Желтоқсан айының басында өзім емделетін емханадан тиісті тегін дәрілерімді алмақшы болып барғанымда дәріхана қызметкері: «Дәрі жоқ, оны алуға ақша жоқ», деді. Содан ішімнен бюджеттен қаржы бір жылға деп бөлінеді. Сонда екі-үш айдың ақшасы қайда кетті екен деп ойладым. Ал тілімнің ұшына нақты не келгенін айтпай-ақ түсінуге болатыны анық. Өйткені аса тереңдеп кеткендіктен, бізде жемқорлық деген пәлекеттің тамырына балта шабу оңай шаруа болмай тұр. Қазақта «Үш жылдығын ойламаған еркектен без...» деген сөз бар. Ал бұл шенеуніктер үш жыл түгілі, келесі жылдың дәрілерін де үздіксіз алып тұруды ойлай қоймайтын сияқты. Сонда ауру адам дәрі ішпеуі керек пе, әлде аз ғана зейнетақысынан жырып дәрі сатып алуы керек пе? Мысалы, мен күніне бес-алты түрлі дәрі ішемін. Дәріхана бермеген соң дәрілерді сатып алуға мәжбүр бола бастадым. Әр дәрінің құны үш мың теңгеге таяу. Есептей беріңіз...
Екінші мәселе, табанжолдардың аса тайғақ екені. Жаяу жүру мүмкін емес. Мен амалсыздан көлік жүретін жолдың шетімен жүруге тырысамын. Бір жағынан көлік қағып кетпес пе екен деп қорқамын. Жол қызметінің бір жұмысшысынан неге жаяу жүргіншілердің жолын мұздан тазартпайсыңдар деп сұрап едім, проблеманы білеміз, тұз жоқ, деген жауап алдым. Елімізде, жалпы әлемде не көп, тұз көп емес пе?!
Бізде бір жаман әдет бар, оқиға болғаннан кейін ғана ойлана бастаймыз. Бұл жағдайда да біраз адамның құлап, майып болуын тосып жүрген сияқтымыз. Жолға жауап беретін басшылар үкімет адамдары ғой, олар ел Президентінің халықты еститін мемлекет құрайық. Үкімет адамдары халықтың мұң-мұқтажына құлақ қойып, тез арада шешу жолдарын қарастырулары тиіс, деген сөздерін естімей ме әлде?
Осындай кемшіліктерді әр саладан табуға болады. Сондықтан өз ісіне жауапсыз басшылардан құтылу керек немесе оларға қатысты қатаң шаралар қолдану қажет. Әсіресе астана басқа қалаларға үлгі болуы керек қой. Мұны менің қала тұрғыны ретіндегі жанайқайым деп түсініңіздер.
Хамила ҚҰЛБЕКҚЫЗЫ,
зейнеткер
НҰР-СҰЛТАН