Пікір • 30 Наурыз, 2022

Адам құқығын қорғаудың ең жоғары тетігі

490 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауда айтқан Конституциялық сотты құру туралы ұсынысы – Жаңа Қазақстан үшін маңызы жоғары жаңалық. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болып, ХІХ ғасырдың 60-жылдарына қарай 80-ге жуық елде салтанат құрып үлгерген бұл институт бүгінде демократияның ажырамас белгісі ретінде қаралады.

Адам құқығын қорғаудың ең жоғары тетігі

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қазақстанның құқықтық жүйесі тұтас­тай алғанда континенталдық (романо-германдық) құқықтық отбасыға жатады. Соның ішінде романдық бағытқа келетін белгілері басымдау (ал ресейлік құқыққа германдық сипат көбірек тән). Роман­дық бағыттағы Франция құқы­ғында Конституциялық әділ сот инсти­туты жоқ. Сондықтан оның орнына біздегі сияқты консультативті орган – Конс­ти­туциялық кеңес жұмыс істейді. Анығында біз Франция тәжірибесін көшіріп алғанбыз.

Конституциялық сотты құру туралы мәселе қойылған тұста, қай елдің тәжірибесін ескеруге тиіспіз деген заңды сұрақ туындайды? Романдық дәстүрде бұл институт жоқ немесе аса жетіле қоймаған. Қалып отырғаны германдық бағыттағы елдердің тәжірибесі (Скандинав елдері бұл институттан бас тартқан), соның ішін­де жақсы болсын, жаман болсын Зорькин, Тумановтар басқарған, әлі де бас­қарып келе жатқан Ресей тәжірибесі бар.

Жалпы юрисдикциядағы соттар өз алдына құқық нормасын түзе алатын­дықтан АҚШ секілді англо-саксондық елдер үшін конституциялық юстиция­ны әдейілеп құруға қажеттілік жоқ. Сондықтан бұл елдердің құқықтық моделі үлгі болуға келмейді. Десе де әділ сот, жалпы құқық туралы танымымыз эмпиризмі басым ағылшын-америкалық құқықтық мәдениетке көбірек туысатындықтан, оның фунда­менталды заңдылықтары мен процес­суалдық принциптерін (жарыс­пашы­лық, жариялық) сөзсіз ескеруге тиіспіз. Оның үстіне әлем ғана емес, құқық та жаһанданып, оның интерком­муни­кативті сұлбасы күн өткен сайын кеңеюде.

Бұл мәселенің сондай-ақ екінші жағы бар. Тек шетелдік тәжірибені емес, әділ сот туралы қалыптасқан ұлттық құқық­тық ой мен тұжырымдарды, тарихи-мәдениеттанушылық негіздерді тең ескеру қажет. Осылай қарағанда ғана құрылуы көзделіп отырған Консти­туция­лық сот тиімді жұмыс істейтін институтқа айналады.

Конституциялық соттың басты артықшылығы, оның тек адам құқығын жоғары деңгейде қорғауында ғана емес, сонымен қатар Конституция нормаларын тікелей қолдануы және іске асыруы болып табылады.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр­ғандай, Конституциялық соттың корпусы негізінен академиялық сынмен қарай алатын құқық профессорларынан қалыптасады. Олардың шығар­ған шешімдерін, ондағы келтіретін концептуалды уәждер мен бейтарап негіз­деулерін оқудың өзі неге тұрады?! Бұл түптеп келгенде отандық конституцио­нализм мен конституциялық құқық ғылымының дамуына да үлкен серпін беретіні сөзсіз.

Конституциялық соттың корпу­сын қалыптастыруда Президент пен Пар­ламент теңдей қатысқаны жөн. Қай­сыбіріне басымдық беру сот тәуел­сіздігіне нұқсан келтіруі ықтимал.

Құрамы 12 судьядан тұрғаны жөн. Бұл әлемдік тәжірибемен салыстыратын болсақ көп те емес, аз да емес, дәл ортасы болып шығады. Мәсе­лен, бұл көрсеткіш Моңғолияда – 9, Бразилияда – 11, Испания мен Иран­да – 12, Грекияда – 13, Польшада –15, Германияда – 16. Оның үстіне қазақ­тың әділ сот тарихында 12 биден тұра­тын хан кеңестері жиі кездесетін құбы­лыс. Мәселен, Шыңғыс ханның, Жәңгір ханның жанында 12 биден тұратын кеңестері болған деген дерек бар. Жаңа қалыптасып жатқан институт болғандықтан, азаматтар тарапынан жолданатын істер де көп болады, сон­дай-ақ Конституция нормаларын қол­данудың соттық практикасын қа­лып­­тастыру да маңызды жұмыс.

Ендігі жерде Конституциялық соты бар елдің алдында тұрған кезекті мін­дет ол – Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотқа (ЕСПЧ) мүше болу. Қазақстанның бұған территориялық қана емес (Франция сыйып кететін Батыс Қазақстан облысы Еуропа континентіне жатады), юрис­дик­циялық та негіздемесі бар. Сондық­тан Конституцияға отандық құқықтың еге­мендігін қамтамасыз ететін нормаларды алдын ала ескеріп енгізу қажет болады.

 

Қазыбек ДАУТАЛИЕВ,

заң ғылымдарының кандидаты,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы