем жиі айтатын. Бүгін анамыз, ардагер ұстаз, тыл майдангері, әже, ақылшы­мыз Әлима балаларының орта­сында, немере-шөбере сүйіп, үрім-бұтағына, еліне деген ақ ба­та­сын беріп, ортамызда жүр. Біз соған, әкеміз қорғаған осы бей­біт күнімізге шүкіршілік етеміз. Мәлике АМАНБАЕВА. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы. Суретте: А.Аманбаев (сол жақта) майдандас досымен. ЖАҢА ПӘТЕРЛЕРГЕ ИЕ БОЛДЫ Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қар­саңында 24 соғыс ардагері жайлы баспаналарға ие болды. Пәтердің кілттерін облыс әкімі Серік Біләлов салтанатты жағ­дайда табыс етті. Облыс орталы­ғында бой көтерген 102 пәтерлік бес қабатты коммуналдық үйден көп балалы отбасыларға, бюд­жеттік сала қызметкерлеріне, ауған соғысына қатысушыларға да пәтерлер тиді. “Жас Отан” жастар қанаты майдангерлерге телефон аппа­рат­тарын тарту етті. Өмір ЕСҚАЛИ, Петропавл. ЖЕРЛЕС ЖАУЫНГЕРЛЕР АТЫН АНЫҚТАП ҚАЙТТЫ “Егемен Қазақстанның” Ақ­тау­дағы тілшілер қосынына Төлеген Қадыров деген азамат арнайы келді. Ол Отан соғысына қатысқан кіші лейтенант, взвод командирі, 1943 жылы ерлікпен қаза тапқан Сүлеймен Қадыров­тың ұлы екен. Жеңістің 65 жыл­дығы қарсаңында Белоруссия­ның Гомель облысындағы Жло­бин қаласына барып, сол жерде жерленген әке рухына тағзым етіп қайтыпты. Және осы са­па­рында сол қала маңайында бол­ған қанды шайқастар алаңы бол­ған елді мекендерді аралап, туыс­қан­дық зираттардағы қазақ­стан­дықтар жайлы да деректер ала келіпті. “Олай істегенім, олардың бәрінің бірдей іздеп баратын ұрпақтары жоқ болар, мен бөтенбін бе? Олардың бәрі де әкемнің достары, қанаттаса жүріп зұлым жауға қарсы күрес­кен өз жерлестерім ғой де­ген ой келді”, – дейді ол. Сөйтіп, ол өзі аралаған алты елді­ мекендегі мәңгілік мекен­де­рін­де жатқан жиырмадан астам жерлес боздақтарымыздың аты-жөндерін жазып алыпты. Олар: Петр Жук – Қостанай қаласын­да туған, Семен Осадчий – Қара­ғанды қаласынан, Яков Юрченко – лейтенант, Жамбыл облысы­ның Шу қаласынан, Васи­лий Коржов – старшина, Сол­түстік Қазақ­стан облысының Мило­ви­дов­ский селосынан, Ха­мид Есмульдиев – жауынгер, Батыс Қазақстан облысының, Жымпиты ауданынан, Тамим Жүнісов – Ақ­мола облысының, Алексеев (қа­зіргі Ақкөл) ауданы­нан, Тайыр Құдайбергенов – сержант, Шым­кент қаласынан, Кензибак Кө­ше­нов – Ақмола облысынан, Осип Степанов – лей­тенант, Қызыл­орда қаласы­нан, Юнур Суров – Жамбыл облысынан, Сейнек Ба­қы­шов – Сырдария ауданы­ның, Бахт қаласынан, Қасен Біләлов – бұ­рынғы Семей облысы­ның Көк­нет селосынан, Михаил Матю­­­хин – Қарағанды қаласы­нан, Андриан Намайбаев – Ақтөбе облысынан, Федор Козлов – Семей қаласынан, Николай Миро­ненко – сержант, Алматы қаласынан, Иван Еремин – сержант, Қарағанды қаласынан, Маментбек (Мамытбек болар) Ибрагимов – қазақстандық де­лін­ген, Иван Кабанов – Қазақ­стан­нан, Игумбай Кендербаев – Қазақстаннан, Иван Овчаренко, сержант, Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданынан, Иван Сивун – Солтүстік Қазақ­стан облысының Мамлют ау­данынан, Ғайніш Таңатаров – Атырау облысының Махамбет ауданынан, Федор Воропаев – Семей қаласынан... Егер осы есімдері аталған мерт болған майдангер жерлес­теріміздің ұрпақтары, ағайын-тумалары табылып, Төлегенмен хабарласқысы келсе, Ақтаудағы 317509 телефонына хабарласуға болатындығын қаперге саламыз. Жоламан БОШАЛАҚ, АҚТАУ.