Балалар интернет-маркетинг, ойын дизайны, python әзірлеу, веб-дизайн, веб-әзірлеу, мобильді әзірлеу, дыбыстық дизайн, әлеуметтік медианы басқару, цифрлы коммуникация және бейне жасау сияқты салалар бойынша 10 онлайн курсқа қол жеткізді. Арнайы әзірленген интерактивті платформада кәсіптік бағдар беру тестілері, бейне сабақтары бар блоктар, тренингтер және практикалық тапсырмалар орналастырылған.
«Бұл жобаға мектебімізден 20 оқушы қатысып жатыр. Digital Maman болашақтың мамандықтарын үйрететіндіктен, балалар қызығушылық танытып, белсенді қатысып жүр. Бұл бағдарламадан үлкен үміт күтілуде, болашақ студенттерге мамандық таңдауда көмектеседі деп ойлаймын. Әрине, балалар үшін бәрі жаңалық, олар мұндай мамандықтар туралы естіп қана қойған, енді тереңірек үңіліп оқып, іс жүзінде жобалар жасай бастады», дейді №78 мектеп-гимназиясының директоры Раушан Қожамбетова.
Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, дүние жүзінде цифрлы мамандықтарды меңгеруге дайын студенттер саны жыл сайын артып келеді. Қазақстанда цифрлы мәдениеттің дамуы, цифрлы құзыреттерін дамытатын және жаңа стартаптар мен жобаларды құруға құштар, жас жігіттер мен қыздарды біріктіретін қауымдастықтар құру қажет.
«Digital Maman – жоғары сынып оқушыларына 21 ғасырға сай дағдыларды үйретуге бағытталған Қазақстандағы алғашқы бағдарлама. Веб-әзірлеуді үйрете отырып, бағдарламалауды мектепте меңгерген оқушылар бәсекеге қабілетті болып, университет бағдарламасына дайын болады деп ойлаймын», деп бөлісті фронтенд әзірлеушісі және Element бағдарламалау мектебінің мұғалімі Аянбек Шынар.
«2021 жылдың қарашасында Digital Maman бағдарламасы бойынша, Алматыдағы 50 мектепте оқуды бастаған 1 мың оқушы жетекші сарапшылардан цифрлы білім мен дағдылар алды. 6 мың оқушының өз бетімен білім алуына мүмкіндік берілді. Демо күні мектеп оқушыларының нәтижелерімен көрнекі түрде танысуға мүмкіндік береді және оқушыларға цифрлы құзыреттіліктерді үйретуден басқа, өз жобаларын үлкен аудиторияға ұсыну арқылы soft skills дамытуға, цифрлы технологияларға құмар адамдарды, жаңа достар табуға көмектеседі», дейді жобаны ұйымдастырушылар.