Қазақстан • 06 Сәуір, 2022

Ұлтқа қызмет етудің үздік үлгісі

6386 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Елдік мұрат, ұлттық мүдде жолындағы істерде зиялы қауым өкілдері қашан да алдыңғы шептен табыла білді. Солардың бірі де бірегейі, нағыз зиялылықтың эталоны – Ахмет Байтұрсынұлы. Біз ұлтты сүюді, ұлтқа жанашыр болуды Ахаңнан үйренуіміз керек. Ол сөзімен де, ісімен де ұлтқа қызмет етудің үздік үлгісін көрсетті, маса болып ызыңдап, халыққа жөн сілтеді, көшбасшылық танытты. Сол үшін де халқымыз оны ұлт көсемі, ұлт ұстазы деп әспеттеумен келеді. Ұлттық мүддені көздеудің маңызы қазіргі күрделі кезеңде тіптен артып отыр. Жаңа Қазақстанды құру жолында Ахаң сынды ұлт зиялыларының өнегесін темір­қазық етіп алғанымыз абзал.

Ұлтқа қызмет етудің үздік үлгісі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ал Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрген кезең мүлдем басқаша еді. Басын тауға да ұрып, тасқа да со­ғып, қаншама кедергіге ұшырап, теперіштің көкесін көріп жүрсе де, ұлт мүддесін күйттеуден кері шегінбеген Ахмет Байтұрсынұлы әу бастан-ақ қазақы ой-сана, қазақы қалыптың сақталуын көздеді. Жас жігіт тіпті «қазақы» деген сөзбен өрнектелген тырнақалды мақаласын 1895 жылы Орынборда оқып жүрген кезінде жазыпты. Ол «Қазақы ырымдар мен мақалдар» деген тақырыппен «Тургайская газетада» жарық көреді. Содан бері оның жүрегі «қазағым», «елім», «тілім» деп соғумен болды. Ахаң халықтың ұлттық болмысының сақталуының зор тірегі, оны ұлт ретінде айқындайтын басты белгісі – туған тілі деп санады. Бүгінде ұлт жанашырының тілге қатысты тұжы­рымдары мәңгілік мәнді афоризмдерге айналды. Солардың бірін келтірелік: «Тіл – адамның адам­дық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі», «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл», «Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады», «Халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуының сақталуы», «Кез келген ұлт өз тілінде дамуы керек», «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». А.Байтұрсынұлының туған тілге деген ерекше ықыласы оны кейін тілші ғалым деңгейіне көтерді. Әрине, бұл енді бөлек әңгіме.

Қазір заман басқа. Өзі үшін де, өзге үшін де игі іс жасаймын деу­шілерге еш кедергі жоқ. Өкінішке қа­рай, қоғамға пайдалы әрекет ет­кеннен гөрі, өзгелерді сынап-мінеуді, тырнақ астынан кір іздеуді әдет қып алған адамдар арамызда аз емес сыңайлы. Адамзаттың емес, тек атасының баласы болып қалуды қалайтындар ұлт көсемінің әлеміне бет бұрса, тағылымынан нәр алса ғой дейсің мұндайда. Білімім тасып, ақылым асқаннан емес, ұлт көсеміне деген құрметімнің бел­гісіндей болсын деген ниетпен аз-кем ой қозғауды парыз санадым. Неге десеңіз, кейінгі жылдары менде бір жақсы тәжірибе қалыптасқандай: Ұлы Дала елінің дара тұлғаларының мерейтойлары тұсында олардың мұраларын зерделеуге, қандай да бір қырына тереңірек үңіле отырып, оны қазіргі заман тұрғысынан саралап, жаңғыртуға, оқырманға ой саларлық дүние тудырып, өзгелердің де дара тұлғаға жақындай түсуіне септесін болуға, осылайша, ұлыларға деген құрметімді көрсетіп, рухына тағзым етуге мән беретін болыппын. Неге десеңіз, мерейтойдың маңызы ұлт мерейін асырған тарихи тұлғаларды ұлықтау арқылы адамдардың санасына қозғау салып, ой түюіне ықпал етуінде емес пе?!

Әрине, шығармашылықтың қай түрі болсын тынымсыз ой еңбегін, жан-жақты ізденісті, табандылықты қажет етеді.Діттеген дүниең қашан көңіліңнен шыққанша, ой шырмауын­да жүресің,өзіңе дамыл таптырмай, жазғаныңа талай мәрте оралып, өңдеумен, екшеумен боласың. Кейде, тіпті басты қатырмай-ақ, қоя салайыншы деген де ой келеді. Де­генмен де бастаған істі жарты жолда қалдырғың келмейтін мі­нез қолыңа қайтадан қалам алдырады. Себебі шығармашылық аза­бы түбінде татымды дүниеге қол жет­кізіп, автордың көңілін марқайтады, өзгелердің игілігіне жол салады. Және кейде жазу барысында бір оқшау ой түзуге ұмтылып, әуреге түсе­сің. Меніңше, «ұлт көсемі», «ұлт ұстазы» деп әспеттеген ұлы тұлға­мызды «адамзаттың Ахаңы» деуге әбден болатынын ескермей келеміз. Неге десеңіз, мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін ұлт ұстазы ұлықтаған ұлт, тіл, әдебиет, мәдениет сынды асыл құндылықтар, жалпы адамзат баласы, әр халық ардақтауға тиіс мәңгілік жауһар қазына десек, осылардың бәрін бір өзі айқындап кеткен Ахаңа бұл теңеу жараспайды деп кім айта алады?!

Қазіргі жаһандану заманында Ұлы Дала елінің алпауыт мемле­кеттердің тасасында қалып қоймай, дербес ұлт ретінде сақталып қалуы, әлемдік аренада ойып тұрып орын алуы – қазақстандықтар үшін басты мәселелердің бірі. Ұлт ретінде ұйысар болсақ қана, болашағымыз кемелдене түспек. Бұл тақырыпқа тоқтауыма Ахаңның ұлтшылдығы, өз халқына адалдығы түрткі болғаны айтпаса да түсінікті. Ұлтжандылық –ұлт болмысының өзегі. Қазіргі ұрпаққа жетіспейтін құндылықтардың бірі – осы. Осыған орай «Қандай жағдай болса да, мен халқыммен біргемін» деген Президентіміз Қ.Тоқаев ұлт болмысын қалыптастыру қажеттігін мәлімдеді. Қалайша? Мен ұлт болмысын қалыптастырудың тағылымды бір жолы – Ахаң сынды дарабоздың даналығына, өнегесіне жүгіну дер едім.

«Көзқарастық ұстаным тұрғы­сынан мен қазір ұлтшылмын» дейді Ахаң 1929 жылы 29 желтоқсанда тергеушіге берген жауабында. Демек ол ұлтшылдық идеологиясын ұстанды. Ахаңның «Менің идеа­лым, мүмкін болғанынша, қазақ хал­қының мәдени деңгейін көтеру, өйткені білім, мәдениет оның өсіп-өркендеуінің кепілі. Қандай билік осы міндетті атқара алса, сол билікке мен риза болмақпын» деуі бекер емес. Ұлтшылдық – өзгелерге жау дегенді білдірмейді. Тіліміздегі «-шыл» (фонетикалық нұсқасы – «-шіл») жұрнағы сөзге қандай да бір құбылысқа етене жақындықты, ерекше ықыласты білдіретін мағына үстейді.Мысалы: шығармашыл, шын­шыл, мемлекетшіл. Олай болса, «ұлт­шылдықтан» қашқақтаудың еш қисыны жоқ секілді.

Иә, ұлтын сүю Ахаңа тән басты қасиет еді. Тағы да қайталап айтайын, ол бар саналы ғұмырын, білім-білігін, қажыр-қайратын ұлтына қызмет етуге арнады. Айталық,1905 жылдың 26 маусымында қазақ зиялылары, оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы бар, Николай ІІ-ге арыз-тілек (петиция) жазып, жолдайды. Қарқаралы атауымен тарихқа енген аталмыш құжатта көрсетілген он бір талаптың төртеуі қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қатысты болды, атап айтсақ: «Қазақ мектептерінде оқытуды қазақ тілінде жүргізу»,«Қазақ тілінде газет шығару», «Болыстық кеңселер мен халық соттарында істерді қазақ тілінде жүргізу», «Сот ісін қазақ тілінде жүргізу». Ахаңның тіл мә­се­лесін ешқашан назардан тыс қал­дырмағанын М.Дулатовтың «Тіл құ­ралы» мақаласындағы «Шын қа­зақша жазылып, тіл мәселесін қо­лы­на ала туған осы «Қазақ» екенін ешкім бекер дей алмас. Бұл неден? Әрине, шығарушыдан дейміз» деген сөзінен аңғару қиын емес.

Адам бойында туған тілдің берік орнығуы оны бастапқыда мұқият қолға алып, үйретуден деп санаған Ахаң мектепте баланы қазақ тілінде оқыту қажеттігін мықтап ескертті. Ұлт ұстазы: «Қазақ тілімен оқытпай, ноғай, түрік, парсы, араб тілінде жазылған кітаптар араласып, бас қатып, ми ашып, балалар әуре болады» деп жазады. Ол «Бастауыш мектеп» мақаласында қазақ балаларының ана тілінде білім алып, оның бар қасиетін бойына сіңіріп өсуі жа­йын­да тұжырым жасайды. Ол кезде қазақ балаларының білім аларлық екі түрлі бастауыш мектебі болған, бірі –ауыл мектебі, екіншісі – ел ішіндегі орыс школасы. Ахаң ауыл мектебін қолдайды, ол халыққа жа­қын, қазаққа пайдалырақ деп санайды. «Бастауыш мектептердің оқуы бесжылдық боларға керек. Әуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқуы керек. Соңғы екі жылда кілең орысша оқуға тиіс. Бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйретілетін нәрселер: оқуға, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрафия, шаруа-кәсіп, жаратылыс жайы» деп жазады.

Осы тұста бұл мәселенің бүгінгі жағдайын айтып өткен жөн болар. «Үштұғырлы тіл» саясатына орай, республика мектептерінің бас­тауыш сыныптарында үш тілдің қатар оқытылуы алаңдатпай қой­майды. Академик, еліміздегі са­лыс­тырмалы педагогиканың не­гізін салушы, Қазақстандағы және әлем елдеріндегі білім сапасын зерделеуші ғалым Асқарбек Құ­сайынов «Білім саласындағы ре­формаларға байыптылық қажет» мақаласында: « Мен компаративист-ғалым ретінде әлемнің озық 20 елінде бастауыш сыныптарда, яғни 1-6 сыныптарда қанша тіл оқытылатынын зерттедім. Онда байқағаным, осы елдердің ішінде екі тіл 1-сыныпта төрт елде, 2-сыныпта бес елде, 4-ші және 6-сыныптарда он үш елде оқы­тылады екен. Бірде-бір елде үш тіл бірдей оқытылмайды» деп жазыпты. Мұғалімдер арасында сауалнама жүргізгенде, олар балалар тілдерді шатыстырып, сөйлегенде, өздері де оған мән бермей, үш тілді қосып сөйлеу фактілері кездесетінін айтыпты. ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Қабыкенұлы Құсайынов орыс тілін 2-не 3-сыныптан, ал ағылшынды 6-сыныптан бастап қазақ тілі негізде интенсивті түрде, яғни аптасына 3-4 сағат көлемінде үйрету керек деген мұғалімдер пікірін лингвист-ғалымдар да қолдап отырғанын атап көрсетіпті.Демек ана тіл тұғырының мықты болуы Ахаң ұстанған бағытты ұстануда екенін бүгінгі тәжірибе де дәлелдеп отыр. «Ағарту ісінің көш бастаушысы А.Байтұрсынұлының «Қазақта» жарияланған «Оқу мер­зімі», «Бастауыш мектеп», «Мек­теп керектері» атты мақалалары ұлттық таза қазақ мектебін қалып­тастыру жолындағы айқын бағы­тымен, ғылыми тұжырымдар түйінделген білік­тілігімен, көкейге қонымды ойлылығымен өзіне тартады»деп жазады белгілі ахметтанушы Өмірхан Әбдиманұлы.

Ұлт пен тілдің бірлігі – халық әлеуетінің, ұлт руханиятының пәр­менді болуының кепілі. Шоқан, Ыбырай, Абай өмір сүрген заманда, одан кейін де орыстардың зор ықпалынан қазақ ұлтының атауы қасақана аталмай, «қырғыз» делініп келді. Ыбырай Алтынсариннің тұңғыш оқулығының «Қырғыз хрес­томатиясы» деп аталуы осының айқын айғағы болса керек. Туған халқының төл атын қайта жаңғырту мақсатында, Ахаңдар ұлт баспасөзін «Қазақ» деп атады. Ахаңның өз сөзіне жүгінелік: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық». Ол газеттегі қызметі туралы мынадай ақпарат қалдырған: «1913 жылы «Қазақ» газетін ұйым­дастырдым. Оның редакторы ре­тінде қызмет атқардым. Аталмыш газетті редакциялап жүргенде, бірнеше мәрте әкімшілік жолмен айып тартып, тұтқындалдым... 1917 жылдың соңына дейін редактор болып істедім». Әріптесі, пікірлесі М.Дулатов бұл жөнінде: «Публицист ретінде Ахмет Байтұр­сынұлы ешқандай қаражат болмаса да, 1913 жылдың басында Орын­борда, шын мәнінде, тұңғыш қазақ газеті «Қазақтың» негізін қалап, оның бетінде қазақ халқының мұң-мұқтажын батыл сөз етіп отырды» деп жазады. Газет шығару оңай­ға түспегенін Міржақыптың «Ре­дакцияда жиі-жиі тінту болып тұ­ратын. А.Байтұрсынұлын губер­наторға, не жандарм бастығына жиі жауапқа шақыратын» деген сөзі де аңғартады.

Алаш арыстары газетті ұлтқа қыз­меттің пәрменді құралы санады. «Қазақ» газеті 1913 жылғы ақ­паннан 1918 жылғы қыркүйек айы­ның соңына дейін шығып тұрды. Ахметтанушы Ө.Әбдиманұлының сөзімен айтар болсақ, «осы бес жыл ішінде ел тілегінің өзектісін, жұрт қамының ең керектісін тауып сөйлеуге тырысты». А.Байтұрсынұлы «Қазақтағы» алғашқы мақаласында газеттің қоғам өмірінде атқаратын рөлін айқындады. Газеттің бірнеше қасиетін саралап, оның бірін былайша сипаттайды: «Газет – халыққа білім таратушы. Газеттен жұрт есті­мегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімін молайтып, парасатын жетілдіреді».

Халық үшін газетті қажет сана­ған Ахаң өнегесі бүгінде газет оқуды қаламайтын адамдарға жұғысты болсын дейміз. Кезінде Ы.Алтын­сарин де, С.Көбеев те мұғалім­дерді газет-журнал оқуға үндеген. Оқымайтын мұғалім өзге­лерді оқытып жарытпасы анық. Осы мәселе турасында жаз­ған мақаламның бірі кезінде «Қа­зақстан мұғалімі» газетінде, екін­шісі «Егемен Қазақстанда» жария­ланды.Оқымайтын педагогті толық­қанды маман деуге ауыз бар­майды. Ол шәкірттеріне газет-журнал, кітап оқуға кеңес бере ал­масы анық. Осы тұста «Кітап оқуға құштар мектеп» жобасы тілге ора­лады. Газет оқуға құлық та­ныт­­­паған педагогтің бұл шараға қалайша «атсалысып» жүргеніне таңғаласың. Бұл проблеманы Білім және ғылым министрлігі көтергені жөн болар еді. Мұғалім еңбегін бағалау рейтингісінде оның газет-журналға жазылу, мақала жазу белсенділігі ескерілсе, оқитын, шы­ғармашыл педагогтер саны артатыны анық. «Болмасаң да, ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз» демекші, Жаңа Қазақстанды құру жолында Ахаң тағылымынан нәр алу, ол үшін ұлт ұстазы мұрасына жиірек үңілу, ұлы тұлғаға қарап ой түзеу маңыз­ды,пайдалы болмақ.

 

Биалаш СҮЙІНКИНА,

Білім беру саласының құрметті қызметкері

 

Қостанай