Пікір • 06 Сәуір, 2022

Жүректен шыққан Жолдау болды

209 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын зейін қойып зерделедім. Көптен бері көпшіліктің көкейінде жүрген күрмеуі қиын күрделі мәселелердің түйінін шешкендей.

Жүректен шыққан Жолдау болды

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Механизм теориясымен бейнелеп айтсақ, «Үлкен шестерня бір айналғанда, кіші шестерняның шыр айналатынын» байқадық. Қоғамдағы қордаланып қозғаусыз жатқан немесе шашылып қалған шаруалардың шаңын қағып, шыр айналдыру үшін «үлкен шестерняның» бір айналғаны керек еді. «Үлкен шестерня» бір айналды, оны көріп көзі жеткен жұрттың жүзі шырайланды. Мұның өзі тілінің ұшынан емес, жүрегінің ішінен шыққан Жолдау болды. Жүректен шықты, жүрекке жетті. Ең бастысы – ұлттық құндылықтарға үлкен мән берілгеніне қатты қуандық. «Басыңа бақ берсін, астына тақ берсін. Қырда жүрген қызырды үйлеріңе ап келсін!» деп баяғы бабаларымыз бата бергендей сезіндік.

«Мен Қазақстан халқының ертең емес, бүгін бақытты болғанын қалаймын», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бағзы замандағы Білге қаған бабамыз «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» деген қағидасын қара тасқа қашап жазып кеткен жоқ па? Ел болып бірігу үшін Ұлттық рух, Ұлттық қасиет, Ұлтқа деген сенім керек екенін санамызға сіңірдік пе? Жаңадан ашылған үш өлкенің Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуының өзі ұлттық рухқа серпін бергендей сезілді. Сонау алпысыншы жылдардың аяғында Іле өзенін тоғандап, су электр стансасын салдырған біртуар тұлға Дінмұхамед Қонаевтың атын Қапшағай қаласына ұлықтап беруге ұсыныс жасауы да ұлттық қасиеттің бір парасы. Қыр асырып, қияға апаратын жол қайсы?

– Саяси партияларға жол ашты.

– Мемлекеттік басқару жүйесі реформаланатын болды.

– Елдің экономикасы мен әл-ауқатын арттыру жөнінде әңгімені әріден қозғады.

– Ата заңға отыздан астам өзгеріс енгізіп, жиырма заң қабылдауды тапсырды.

– Парламенттің рөлін арттыру.

– Конституциялық сот құру.

– Жоғары аудиторлық палата құру.

– БАҚ туралы заң қабылдау...

Қайсыбірін айтайын. Қаламгерлердің де қағажу тұстарын қалдырмады. Ашық ақпарат кеңістігін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлді. «БАҚ өкілдері өз елі мен оның азаматтары үшін шын жүректен алаңдауы керек» деді. Ғұламалардың тәмсіліне құлақ түрсек, «Дүниеге нұрын шашатын екі нәрсе: бірі – күн, екіншісі – журналистер». Ендеше, журналистер қауымы жолға түскен жорғадай болатын шығар.

Аузы дуалы атам қазақ «Іштен шыққан жау жаман» демеп пе еді. Төріңе шығып, текеметіңді тіліп кететін тексіздер мен асыңды ішіп, аяғыңды төңкеретін арсыздардың қара көрсетуі қай заманда да болған. Кешегі қаңтар қырғыны дүниені дүр сілкіндірді. Енді болмағанда елдігімізден айырылып қала жаздадық қой. Астымыздағы атымызды алып, жаяу қалдыруға тырысқан жау кім? Атын атап, түсін түстемесе де ішіміз сезеді. Анық­талатын кез де алыс емес. «Төңкеріс жасау­ға ұмтылғандардың арасында белгілі адам­дар болды. Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасағанын» жасырмады. Айғақтады.

Айтыс өнерінің ақтаңгер бапкері Жүрсін Ерманнан сұхбат алғысы келген бір журналист «Аға, Жолдауды түсіндіріп беріңізші» деп қолқа салса, «Немене, Жолдауды түсіндіріп беретіндей түсініксіз жазылып па?» деген екен. Астарлы мысал келтіріп айтпағым не? Жолдауда айтылған жосықтың бәрі түйсігі бар адамға түсінікті, тайға таңба басқандай айқын.

Рас, жабулы қазанның жабуы бүгін ғана ашылған жоқ, әрине. Тәубе деп тәуелсіздік алған отыз жылдан бері текті еліміздің тесігін бітеп, жыртығын жамау үшін жарғақ басы жастыққа тимеген қайраткерлеріміз қаншама! Ұлттық рухты көтеріп, ұлттық мүдденің ұшар шыңына көз тіккен Серікболсын Әбділдин, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов, Заманбек Нұрқаділов, Оразәлі Сәбденов, Балташ Тұрсынбаев, Алтынбек Сәрсенбаевтардан бастау алған байыпты идеялардың тамырына қан жүгіргендей. Жиырма жылдан бері «Ақ жол» партиясының қоғамдық мәселені қозғаған көп ұсынысының көңіне гүл шыға бас­тағандай. Баршамызды Жаңа Қазақстанды құру­ға бір кісідей жұмылуға шақырып, жаңару мен жаңғыртудың сенім ұрығын сепкен Жол­дауға не дейміз? Жортқанда жолы болсын!

 

Көпен ӘМІРБЕК,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері