Жолдауға зейін салсақ, оның басты ерекшелігі жыл басындағы қанды қаңтар оқиғасына әкеліп соқтырған және соның себептерінің бірі болған мемлекеттік саяси институттардың, оның ішінде конституциялық органдардың арасындағы тепе-теңдікті қалыптастыра отырып, олардың қызметін реформалауға бағытталған. Бұл биылғы Жолдаудың ел өміріндегі ауқымы үлкен, мәні терең екендігін білдіреді.
Реформалауға бағытталған органдар қатарында Парламент Сенаты, Парламент Мәжілісі, президенттік институттар, әкімдіктер мен сайлау институттары бар.
Тәжірибе көрсеткендей, осы уақытқа дейін басшылыққа алынып келген «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген қағидат соңғы кездері толық нәтиже бере алмады. Басында дұрыс көрінгенімен, соңғы кездегі қоғам өзгерістеріне толық сай келмеді. Енді елімізде екеуін қатар алып жүретіндей жағдай қалыптасып отыр. Өйткені халықтың саяси белсенділігі уақыт өткен сайын арта түсуде. Қоғамның билікке қояр талабы күшеюде.
Менің ойымша, саяси реформаларды қамтитын негізгі шаралар пакеті Жолдаудан көбірек орын алды. Соған сәйкес экономикаға қатысты реформалар жағы аздау қамтылғанын түсінуге болады. Бұл әрине, экономикаға мән берілмей отыр деген сөз емес. Бұл жерде қоғамда күтілген саяси өзгерістер экономикалық процестерден кейіндеп қалғаны себеп болып, Жолдау осы олқылықты толтыруға бағытталып отыр деген ойдамын. Әдетте саясаттың базистік, яғни іргетастық мәні молырақ болып келеді. Ал экономика дегеніміз соның үстінде тұратын қондырма. Іргетасты дұрыс реттеп алмай тұрып, қаланған қондырманың қаншалықты берік болатынына сенім арту қиын. Жолдауда саяси мәселелерге басты екпін түсірілуі осы себептен деп түсінемін.
Әрине, экономикамызда да қордаланып қалған мәселелер бар, тіпті олар аз да емес және бұл мәселелер соңғы уақытта ғана қалыптасқан дүниелер емес. Саяси мәселелердің экономикалық процестерден кейіндеп қалуының өзі уақытында шешіліп отыруға тиіс осы әлеуметтік-экономикалық проблемалардың шешімін де күрделендіре түскенін байқауға болады. Ал енді алдағы уақытта саясат пен экономиканы қатар алып жүру ісі аталған проблеманың оң және жеңілірек шешілуіне жағымды ықпал етеді деген ойдамын. Мемлекет басшысының әуелгі жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының негізгі мәні мен сипаты да елімізде басталып жатқан осы саяси реформалар арқылы барынша ашыла түсуі тиіс. Қысқасы, Жолдауда қарастырылған мәселелер арқылы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі алға қойған мақсатқа берік екенін көрсетті.
Президент атап көрсеткендей, осы Жолдау аясында Конституцияның 30-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жиырмаға тарта заңнамалық актілер қабылданатын болады. Яғни күтілетін өзгерістер ауқымы аз емес.
Енді осыған сәйкес қабылданатын жүйелі шаралар аясында экономикалық реформалар пакетін әзірлеп, күшейту керек. Өйткені әзірленген саяси реформалар пакетін экономикадағы өзгерістермен сүйемелдемесе оның әсері аздау болып, бірте-бірте кедергілерге тап болуы мүмкін. Мәселен, Үкіметімізде экономикалық өсуді ынталандыру, шапшаңдату жөнінде түбегейлі шаралар әлі күнге дейін әзірленген жоқ. Менің ойымша, осындай бағдарламаны кешіктірмей қабылдап, жүзеге асыра бастау қажет.
Қайырбек АРЫСТАНБЕКОВ,
Экономикалық саясат институтының директоры