
Мұғалімдер біліктілігін арттыруға ынталы
Білім және ғылым министрлігі жанындағы Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Каримова педагогтердің біліктілігін арттыруға қатысты өзгеріске тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдаудағы тапсырмасы негізінде педагогтердің біліктілігін кемінде үш жылда бір рет арттыру нормасын енгізу бойынша заң жобасы әзірленді және қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Сенатында қаралып жатыр. Мұғалімдердің біліктілігін арттырудың 3 жылдық моделін енгізу халықаралық тәжірибеге, TALIS зерттеулерінің нәтижесіне негізделген. Дамыған елдердің халықаралық тәжірибесін қарастырсақ, Сингапур, Финляндия сияқты елдерде біліктілікті арттыру жылына кем дегенде бір рет, ал Ресей Федерациясында кемінде үш жылда бір рет жүзеге асырылады. Аталған заң жобасы бұдан бөлек жалпы статистикалық зерттеулердің нәтижелеріне де сүйеніп әзірленді. TALIS халықаралық зерттеуінде қазақстандық педагогтердің 87 пайызы біліктілікті кәсіби даму бойынша іс-шараларға қатысудың педагогикалық практикаға оң әсері барын көрсеткен», дейді Г.Каримова.
Спикердің сөзіне сүйенсек, жас мұғалімдердің 70 пайызы кәсіби деңгейінің жеткіліксіздігін айтып, біліктілігін үш жылда бір рет арттыруды қалап отыр. Сондай-ақ мұғалімдердің жыл сайын үздік ұстаздардың сабақтарына, конференцияларға, арнайы съездерге қатысуы да ынта ретінде олардың болашақтағы біліктілігін арттыруға үлкен серпін болады.
Сенат аталған заң жобасын қабылдаса, педагогтер енді біліктілігін 5 жылда емес, 3 жылда бір рет арттыруға міндеттеледі.
Мұғалім тапшылығын жоюға арналған бағдарлама әзірленді
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мұғалімдер тапшы өңірлерге үздік педагогтерді тарту көзделген. Қазіргі кезде арнайы бағдарлама жобасы әзірленді. Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, жүргізілген зерттеудің нәтижесінде Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстарында педагогтер тапшылығы анықталды. Жалпы, статистикалық зерттеулер және PISA-2018 зерттеуінің, сондай-ақ Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері аталған өңірлерде білім сапасының да төмен екенін көрсеткен. Сондықтан осы индикаторға сүйеніп, арнайы жоба әзірленді.
«Жоба мамыр-маусым айларында іске асырылады. Қазіргі таңда осы 4 өңірде үйлестіру кеңестері мен БҒМ жанынан комиссия құрылды. Оған Ұлттық білім академиясының, «Өрлеу» біліктілік орталығының және Назарбаев зияткерлік мектептері орталықтарының қызметкерлері енді. Бүгінде аталған өңірлерде жұмыс істеуге ниетті мұғалімдерден өтініштер келіп түсіп жатыр. Оларға бірнеше талап қойылады. Ең бастысы, жоғары педагогикалық білім немесе кәсіби жоғары білімнің болуы. Екіншіден, олар конкурсқа қатысып, тесттен өтуге міндетті. Содан кейін эссе жазады және конкурсқа қатысқан адамдармен диалог ретінде сұхбат өткізіледі. Бұл кезеңдерден сүрінбей өткен адамдар осы 4 өңірге жіберіледі. Өңірлерге барып жұмыс істейтін мұғалімдерді ынталандыру үшін олардың еңбекақылары 2 есеге өседі, коммуналдық төлемдер мен баспана жалдау ақысы өтеледі. Сонымен қатар конкурстан өткен мұғалімдер үшін алдын ала 4 апталық қайта даярлау курстары өткізіледі. Олармен тұрақты байланыс орнатылып, шеберлік сыныптары, вебинарлар онлайн-оффлайн форматта ұйымдастырылып тұрады», деді комитет басшысы Г.Каримова.
Оқушылар мектепке толығымен оралады
ІV тоқсан бүгінде барлық білім беру ұйымдарында штаттық форматта басталды. Биыл 24 наурызда Премьер-Министрдің орынбасарының төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Елдегі эпидемиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, Ведомствоаралық комиссия білім беру ұйымдарында оқытудың кабинеттік жүйесіне көшуге рұқсат беру туралы шешім қабылдады.
«Үшінші тоқсандағы каникулдың бір аптаға ұзартылуына байланысты өткізілмеген тақырыптар міндетті түрде ІV тоқсанда өткізіледі. Жалпы, барлық орта білім беру ұйымында ІV тоқсан ұйымдасқан түрде басталды. Оқу тоқсанының ұзақтығы – 8 апта. Оқу жылы дәстүрлі түрде биылғы 25 мамырда аяқталады. Мектеп басшылары білім беру ұйымдарында қойылатын санитарлық-эпидемиялық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз етеді», деді министрлік өкілі.
Биыл 1 сәуірде бірінші сыныпқа өтінімдер қабылдау басталады. Баланың ата-анасынан немесе заңды өкілінен еркін нысандағы өтініш, емханадан 026/у-3 және 063/у нысанындағы анықтамалар, сондай-ақ туу туралы куәліктің көшірмесі және 3х4 екі фотосурет талап етіледі.
«Басқа ешқандай құжаттар қажет емес. Кейде қоңырау шалып, ПИК-тен немесе жұмыс орнынан анықтама сұрап жатқанын айтады. Бұл анықтамалар қажет емес. Мектепке қабылдау үшін 4 құжат қана қажет. 2022-2023 оқу жылына арналған болжам бойынша оқушылар саны артып келеді. Бірінші сыныптарға 420 мыңға жуық білім алушыны қабылдау жоспарланып отыр», деді Г.Каримова.
Талдау көрсеткендей, ата-аналардың 80%-ы электронды түрде жұмыс істегенді жөн көреді. Сондықтан өтінімдер Еgov.kz электронды үкіметтің веб-порталы арқылы да қабылданады. Айта кетейік, бірінші сыныпқа туған күні желтоқсан айының соңында болатын балалар да бара алады.
Брифингте сөз алған екінші спикер, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешов конкурстық іріктеу электронды форматта өтетінін айтты.
2022-2023 оқу жылына мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау конкурсы дарынды балаларға арналған 71 мектепте өтеді. Үміткерлердің құжатын қабылдау мерзімі наурыздың соңында аяқталды. Құжат қабылдау www.qabyldau.daryn.kz порталы арқылы жүргізіледі. Ал конкурс «Дарын» орталығы бекіткен кестеге сәйкес 15-30 сәуір аралығында өтеді.
«Мамандандырылған білім беретін ұйымдары 5, 6, 7-сыныптың оқушыларын қабылдайды. 5-сынып оқушылары математикадан және логикадан 30 сұраққа, оқу сауаттылығынан 10 сұраққа жауап береді. Тестілеуге бөлінген уақыт – 60 минут. 6-сынып оқушылары 90 минутта 60 сұраққа жауап береді. Математика және логикадан – 35, оқу сауаттылығынан – 15, Қазақстан тарихынан 10 сұраққа жауап береді. 7-сыныпқа түсушілер 75 сұраққа жауап береді, математика және логикадан – 55, оқу сауаттылығынан – 10, Қазақстан тарихынан 10 сұрақ қойылады. Тестілеуге бөлінген уақыт – 120 минут. Республика бойынша 134 мамандандырылған ұйым бар», деді Т.Нұркешов.
Орталық өкілінің айтуынша, «Мың бала» олимпиадасының қорытындысы бойынша, ауыл мектептерінің оқушыларына 10% квота бөлінеді. Мамандандырылған мектепте білім алатын бастауыш сынып оқушысы орта мектепке емтихансыз өтеді. Іріктеу конкурсы электронды форматта өткізіледі. Оқушыларды мамандандырылған мектептерге қабылдаудың ашықтығын қадағалау үшін электронды платформаның көмегімен прокторинг жүйесі қолданылады. Ғимаратта, аудиторияларда және конкурстық іріктеу өткізілетін орындарда бейнебақылау орнатылып, аудиожазба жүргізіледі.
«Үміткерлердің құжатын қабылдау осы жылдың 1 наурызы мен 1 сәуірі аралығында www.qabyldau.daryn.kz порталы арқылы жүргізіледі.