Пікір • 30 Наурыз, 2022

Елдік мүдде толғандырған шақ

200 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазір күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Түрлі сынақтарды бастан кешудеміз. Қаңтар қасіреті халқымыз бен мемлекетімізге үлкен сынақ болды. Халық қашанда болашағына алаңдайды. Әрбір ата-ана өскелең ұрпақ бейбіт заманда, ашық қоғамда өмір сүріп, білім мен еңбек жолында табыстарға жетсе екен деп тілейді. Осындай сәтте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған жаңа Жолдауы халықтың сенімін нығайта түсті.

Елдік мүдде толғандырған шақ

Өткен күннен сабақ алуды қажет деп есептейтін Мемлекет басшысы биылғы қаңтарда Қазақстанның ішкі және сыртқы жауларының тәуелсіздігімізге үлкен қауіп-қатер төндіргенін ашық айтты. Бейбіт шеруге шыққандарды пайдаланып, ниеті мен мақсаты бөлек адамдар елде төңкеріс жасауды көздеді, бірнеше қалада ғимараттарды қиратып, өртеді және көптеген сауда орталығын тонады. Небір арандатушылық әрекеттер жасады. Алайда елдігімізге сызат түскен жоқ. Халқымыз мызғымас бірлігі мен ынтымағын сақтап қалды.

Қ.Тоқаев бұл Жолдауда кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Ата Заңы­мызға елеулі түзетулер енгізіле­тін болды. Соның ішінде лауазымды тұлға­лардың өз құзыретін асыра пайда­лануға жол бермеу мақсатындағы бастамасы халықтың көңілінен шығып отыр. Конс­титуцияның 40-бабының 2-тармағында: «Республиканың Президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конс­­ти­туцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостан­дық­тарының нышаны әрі кепілі», деп жазылған.

Президент өз қызметі кезінде тыныш өмірді қамтамасыз етіп, халықтың бірдей мүмкіндікке ие болуына кепілдік беретінін айта келіп: «Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл барлық деңгейдегі басшыларға үлгі болуға тиіс.

Мемлекет басшысы өзінің бастамалары жұртшылықтың өтініштері, сондай-ақ Парламент депутаттары, Конс­титуциялық кеңес, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғарғы сот және беделді сарапшылардың ұсынымдары негізінде қалыптастырылғанын ескертіп өтті. Сонымен қатар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде көкейкесті мәселелер талқы­ланып, ортақ тұжырымдар жасал­ғанын жеткізді. Енді аталған кеңестің орнына ха­лықтық негізде Ұлттық құрыл­тай құры­латын болды. Ол еліміздегі ең өзекті мәселелерді шешудің жолдарын қарас­тырып, нақты ұсыныстар беретін болады.

Президент көтерген өкілді билік тармағын қайта құру да заман талабы. Парламенттің қос палатасының құрамы өзгереді. Сонымен қатар қоғамдағы рөлі нығая түседі. Жұрт­шылықтың би­лік­ке деген сенімін нығайту мақсатын­да жергілікті мәсли­хаттардың да өкілеттігі артады. Бұл өңір­лердің саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуына оң ықпал етеді.

«Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді», деп қоғамдағы орын алған кемшіліктерді анық көрсеткен Мемлекет басшысы сайлау жүйесін жетілдірудің жолдарын атады. Сайлаушылардың мүд­десі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табуы үшін Мәжілістің депутат­тық корпусының 70 пайызын про­пор­ционалдық, 30 пайызын мажо­ри­тарлық тәсілмен жасақтау керек­тігін алға тартты. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл ұсынысы да қазір халық­тан толық қолдау тауып отыр.

Барлық партияны дамытуды ұсынды. Бәріне тең мүмкіндік беру мақсатында тиісті заңдарға түзету енгізіледі. Осыған орай жауапты органдарға нақты тапсырмалар берілді.

Абай, Ұлытау және Жетісу деп аталатын жаңа үш облыстың құрылатыны отандастарымызға ерекше қуаныш сыйлаған жаңалық болды. Мұның бәрі сол өңірлерді өркендету үшін жасалып отырған қадам. Мұндай мысалды Түркістан облысының орталығы болған Түркістан қаласынан көріп отырмыз. Сонымен қатар ішкі көші-қон мәселесін реттеуді көздейді.

Бүгінгі таңда қаржы тұрақтылы­ғын сақтаудың маңызы зор. Осы ретте Пре­зи­дент дағдарысты болдырмау үшін оның алдын алатын қажетті іс-шара­ларға тоқталды. Үкіметтің бұл істе өте қырағылық танытып, кешенді жұмыс­тарды жүзеге асыруы тиіс екенін айтты. Өйткені ұлттық валютаның құнсызданып кетпеуі және экономикалық өсімнің сақталуы – басты міндеттердің бірі.

Алдағы уақытта азық-түлік өнім­дерінің бағасы шарықтап кетсе, ол да халыққа ауыр тиеді. Көктемде егін егу науқаны басталады. Бұл біздің Қазақстан үшін маңызды кезең. Солтүстік облыстарда, әсіресе Қостанай өңірінде астықтан мол өнім алып келе жатқаны­мыз белгілі. Мемлекет басшысы көктем­гі егін егу науқанын сапалы өткізуге баса назар аударды. Диқан қауымын қажетті жанар-жағармаймен, техникамен, тұқым және тыңайтқышпен қамту ісін жолға қойғанымыз абзал. Үкімет пен әкімдіктерге осы жұмыстарды жүйелі жүргізуді тапсырды. Қ.К.Тоқаевтың «фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау керек», деген сөзі шаруа қожалықтарына үлкен үміт сыйлап отыр.

Өйткені астық өндіру бір адамның не шаруа қожалығының жеке ісі емес. Астық – елдің байлығы, халықтың ырыз­дығы! Қазақстанда егін жақсы шықса, халық ештеңеден тарықпайтыны анық. Астығы мол елде аштық болмайды!

Біздің Президентіміз ел азамат­тары­ның ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалайтынын, өзі үшін елдің амандығы мен жеріміздің тұтас­ты­ғынан асқан құндылық жоқ екенін мәлімдеді. Өсіп-өркендеген Жаңа Қазақ­станды құруға күш салып жатқан Мемлекет басшысының бастамаларын толық қолдаймыз және кешенді бағдарламалардың толық жүзеге асуы үшін барша қазақстандықтар атсалысады деген сенімдемін.

 

Тоқтарбай ҚАДАМБАЕВ,

қоғам қайраткері

 

Қостанай