Білім • 29 Наурыз, 2022

Тақпақ емес, шатпақ дерсіз...

1315 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Көктемнің бірнеше мерекесін өткіздік. Мем­ле­кеттік деңгейдегі атаулы күндер жақындаған сайын балаларға тақпақ тарату басталады. Содан соң оның кейбірін, соңғы кезде көбін ата-аналар әлеу­меттік желілерде таратады. У-шудың көкесі сон­дай сәтте басталады. Өйт­кені тақпақтардағы ұйқас­тардың жоқтығы бір бөлек, мән-мағынасыз, құлақ­қа түрпідей тиетін тіркес­терден сөз ұғатын адамның бәрі ұялады.

Тақпақ емес, шатпақ дерсіз...

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ұйқассыз тақпақтар

8 наурыз мерекесі жақындап қалған кез. Үш бала тәрбиелеп отырған бір әріптесіміз жұмыс бөлмесіне кіре сала бәрімізге өлең оқып бергісі келетінін айтты. Отырғандардың назары өзіне ауғанын аңдағанда:

«Мәпелеп мені өсірген

Ризамын мен өзіңе

Ана деген керемет,

Сыйлап өтем өмірде», деп дауыстап оқып берді. Осыны оқып болған соң: «Түк ұйқас жоқ. Ұйқаспайтын тақпақты балаға жаттату да қиын», деді көңілі толмаған түрмен.

Рас, ұйқасы келіспейтін өлеңді жаттау – көбімізге қиын. Оны бір орында тұрмайтын, дегенін істетпей тынбайтын балаға жаттату – одан бетер машақат. Әлгі әріптесіміз бұл кезеңнің бәрін басынан өткізіпті. Өйткені жаңа жылда сол балаға мынадай тақпақ берген екен:

«Сұлу сәнді шыршаға

Көз тоймайды қарасаң

біздер үшін орманнан

жіберіпті Аяз ата».

Біз тақпақтарды қалай жазылса, солай беріп тұрмыз. Қалай жазылғанын былай қоя тұрайық. Ал осындай ұйқас­пайтын «ұйқастар» қайдан шығады? Бұл сұраққа сізден де бір жауап табылатын шығар. Сарапшылардың да төменде берілген пікірін оқи жатарсыздар. Оған дейін мынау бір желіде көп таратылған тақпақты қарайық, тақпақ деуге келсе. Жіңішке жыртылған қағазда:

«Айналайын анашым,

Әлпештеген баласын.

Еміп өскен бөбекпіз

Анамыздың мамасын», деп жазылыпты.

Осы шимайдың тұсында «Ердәулет» деп жаттайтын баланың аты көрсетілген. Қа­лам­мен жазылған баланың атына қарап, тәрбиешінің, яғни үлкен адамның жазуы екенін білуге болады. Баланың тіліне деген мұндай немқұрайды қарым-қатынасқа кім кінәлі? Сорақылықтың себебі неде?

Мұғалімдер балалар басылымдары барын білмей ме?

Балалар ақыны, түрлі ұйқасты тақ­пақ­тар мен тілі жеңіл өлеңдердің авторы Серікбол Хасан мұндай мәселе ізденістің жоқтығынан туатынын айтады.

«Балалар өлеңі кәсіпқойлық дең­гей­ден педагогикалық деңгейге түскенде жағдай осылай болады. Сол үшін ақын өлеңін жазу керек, педагог бала оқыту керек. Педагогқа тыраштанып өлең жазу шарт емес. Ана туралы осы уақытқа дейін балаларға арналған қаншама өлең жазылды. Соны тауып берсе жетіп жа­тыр ғой. Сондықтан бұл жердегі мә­се­ле тәрбиешілер мен мұғалімдерде ізде­ніс­тің жоқтығына байланысты болып тұр. Жасыратыны жоқ, қазір кейбір тәрбиеші, мұғалімдер әдеби кітаптардың бетін ашпайды, кітапханаға бармайды. Әйтпесе, қа­зақ балалар әдебиетінде балаларға арналған өміршең өлеңдер өте көп. Тіпті, табанын тоздырғысы келмесе, онлайн кітапханалар, түрлі электронды кітаптар қоры жинақталған kitap.kz, kazneb.kz жобаларын қарауға болады. Қа­зір ізденем деген адамға мүмкіндік көп. Сол мүмкіндікті пайдалану қажет», дейді С.Хасан.

Оның ойынша, әркім өз ісімен шұ­ғыл­данса, қоғам алға басады. Әрине, мұға­­лімге жүктелетін жүк ауыр. Бірақ мық­ты мұғалім жеңілдететін жол табады. «Ұлан», «Балдырған» секілді газет-журналдарда үнемі балаларға арналған жаңа дүниелер жарияланып жатады. Өкі­нішк­е қарай, кейбір мұғалімдер мұндай балалар басылымдарының бар екенін де білмейді. Бұл – үлкен қасірет.

Қазіргі таңда ақын-жазушыларды әлеуметтік желілерден оңай тауып, олармен жедел байланысуға болады. Оларды педагог қауым іздей ме? С.Хасанның айтуынша, оны тәрбиешілер іздемейді екен. Бірақ олардан бұрын болашақты ойлайтын, ұлттық идеологияға жауапты тұлғалар балалардың әлемін «әрлей» алатындардың басын біріктірер ортаны іздеуі керек секілді. Мұны ақын да айтып отыр. «Хабарласып, кеңесіп тұратын мұғалімдер бар, көбіне кітапханашылар бай­ланысқа шығады. Пандемия кезінде елі­міздің әр аймағынан 10-нан аса кітап­хана менімен онлайн тікелей эфир өткізді. Алайда тәрбиешілер ха­бар­лас­қан емес. Балабақшаның балаларына жаз­ғандарым бар, бірақ бұл сол бағытты толық меңгердім деген сөз емес. 3-5 жас аралығындағы балаға жазу өте ауыр, бірақ жазуға болады. Мен осы бағыт бо­йынша көп әдіскермен, педагог-ғалыммен сөйлестім, бірақ ешқайсысы маған көмек бере алмады. Бізде ұжымдық жұмыстар атқару керек. Педагог, әдіскер, психолог, жазушы, бәрі бірігіп істейтін дүние көп», дейді С.Хасан.

Сабақ жоспарын да ақыға жаздырады

10 жылдан бері педагогика саласында табан аудармай еңбек етіп келе жатқан бірінші категориялы тәрбиеші Ұлбике Өмірбекқызы көп әріптесінде ізденістің жоқтығын растап отыр. «Тәрбиешілер ізденістің жоқтығынан интернеттегі дайын дүниені алып, балаларға тақпақ қылып тарата салады. Көзіне 4 қатар көрінсе болды, оны өзі оқып та жатпайды. Қателік осы жерден кетеді. Көбін еріншектік, жалқаулық, немқұрайдылық құртады. «Дайын асқа тік қасық» бола салады, артық қи­мыл­дап, басын ауыртқысы келмейді. Сце­на­рий, мақала, тіпті ашық сабақтың жоспарын ақшаға жазғызатын педагогтер бар, дайынға жүгіреді. Мұның соңы жоғарыдағыдай сорақылыққа алып барады. Әрине, барлығы сондай де­меймін, жұмысқа жауапкершілікпен қарай­тындар бар. Бірақ олардың өзі кәсіби қателік жіберіп жатады. Ондайлар – әдетте жолдан қосылып, педагог болып жүргендер. Мысалы, мен өз айналамнан білемін, балабақшада жұмыс істейтін тәрбиешілердің көбі «Мектепке дейінгі тәрбие» мамандығын бітірмеген. Дәл сол мамандықты тауысқаны туралы дипломы болғанымен, сырттай немесе қашықтан оқыған, практикадан өтіп көрмеген», дейді Ұ.Өмірбекқызы.

Тәрбиешінің пайымынша, жоғары оқу орындарының немесе ғылыми зерттеу институттарының қызметкерлерін ғана емес, бастауыш сынып мұғалімдері мен тәрбиешілерді де шетелдік беделді педагогикалық ұйымдарында іс-тәжіри­бе­ден, тағылымдамадан өтуге жағдай жасау керек. Мұндай мемлекеттік бағ­дар­лама биыл жас ғалымдарға арнап енгізілді.

«Тәрбиешілер педагог мәртебесін алды ғой, олар да барлық педагог қа­уым­ның құрамына кіреді. Алайда әлі күнге дейін тәрбиешілердің беделі төмен. Оны күнделікті практикадан көріп жүрміз. Мек­тептің мұғалімі десе, кішкене дұрыс қарай­ды, ал балабақшада тәрбиеші еке­ніңді айтсаң, қараған көз­қарасы, та­ныт­қан реакциясымен-ақ төмен тап­қа жатқызып қояды. Ата-ана­лардың өзі­нен соны байқаймыз. «Мек­тепке де­йін­гі білім беру» маман­ды­ғын бітір­ген түлектерді өз саласында жұмыс істеуге ынталандыру керек. Мектеп мұға­лім­де­рінің жалақысы арт­қан шығар, айы­­на жарты миллион тең­ге­леп алатын­дар бар. Бірақ көп бала­бақ­­ша тәрбиешілерінің еңбекақысы әлі күнге дейін мардымсыз. Неге? Себебі бізде жекеменшік балабақшалар көп. Бұл – кейбір кәсіпкерлердің табыс көзі ғана. Онда жалақыны әдетте жеке­мен­шік балабақша иелері бекітеді. Бар­лық маманға бірдей мемлекеттік бала­бақ­шадан жұмыс табыла бермейді, сондықтан амалсыз жұрттың жарты күн жұмыс істеп алған жалақысын таң атқаннан қас қарайғанша жүріп әзер алатын әріптестер баршылық. Олар­дың артық ізденуге де уақыты жоқ. Оның үстіне жекеменшік балабақшалар тәр­бие­шілерін түрлі семинарларға жібе­ріп, кәсібилігін шыңдап отыруға артық шығын шығарғысы келмейді», дейді тәрбиеші Ұ.Өмірбекқызы.

Балабақшада 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан сарапшымыздың тағы бір сөзінде салмақ бар. Ұ.Өмірбекқызы бала­бақшаларда тәрбиешілерге әдісте­ме­лік, кәсібилік тұрғыда бағыт-бағдар беріп, оқу-тәрбие жұмыстарының жос­парын тексеріп, бекітетін әдіскер ла­уа­­зымына нағыз мамандардың бара бермейтінін жеткізді. Өйткені әдіс­кер­лер өзінен лауазымы жағынан төмен тұратын тәрбиешіден де аз жалақы ала­тын көрінеді. Ал шын мәнінде бала­лар­ға берілетін әрбір тақпақ пен мәтін алдын ала тексеріліп, електен өтуі қа­жет. Бірақ бұлай болмай тұр. Егер тексеріліп, бекітілгені жоғарыдағыдай шат­­пақтар болса, тәрбиеші ғана емес, әдіс­­керде, оған қол қойған директорда да жауап­кер­шілік жоқ деген сөз.

Мамандарды маман еместер даярлайды

Студент аспирантурадағы ғы­лы­ми жұмысын да, одан кейінгі док­торлық диссертациясын да мектепке дейінгі білім беру саласы бойын­ша қор­ғаған профессор Сайра Нағашы­бай­қызы түйткілдің түп-тамыры неде екенін айтты. «Ізденімпаз тәрбие­ші­лер­­дің қа­лып­таспауы – оларды оқу ор­нында маман емес адамдардың оқыт­қанынан. Осы саланы зерттеп жүр­­­гендіктен, тәжірибе алмасу мақ­са­тын­да педагогикалық мамандарды даяр­лайтын отандық уни­вер­­ситеттерде жиі боламыз. Сонда бір нәрсеге қын­жы­ламыз. Болашақ тәр­бие­шілерге «Ме­к­тепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығын бітірмеген оқытушы, сол салада зерттеу жасамаған про­фессор сабақ береді. Еліміздегі көп жоға­ры оқу орнында осындай жағдай, оның ішінде ұлттық университеттер де бар. Мұндай мамандарды қайта даярлау­дан өткізу жұмыстары қолға алынып жатыр ғой. Меніңше, осы қайта даярлау теория түрінде аудиторияда емес, балабақшада практика есебінде өтуі керек. Бірақ бұдан да бұрын «Мектепке дейінгі білім беру» бағыты бойынша докторантураға бөлінетін грант са­­нын арттыру қажет. Сол арқылы ғана оқытушылық құрамның сапасын жақ­сартуға болады. Екінші мәселе, осы тәрбиеші мамандығына оқуға түс­кендердің басым бөлігі – адасып, яғни қаламай келгендер және төмен балмен әупірімдеп іліккендер. Олардың онсыз да үлгерімі, ынтасы, ықыласы нашар келеді. Мұндайларды алға сүй­реу де қиын. Жылына ең көп дегенде жоғары оқу орындарынан 700-дей тәрбиеші даярланып шығады. Ал елімізде 10 мыңнан аса балабақша бар. Мұндай мамандықты әдетте қыздар оқиды, олар отбасы жағдайымен жұмыс іс­темей жатады. Қаламай түскендер бас­­қа салаға ауысады. Сондықтан на­­ғыз мамандар жетіспейді», дейді С.Нағашы­байқызы.

Профессордың айтуынша, әдісте­мелік құрал мен өлеңдер жинағы бұ­рын­ғыдай тек Үкіметтің бақылауымен, тексеруімен шығарылмайды. Әркім өз бетімен әртүрлі дүние жасайды. Бұл аппробациядан өтті ме, жоқ па, белгісіз. Оны педагогтер де әбден тек­серілгендей, қолдана жөнеледі. Мәселе осы жерден басталады.

«Көпшілікке тарап кеткен кішкентай киіз үй бар. Оны қоссаң, түрлі өлең-тақ­пақтар оқылады. Бірталай дүние бар ішінде, бірақ біреуі де жарамсыз. Соны дұрыстайық деп қаншама рет айттық. Құлақ асқан бірі болмады. Сол секілді мысал өте көп. Қазір на­рық заманы, әркім өз ойлағанымен ай­на­лыса алады. Бірақ еркіндіктің де тиім­сіз тұстары бар. Бақылау болмайды. Кім не шығарып, кімнің не таратып, қалай оқытып, қандай тақпақ жаттатып жатқанын біл­мей қаласыз. Биыл Балалар жылы жа­рияланды. Сол себепші болып, тым болмаса ақындар мен педагог-психологтердің басы бірігіп, зерт­­телген жинақ шығарылса жақсы бо­лар еді. Ақын-жазушылар да ересектерге арнап жиі жазады, оқушыларға ар­налған шығармаларын табуға болар. Ал мектепке дейінгі балаларға ла­йық­ты өлеңдерді табу өте қиын. Бұған оқу­лық жазу кезінде көз жеткізгенбіз. Со­н­дықтан ақын-жазушыларды дәл осы деңгейде жазуға ынталандырудың жол­­­дары қолға алынуы керек. Бұл үшін әлбетте қаламгерлер ең алдымен мек­тепке дейінгі балалардың психоло­гия­сын білгені жөн. Көрдіңіз бе, біз тағы да жүйеге келіп тірелдік. Жоғары оқу орын­дарында әдебиет, мәдениет, жур­на­листика саласының студент­те­рін­е жас ерекшелік психология­сы ар­найы оқытылуы қажет», дейді С.Нағашы­бай­қызы.

Осыған дейін балабақшалардың санына, 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту көрсеткішіне жұмыс істеп келген жауапты министрлік жақында сапаға қарай ойыса бастады. Бұл істің қашан және қандай нәтиже беретіні белгісіз. Мәселе нәтижеде, одан бұрын көзделген мақсатқа жетудің жолында. Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленгенін хабарлады. Бұл да оқыту мен білім беруге байланыс­ты. Иә, балабақшада да, мектепте де оқыту, білім беру барысы бекітілген стандарт пен бағдарлама негізінде жүргізіледі. Ал тәрбие жұмыстары ше?.. Бұл алдын ала сараланып, електен өткізіліп, бекітуге тұрмайтын дүние ме? Тәрбие қашан бірінші орынға шығады? Білімнен бұрын тәрбие керек емес пе?