Қазақстан • 03 Сәуір, 2022

Димекеңмен дидарласқан күн

367 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл осыдан 30 жыл бұрын қыркүйек айында болған еді. Мен ол кезде Жалағаш поселкелік Советі атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқаратынмын. Кезекті еңбек демалысына шығып, Талдықорған облысындағы «Қапал-Арасан» атты санаторийде демалғанмын.

Димекеңмен дидарласқан күн

Санаторий ғимаратына қарама-қарсы орналасқан үлкен құрылыс үйіне кімде болса назар аудармай кетпесі анық. Санаторий қызметкерлерінен бұл неғылған ғимарат деп сұрағанымда:

– Бұл резиденция, мұнда Дінмұхам­мед Ахметұлы Қонаев демалып жатыр, – деді.

– Ол кісіні қалай көруге болады? – дедік біз.

– Кешкісін, алтыдан кейін санаторий ауласында серуендеп жүреді, сол кезде көруге де, кездесуге де болады, – деді санаторий қызметкерлері.

Әлгі айтылған уақытта сол маңда болдық. Кездесудің сәті түсті. Нұрлан деген Қазалының жігіті екеуміз барып сәлем бердік. Сəлемімізді жылы жүзбен қабылдап алған Димекең:

– Жігіттер, қай жерден келіп демалып жатырсыңдар? – деп сұрады.

Біреуіміз Жалағаштан, екіншіміз Қазалыдан екенімізді айттық. Осылай әңгімелесіп тұрғанымызда Аман деген азамат келіп қосылды. Ол Қызылорда қаласынан келгендігін айтты. Сол жо­лы Нұрлан екеуміз Димекеңді орта­ға алып суретке түстік. Біз суретке түсіп болғанша демалушылар абзал ағаны айнала қоршап та алды. Олар да дара тұлғамен суретке түсуді одан әрі жалғастырды. Содан кейін ол кісі көрін­беді, шамасы, демалысы бітіп қайтып кетсе керек-ті.

Бізбен демалушылардың ішінде Қызылорда қаласындағы Қазақ темір жолына қарайтын мектеп-интернаттың мұғалімі Аман деген азамат (фамилиясын ұмыттым) әлденеше рет Димекеңмен демалыс бөлмесіне шақырумен барып, ән салып бергенінің куәсі болғанымыз бар-ды. Ол мектеп-интернатта музыка пәнінен сабақ береді  екен. Баянда ойнай отырып, халық әндерін нәшіне келтіріп орындайтын.

Әр заманның өзіне лайықты тау тұлғалары болған. Ондай азаматтарға халық кезінде өз бағасын берген. Қазақ халқының тарихында Д.А.Қонаевтың аты үлкен әріппен ұмытылмастай болып жазылды. Солай жазылып қала бер­мекші. Халықтың берген бағасынан артық баға болмайтындығына тарих куә.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 16 наурыздағы Жол­дауы Жаңа Қазақ­станның  тарихын­дағы халқы­мыздың рухын асқақтатып, елдік туын көкке көтерген айрықша оқиға болды.

Еліміздің кең-байтақ жерінде жаңа әкімшілік өңірлердің, атап айтқанда Абай,Ұлытау, Жетісу облыстарының шаңырақ көтеруі, сөз жоқ, ерекше тарихи сәт еді. Сондай-ақ болашақ Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы ұлтымыздың ардақты перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың атымен аталып, Алматы қаласы барын ескеріп, жаңарған облысқа Қонаев есімі берілсе да артық емес.

Президент өз Жолдауында да, одан бұрынғы сөздерінде де бүгінгі жаңа кезеңге бет алып тұрғанда осы­ның алдындағы мемлекеттік тәуелсіз­дігіміздің жеткен жетістіктерін сақтай, бағалай білу маңыздылығына да айрық­ша назар аударып келеді.

Алайда барлық іс-әрекет тек ада­л­дықпен, мейлінше әділдікпен атқарылуға тиіс. Халық игілігіне адал еңбек еткен арда перзентіміздің бірегейі  Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев есімі қандай құрметке де лайық.

 

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,

Қазақстан Жур­налистер одағының мүшесі

 

Қызылорда облысы