15 Мамыр, 2010

БОЗАҢДАҒЫ БОЗТОРҒАЙ

1222 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Қасиетті қара өлең. Жүрекке жарық, сезімге сәуле түсірер тылсымы көп құдырет. Поэзия – ақынның жаны, тамырында бүлкілдеген қаны. Оның құпия құбылыстарын, беймәлім бұрылыс­тарын, шыңыраудан шымырлап шыққан зәмзәмдай мөлдірлігінің сырын да еш сыншы тап басып айтып бере алмайды. Поэзияның берік ұстанар догмасы да жоқ. Оның теориясы да өмірдің диалектикасы секіл­ді өзгеріп отыра­ды. Өзгермейтіні өлең атау­лы­дағы жүректің соғысы, жанның жарқылы, сезімнің сәулесі. Қазақтың қанатты ақыны Есенбай Дүйсен­байұлы жырларын оқыған сайын оның алғау­сыз ақ сөйлер адалдығына, өлеңдерінің бай палитрасына, шынайы полотноларына, жан құбылыстары мен арналы ағыстарына тәнті боласың. Оның өлеңдері сырбаз таби­ғатымен ішкі иірімдеріңді тербетіп, жан тол­қын­дарыңды арнасынан асырып кететін құдырет­ке ие. Есенбай жырының киесі де, иесі – бозала таң мен бозторғай. Оның көкірегінде осы екі қасиет бір нышанды, ол – ақындық әлемнің ғана емес өмірдің жаратылыс күйі. Алаңсыз дәурен аспаны жұлдыз, құс толы, Жалт ете қалды сынаптай кейде сырғанап. Жатыр әйел, Гинекология столы Ұятсыз түн терезеден тұр қарап. “Бір үмітті, бір өмірді толғатып, жапырақ­тай бозарып” жатқан әйел – ананың азапты бақытына сенің де жаның күйеді. Есенбай ақын ол әйел “жан әлемінің жарық сәулесін толғатып жатыр” деген адамзаттық ой айтады да, шарана-ғұмырдың шыр етіп дүние есігін ашқан шағында: Кенелте міне, жарылқау үшін ағынан, Келіп те жетті тықсыра қуып түнекті. Бір өмір сонда Әйелдің аяқ жағынан Бозала таңда бозторғай болып шыр етті – деп салмақты ой түйеді. Шын ақын ешкімнің еншісіне алаңдамай дара туады, бөлек отау сайлайды. Осы жерде Есенбай ақынның бозала таңы да, бозторғайы да періште бейне киелі ұғымға айналады. Ақын көкірегіндегі киелі ұғымның тотемі – бозала таң мен бозторғай. Бұдан әрі бұл егіз ұғым ақынның өзіне, қара орман жұртқа айтар сөзіне, айналып жүре береді. Тіпті ақынның лирикалық мені де осы ұғымдармен үндесіп кеткен. ...Өзіңсіз күндер озар ма, Отырмын таңнан ой толғай. Таңымның аты – Бозала, Торғайдың аты – Бозторғай – деп жырлаған ақын енді бірде: ... Құландай қаққа қанған құла дүзде, Құмардан шығамыз ба мына біз де? Бозторғай бозаңдағы – бұлбұл емес Бозжорғам – дүлдүл емес бұл әзірге – деп тебіренеді. Қалай айтса да ақын сөзіне сенесің, Есенбай жырларының табиғаты да өскен ел, өлең төсегіне тартып тұруы заңды­лық. Тіпті ақындық деген беймәлім әлемнің өзі маған кейде шуаққа шомылып, мейірімге қанып өскен жаны жарық жандардың жайлауы секілді елестейді. Жанарында жарық нұрлар самсаған сәулеге іңкәр ақынның алар нотасы, шырқар диапазоны да тек далаға жарасқандай. Ақтөбенің алыс құмындағы Қалдайбек ауылы бала ақынның қиялын қалық­татып санасына сәуле, жанына жалқын құй­ған. Жетімдік пен жесірлік, тасмаңдай тағ­дыр­мен тайталас, бақ пен сордың итжығысы, жұбату мен жұбану, дүрмек дүниенің алдындағы дәрменсіздік бәрі-бәрі сайып келгенде адамның сезімін тәр­бие­лейді, көзқарасын қалыптас­тырады. Қалып­тас­­тырып қана қоймай сол елге деген махаббат отын лаулатады. Сонау алыста қалған қимас шақтарға, мейірім мен пейілге деген сағыны­шыңды саялап бір ғажап күйді тағы кешесің. Екі-ақ үй екінші ауыл елдей мекен, Ерттесем желмаямды, желмей жетем. Әлде мен етегі елпі, жеңі желпі Жылдарға қайта оралғым келмей ме екен? ...Ұлы ағыс толқындарын ұластырып, Жылдарды домалатты қыр астырып. Сырмінез сол ауылға соқпай кеттім Сыртынан амандығын сұрастырып... Бұл ақынның ертеректе жазған “Ескі жұрт” өлеңінен үзінді. Өлеңнің ішіне еніп Есенбай аға­мен бірге сол ауылға тартып кеткің келеді. Тіпті оның Қалдайбекте қалып кеткен балалық шағы сенің көз алдыңнан үзік-үзік кинолен­таларындай өте бастайды. Сосын өз ауылың ойыңа түседі. Оның да кейбір жер-су атында өзгешелігі болмаса тыныс-тірлігі, жүрегінің соғысы Есенбай ақынның ауылынан аумай қалғанына таңырқайсың өз-өзің­нен. Ақын табиғатымен туысып бара жат­қаныңды өзің де байқамай қаласың. Талантты ақынның құдыреті де айқай-шусыз, даңғаза дүрмексіз-ақ жүректерді жаулап алғанында болса керек. Ақ желкенді ақындық әлемнің иірімдері де тынымсыз. Ол үшін бозала таң мен бозторғай өлең-өмірінің өлшемі, осы қасиетті ұғымдарды ақын бір сәулемен көреді. Есенбай шығар­машылығындағы бозторғай құс элегиялық елес емес, қасиет пен киенің нышаны. ...Алты қырдан аққу-қаз сан жырлаған, Арқасынан күн аунап, таң зырлаған. Айдын дүние, Ақ түтек ағыс берші, Тайыз сулар құмарды қандырмаған! – дейді ақын “Ақ желкенді ағыстар” топтамасының бастауында. Расында Есенбай Дүйсенбайұлы поэзия аталатын асау ағыстың толқындарымен тайталасып желкенін жеке көтерген ақын. Оның жырларындағы Жарқамыс та, Жем өзені де өлең сүйер қазақ баласы үшін аялы да, аяулы мекендерге айналады. Ол – адалдықтың жыршысы. Өмірде өзі қандай қарапайым болса оның жырлары мен-мендеп кеуде қақпай-ақ нәзік те сыршыл болмысымен төрге озғалы қашан. Сонда да кеңестік қоғам интернатының қаршадайдан қара нанын жеп өскен ақын: ...Уақытымның уайымымен сырласпын, Мұңым менің – қайғысы емес бір бастың. Ақын Абайды ашындырған қоғамның Қайғысымен құрдаспын. Қызыл тілге ерік берсем – қызынып, Ынжықтанып тұрмаушы едім ызылып... Қазтуғандар қатарында бармын ба, Қалдым ба әлде сызылып?! – деп ертеңіне алаң ақын “Туған күнгі толғаныс” жырында осылайша сыр ақтарады. Есенбай ақын ешқашан талант құнын түсіріп, ақындық қадірін кемітіп көрмепті. Оның жырлары өмір мен болмыстың дәне­кершісіндей. ...Сұлулық, саған құштармын, Сүйгендей іңкәр қалқаны. Атса екен Қазақстанның Арайлы күн боп әр таңы. ...Боз құсы болып бір белдің. Мен сені Өмір, қорғаймын. Діріліменен гүлдердің – Шырылыменен торғайдың! – дейді ақжар­ма ақын. Елге, жерге деген махаббаттан осын­дай арайлы жолдар туады. Ол жырлар бозала таңның түсіндей адалдығымен көңілің­нің шамын жарқыратып жағып қояды сенің де. Ұлы Абай құдіретті жырды “сыңғырлап өңкей келісім” деп таныса, ұлы Пушкин “Ақын­ның сөзі – оның ісінің нәтижесі” деген­ді айтады. Иманы кәміл, ары таза адамның ғана ақындық атты киелі құсты аялауға құқы бардай көрінеді маған. Есенбай ақынның әлеуметтік, азаматтық тақырыпта жазылған жырлары да аз емес. Ол жырлар – ақын жүрегінің терең сүзгісінен өтіп, намыс пен рухтың қайрағына жанылған жыр­лар. “Қазақты қаралаушылар” деп аталатын өлеңінде: ...Кез болды ма жай жатар, Кең дүние – қайда тар. Бір жағыңда – самұрық Бір жағыңда – айдаһар. Жымсиып кім, кекеп кім... Өтті айқасып не тектің! Абылай хан әлі отыр Ортасында екі оттың... Бұл елінің ертеңіне алаң ақынның жан шырылы. Тәуелсіздігіміздің баяндылығын Жарат­қаннан жалбарына тілейтін жүректің сөзі. Ақын­ның “Құл Қожа Ахмет Ясауи рухымен сырласу” топтамасы формалық ізденістері бөлек, тыңға түрен салғандай әсер етер туын­дылар. Есенбай ақын сабырының сабасын сарқымай-ақ, жүректі жарып шыққан өлең сөзін қазақтың қара орман жұртына елші етеді. Осы тұста Алаштың ардақ­тысы Жүсіпбек Аймауытовтың “Мағжан­ның ақындығы тура­лы” пікіріндегі: “Нағыз ақын – әлеу­метінің тіл қамшысы, сайламаса да табиғаты­мен сайланып шыққан уәкілі, мұңын, зарын, айтқызатын емшісі. Өз әулетін, өз табын ілгері сүйреуге, көтермелеуге, демеуге күшті ақындар­дың әсері тиген, әлі де тимекші” деген орамды ойлары ойға оралады. Есенбай жырларының кең көсілер еркін тынысы оның “Үшбұлақ, Қызылбұлақ, бұлақ, бұлақ...”, “Сызу”, “Қайта бастау”, “Дос сыры” секілді дастандарында да айқын көрініс тапқан. Оларды зерделеп оқи отырып өмірі мен өлеңі тұтас ақынның ұлттың ұлағатты жыршысына айналып кеткеніне көз жеткізу қиын емес. ...Бозторғайым, бейнетқорым, зиятым, Кеңесім бар құлағыңа құятын. Жетімдердің маңдайынан сипа да Желіккеннің оятып жүр ұятын. Оят, оят! Қойма тыныш, ырқына, Бір кісідей бірлік тіле жұртыңа. Шығып ал да көк аспанға шаншылып, Шыр-пыр болып шындық әнін шырқыра! “Қайта бастау” поэмасының түйінді сөзі секілді осы екі шумақ Есенбай Дүйсенбайұлы ақындығының берік ұстанар қағидасы мен серті іспетті. Бар өлеңін тұтастай оқып шыққанда да Есағаңның барлық өлеңбаяны ақын жүректің бір сәттегі толғаныс деміндей әсерге бөлейді. Оның шығармашылығына бекзат болмыс, табиғи тұтастық тән. Есенбай “Жазушы”, “Жалын”, “Ана тілі” секілді баспаларда жауапты қызметтер атқара жүріп, қасиетті қазақ жырына олжа сала келген ақын. Тұңғыш жыр жинағы “Жазушы” баспа­сынан 1971 жылы “Бозала таң мен бозторғай” деген атпен жарияланды. Қазақ өлеңіне бозаң­дығы бозторғай сазы мен бозала таңның бояу­ларын әкелген, ұлттық бояуы қанық поэзия мен төкпе жыр дәстүрі шынайылы­ғымен ерек­шелене­тін “Ұланғайыр”, “Ашық аспан”, “Ақ жел­кенді ағыстар”, “Таң торғайы” бастаған онда­ған жыр жина­ғы­мен оқырманын қуантты. Өткен жылы “Жазушы” баспасынан шыққан Есенбай Дүйсен­байұлының екі томдық таңда­малы жыр жинағы өлеңсүйер қауымның іздеп жүріп оқитын қазына­сына айналды. Ақын аударма саласында да жемісті еңбек етіп 2 том­дық орыс поэзиясы антологиясын, М.Горь­кий­дің “Әдебиет туралы”, Әл-Хамиссидің лири­касын қазақ тіліне аударуға атсалысты. Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің көркем аудар­масын қазақ тіліне тәржімалап жеке кітап етіп бастырды. Қазақстан Жазушылар одағы Ілияс Жан­сүгіров атындағы сыйлығының лауреаты, Ұлы Абайдың 150 жылдығы құрметіне өткізілген республикалық жазба ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері, қазақтың талантты ақыны Есенбай Дүйсенбайұлы жетпіс асуға бекзат болмысымен, қарапайым қалыбымен шабыты­ның шашасына шаң жұқтырмай жетіп отыр. Қарға бойлы Қазтуған бітімді Алаштың ақиық ақыны Есенбай ағаның өзі ертеректе: ...Біздікі не екен – өлең бе Өзекті өртер түнімен?! Қаңқылдап тағы төбемде Қанатын қаққан дүнием! – деп жазған екен. Сіздікі өлең, Есаға! Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ.