Өнер • 06 Сәуір, 2022

Тарланбоз

5584 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Қадыр Жетпісбаев ұлттық театр өнерінде өзгеге ұқсамайтын өз мәнері мен өз стилі айқын режиссеріміз еді. Ол өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы жылдарында қазақ театрының жаңа тынысын ашқан, сахнамызға реализм мен романтика үйлесе қабысқан эмоционалды шарттылықты алып келген сол тұстағы аса талантты суреткеріміздің бірі болатын. Алпысыншы жылдары Мадиевский мектебінен шыққан Маман Байсеркенов, Есмұхан Обаев, Виктор Пұсырманов секілді қуатты өнер тарландарының қатарынан өзінің өрттей ыстық темпераментімен, сауатты сахналық стиль-мәнерімен дараланған Жетпісбаевтың Жастар мен жасөспірімдер театрында, Әуезов театрында алғашқы қадамдарына қуана қол соққан көрермендердің бірі болғаным есімде.

Тарланбоз

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары... Алматының қақ тө­рін­дегі екі театрдың әр қойы­лы­мы оқиға болып өтетін кез... Реформатор-Мәмбетовтің «Ана-Жер Анасы», «Қобыланды», «Қозы Көрпеш – Баян сұлуы» ел аузынан түспей өнер аламанының дүркіреп тұрған қиқулы шағында мен Мәдениет министрлігіне ре­пертуарлық-редакциялық кол­­­легияға қызметке келдім. Ұсы­ныс жасаған – марқұм Сафуан Шай­мерденов ағамыз. Ша­қырт­қан – министр Мүсілім Базар­баев. «Нұрлан, театр дейтін өз­ге әлем. Сен жас адамсың... Өлеңдеріңді оқып тұрамын. Дұ­рыс... Министрлікке бір сауатты редактор керек. Жұмысқа шақы­райын, деп отырмын. Қалай қарайсың?» деді барлай көз қадап... «Ойланайын, ағай...» дедім. «Ойланатын жер емес. Ми­нис­трл­ік – келіп, қызмет ететін жер», деді Сафуан ағамыз мырс етіп күліп. «Үйің жоқ екен, үй аласың, бұйырса... Мүсілім Базарбаев Қонаевқа тура шығып, мәдениет пен өнер қайраткерлеріне қаладан қаптатып үй алғалы жатыр... Ілігіп кетерсің... Қысқасы, бұл жерге келгеніңе өкінбейсің... Жазатын адам қайда жүрсе де жазады...», деді.

Бұл – 1972 жылдың ақпаны еді.

Қазіргі Қалдаяқов көшесі (ол кездегі 8 март көшесі) мен Гоголь­ көше­сінің қиылысындағы екі қабат­ты шағын қызыл күрең үйден шығып келе жатыр ем, ал­дым­нан қасында аласа бойлы, жүрісі ширақ бір жігіті бар Сәкен Жүнісов ағамыз кездесе кетті. Амандасып, жөн сұрасты. Мен болған жәйді айттым. Ол кісі «Ойланба! Бар да, еңбек кітапшаңды ал да, кел!» деді. Күле қалжыңдап, арқамнан қақты: «Пьеса жазғысы келетіннің бәрі алдыңа келеді... Зыр қағып... Рецен­зентің, міне, мына тұрған ағаң «Ажар мен ажалды» қойған Қадыр Жетпісбаев... Режиссер...» деді.

Қадыр Жетпісбаевпен таныс­ты­ғым осылай болды.

Сонымен...

Сол жылы көктемде ақын, журналист Нұрлан Оразалиннің өмірінде жаңа бір кезең басталды. Бұрын да екі театрдың бірде-бір спектаклін жібермей, кейде екі, кейде үш қайталап көріп жүретін өнердің осы бір түріне деген ішкі ынтызарлығым мені театр әлеміне қиналмай енуіме себеп болды.

Шынында да, мен қызметке орналасқан репертуарлық-редак­ция­лық коллегия драматургтер мен режиссерлердің қойын-қол­тық араласып, ию-қию әңгіме көрігін үрлеп жататын, ордалы жері екен. Драматургтер пьесаларын әкеледі. Тапсырады. Мен оқып шығып, қорытынды пікір жазамын. Немесе... Пьеса танитын, шығарманың көркемдік сапасына баға беретін білікті, білгір сыншыларға рецензияға беремін. Олар «жарайды», «жарамайды» деген қорытынды сөздерін қағазға түсіреді. Байқаймын. Менің жатпай-тұрмай коллегия жұ­­мысына жан сала кіріскенім Сафуан ағамызға да, театр репертуарын жаңа дүниелермен жа­сақ­тау үшін жиі келіп, шап­қы­лап жүретін режиссерлерге де ұнай бастаған тәрізді.

Осы арада жүріп, Қадыр Жет­піс­баевпен жақындаса түстім. Жам­былдан – Маман Байсеркенов, Қарағандыдан – Жақып Омаров, Семейден – Есмұхан Обаев, Атыраудан – Мұхтар Қамбаров, Шымкенттен – Әскер Құлданов, Қызылордадан – Темір Хұсейінов, Торғайдан Ерсайын Тәпенов секілді әрқайсысы бір-бір об­лыс­тық театрдың көшбастар марқасқалары келіп, пьеса оқиды, ұнағандарын таңдайды, жаңа репертуарды жасақтайды. Жастар мен жасөспірімдер театры­нан – Мен Дон Ук пен Виктор Пұсырманов, Әуезов театры­нан Қадыр Жетпісбаев келеді. Кейде Райымбек Сейтметов төбе көрсетеді... Репертуарлық кол­легиядағы шығармашылық тұл­ға­лардың дабыр-дұбыры, еркін жүрістері өзге бөлімдерге аса ұнай қоймайды... Келетін дра­матургтеріміздің дені есім­де­рі елге кең таныс атақты кісі­лер. Әлжаппар Әбішев, Әбділдә Тә­жібаев, Тахауи Ахта­нов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Садықбек Адамбеков, Қалтай Мұхамед­жа­нов, Сәкен Жүнісов, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Оразбек Боды­қов­тар... Ең кішісі – Қалихан ағамыз. Кабинеттен басталған гу-гу талқылау кейде іргедегі үл­кен парк ішіндегі «Жұлдызда» жал­­ғасады... Министрліктен мен және театрлар бөлімінің бастығы Әшірбек Сығай қатысады... Ара-тұра театрлар бөлімінің бас инс­пекторы Қадыр Каримов келеді. Нағыз кулуардағы қызу айтыс-тартыс... Министрлікке келеміз... Жолда гу-гу... Кабинетте гу-гу... Пьеса талқылау... Бас редакторымыз – Сафуан Шаймерденов. Келушілер әуелі сол кісіге кіреді. Сонан соң маған жолығады. Мақсаттары – қолға жақсы пьеса түсіру...

Бір күні Әшірбек досым ке­ліп: «Әй, данышпаным! Мына­лар министрлікті көшіріп кетер... Байқа! Бұлар кетеді... Біз қаламыз... Таяғы кімге тиетінін ұмытпа! Графикпен қабылда!» деді... Айтқаны келді... Мені ми­­нис­трдің орынбасары Жек­сем­­бек аға Еркімбеков ша­қыр­­ды. «Слушай, Нұрлан, бұл ара – Жа­­зушылар одағы емес, бұл ара – министрлік! Мемлекеттік меке­ме! Үстеріңнен шағым айтылып жатыр. Ресторанға баруды тоқтату керек! Режиссерлерді көп тойтаңдатпай, қалаған пьесаларын алсын да, қонақ үйге апарып оқысын. Таңдасын. Алсын. Қайтсын!» деді тәртіпке ша­қы­рып...

Мен ол кезде жасым 25-26-лар­­дағы жас­ жігіт­пін. Мү­йіз­­­­дері қарағайдай аға­ларыма «қо­йыңыздар» деуге дәтім де, құқым да жетпейді. Әйтеуір, шама келгенше, тәртіпке түсірген болдық. Жылына кейде бір, кейде екі рет болатын коллегиялардың тұсында келіп, режиссерлеріміз пьеса таң­дай­ды... Сондай қызықты күн­дер­дің бірінде Оралхан Бө­кей­мен кездесіп: «Қайдасың, қас­қа құлынымнан!» пьеса жасау­ға болар еді...» дедім. Орекең ма­ған жымия қарап: «Рас айтасың ба?» деді. Мен: «Мықты пьеса жа­сауға болады!» дедім ойымды шегелеп.

Арада үш-төрт ай өтті...

Бір күні Қадыр екеуі қол ұстасып келіп тұр. Оралхан:

– Өткен жолғы тапсырмаңды орындап, пьесаны мына Қадыр­дың қолына тапсырдым! – деді.

– Мықты дүние болады! Жа­сай­мыз... – деді режиссер ағамыз.

– Мықты дүние болады? Жасай­мыз?

– Иә... Болады! Жасаймыз! – деді Қадекең.

– Бар нәрсенің несін жасайсың? – деді Орекең шамырқанып.

– Оралхан, сен ренжіме! Бұл бергенің – әзірге литературный материал!

Орекеңнің өңі бұзылды:

– Материалың не? Қолыңдағы көркем шығарма ғой!..

– Жарайды... Сөзге жармаспа!

– Қолыңдағы көркем шығарма! – деді Орекең сөзін нығарлап.

Осы­дан жарты ғасырдай бұ­рын болған осы бір әңгіме есіме түсіп, іштей үнсіз жымидым. Неткен таза, тұнық күндер еді?.. Екеуі қол ұстасып, келіп, екі бөлініп кете жаздап, қайыра табысқан сәт қаз-қалпы көз алдымда тұр...

Қайран, Қадекем-ай!

Қайран, Орекем-ай!

Ақыры менің редак­тор­лы­ғым­мен «Құлыным менің» пьесасы сахнаға жолдама алды. Екі дос бірде келісіп, бірде керісіп жүріп, спектакль, әуелі, көркемдік ке­ңес­ке, сонан соң министрліктен келетін комиссияға тапсырылды... Бір емес, екі, үш рет тапсырылды. Автор мен режиссер отқа үш кіріп, үш шықты. Оралхан әр сөзін қызғыштай қорып әлек. Қадыр спектакльдің тұтастығы мен стилін ойлап шырылдайды. Пьеса авторының ұлттық рухты қайтсек сақтап қаламыз, дейтін жан-дәрмен айқайын арқалаған Бозтайлақ қасіретін спектакльдің алтын өзегі ету оңайға түспеді. Ел аузында кең жайылып кеткен «Құлыным» үш құлап, төртінші жолы ғана сахнаға жіберілді, де­ген әңгіме осы кезде болды. Спектакльдің үш сүрінуі авторға да, режиссерге де оңай тимеді. Осыған дейін жазған дүниелері қамшы салдырмай, озып үйренген Оралхан Бөкей төртінші тапсырылуда иығы салбырап, залдың бір қараңғы бұрышына тығылды. Жексембек Еркімбеков келді. Орталық Комитеттің бөлім басшысы Михаил Есенәлиев келді.

Сонымен... Прогон бір деммен, жинақы, сәтті өтті... Зал ты­­ныш. Әлденуақ жоғарыдан кел­ген ағамыз Михаил Ивано­вич Есенәлиев орнынан тұрып: «Оралхан қайда? Қадыр көрін­бей­ді ғой?» деді. Деді де аспай-саспай қолын соқты. «Құттықтаймын!» деді салмақты салтын сақтап. Театр іші гу ете қалды. Шетте тұр­ған Оралханның көзінен тамып түскен қос тамшыны көргендей болдым... Қуаныштың... Өнердің көз жасы... Өнердің қос тамшы­сы... Қайран, құдіретті қазақ өне­рі-ай!

Шынында да, бұл сирек бо­ла­тын жағдай. Кинода Асқар Сүлейменовтің сценарийімен қо­йылып, ұзақ жыл полкада жатқан «Құлагердің» тағдырын еске салар «Құлынымның» комиссия талқысына төрт рет түсуі көп сұрақ тудырғаны рас. Жаңа дүние, жақсы дүние! Қазақтың тағдырынан суыртпақтай отырып, қолқаңды қозғайтындай қасіретті сыр айту, әрине, ауыр! Әсіресе идеологияның қылбұрауына түс­кен қоғам үшін мұндай ойды сах­наға алып шығу ауырдың ауыры! Оралхан жазды! Қадыр қой­ды! Ұлт тағдырына қатысты ащы ойларды тұспалдап айтып, оқырман мен көрермен жанын қозғау керек! Бетін тырнап, қанын шы­ғарсаң, шығарманың жолы кесі­ле­ді. Кеңестер Одағы дейтін идеяға бағынған империяның айды­нын­да жүріп жатқан көлеңкелі, күнгейлі өмірді көркем әрі шыншыл етіп жазу, шама келсе, әлем­дік классикалық тартыс дең­­ге­йі­не көтере жазу – мақсат! Қадыр Жетпісбаев қойған аталған спек­такль төркінінде осындай күрделі тартыс бар-тұғын. Жо­йылуға бет алған ұлттың ұлы құн­ды­лық­тары менмұндалап тұрған көр­кемдік қуаты мен кер­нейі мық­ты дүние еді! Арада жарты ға­сырдай уақыт өтсе де қазіргі ТЮЗ-дің сахнасынан (Әуезов театрының ескі ғимараты) саңқ етіп, көрермен ойына өрт салып өтетін Бозтайлақ рөліндегі Тынымбек Пірімжановтың отты көзі – жадымда! Жалынды сөзі – құлағымда! «Әй, Ардакүрең-ай! Екеуіміздің тағдырымыз қалай ұқсас еді?! Мен қалаға сый­мадым. Сен ипподромға көн­бедің!..» деп, шамырқана қоз­ғалып, қам­шы­сымен етігінің қонышын тартып қалатын ойлы, мағыналы мизанцена әлі күн көз алдымда тұрады. Көңілімнен кетпейді. Әуелгіде «осы арада бір сөзім қысқарып қалды», деп ашуланған Орекеңнің бірінші премьерадан соң Қадырды айқара құшақтап, емірене сүйгені, орнынан тік көтеріп алғаны есімнен кетпейді...

Иә... Шынайы творчествоның қуанышты сәттері екен ғой осы­ның бәрі...

Турасын айту керек. Он екі жыл министрлікте редактор, аға редактор, бас редактор болып қыз­мет еткен кезең – мен үшін айрықша ыстық, театрдың жаратылысын танып, драматургия дейтін жанрдың қыр-сырын игерген, өнер әлеміне барынша терең бойлауға ұмтылған кезең. Оралханның «Құлыным менің» – менің редакторлық қызметімнің ғана басы емес, драматургияға жаңа леп алып келген, жаңа, жас буынның өнер қақпасын айқара ашып, еркін кірген кезеңінің басы еді. Оралханнан соң Дулаттың «Әпкесі», менің «Шырақ жанған түнім», Ролланның «Өзімді іздеп жүрміні», Баққожаның «Қош бол, ертегісі!», Смағұлдың «Жаңа ай­дың жүзі», Әділбектің «Махаб­бат аралы», Сұлтанәлінің «Қыз жиыр­ма­ға толғанда», т.т. тәрізді жаңа дәуір дүниелеріне жалғасты.

«Өткен өмір – аққан су» дейді біздің халық.

Осы сөзді Сағат марқұм жиі айтушы еді.

Рас екен.

Аманкелді Мұқанов дейтін театртанудың жаңа кезеңіне қызу араласып, тер төгіп, еңбек етіп жүрген ініміздің айтуымен Қадыр Рақымбайұлы Жетпісбаев жайлы естелік жазу барысында мен өткен ғасырдың соңғы отыз жылы мен жаңа ғасырдың елең-алаң басына қайта оралғандай болдым. Өткен айлар мен көшкен жылдар сағым құшағында қалған сардаланың суретіндей болып, тізіліп өте бас­тады.

Театр дейтін текті әлемнің көш керуені! Басы жиырмасыншы ғасырдың құла таңымен жа­­рысып өмірге келген «Ес-Аймақ», «Қояндының» қалың жұр­­тын аузына қаратқан тума талант­­тар­дың кескін-келбеттері елес­те­ді... Дала театрының Дель-Арте­сі­мен тіл­дес­кендей болдым. Есіме ұлт театры­ның алыптары түсті... Елуінші... Алпысыншы... Жет­пі­сінші жылдарға жетіп, апты­ғымды бастым...

Иә... Шанин, Тоқпанов, Мәм­бе­тов­тер­ден көсем өнер­дің эстафетасын алған жаңа буын режиссерлерінің ішін­де Жет­піс­баевтың орны айрық­ша еді. Біз білетін суреткер Қадыр­дың қойылымдары көрермен жанына нұр мен шуақ, ой мен па­расат себе отырып, адам баласына тән қуаныш, қай­ғы, қасірет, шат­тық, махаббат, зұлым­дық дейтін мәңгілік ұғым­дар­ды тануға талдауға, баға­лау­­ғ­а жұ­мыл­дыратын көркем­дік са­па­сы жоғары, кернеуі кең көр­кем дүниелер еді. «Хан Кене», «Юлий Цезарь», «Дос-Бедел дос», «Қыз Жібек», «Қозы Көр­пеш-Баян сұлу», «Одиссея», «Ажар мен ажал», «Құлыным менің», «Өліара», «Апа, апатай», «Анамның ақ көйлегі», т.т. се­кілді ұлт театрының көркіне ай­налған кезеңдік туындылар өз кезінде көрерменінің ыстық ықыласына қалай бөленгенінің куәсі болғанбыз.

Мен Қадырмен жақын ара­лас­­қан жылдарда оның өзіне де, өзгеге де қатал талап қоя біле­тін, театр өнеріне ессіз беріл­ген шынайы суреткер, нағыз шығармашыл тұлға екеніне көзім сан мәрте жетті. Жақсы спектакль көрсе, өзі қойғандай қуанып, сүреңсіз спектакльге қолын бір-ақ сілтеп, «сөзді қор етудің керегі жоқ» деп бұрылып кетуші еді. Тіпті болмаса, басын бауырына тығып, үнсіз қалатын. Сондай сәттерде маған жымың етіп қа­рап Әшірбек марқұм: «Қадекең ұнаған, ұнамағанын тым құрыса жасыра да алмайды... Өзгелер секілді өтірік көлгірсу де келмейді қолынан... Қарашы, түрі айтып тұрған жоқ па?..» деп ішек-сілесі қата күлуші еді. «Жетпісбаевта ми жоқ... Өйткені тұла бойы жүрек пен талант!» деуші еді Асқар Сүлейменов.

Қадыр Жетпісбаев ізденуден жалықпайтын, сахнаның қыр-сырын шебер игерген, өзінің ойы мен бойында барын қойылымға шашау шығармай, төгіп-шашпай, жүрегімен, жанымен өріп отырып салатын, көрерменін бірден жаулап алатын сиректер сана­ты­нан еді. Режиссердің шабыт пен шеберліктің биігіне көте­ріл­ген ең бір шаңқайлы кезеңі – Республикалық Ұйғыр театрын­да бас режиссер болып іс­те­­ген жылдары болды... Оның осы театр­ сахнасына шығарған «Одис­­сеясы» мен «Анамның ақ көй­ле­гі» спектакльдері театртанушылар мен сыншылары тарапынан жоғары бағаланғаны да, М.Лермонтов театрында қойған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спек­так­лінің көрерменнің ыстық ықы­ласына бөленгені де осы ке­зеңде.

Айта берсек... Өзінің өркенді өмірі мен тарланбоз тағдырын қазақ театрына өлшеусіз арнап, «күндіз – күлкісін, түнде – ұй­қы­сын» сахнаның сәні мен салтанатына, уайымы мен қайғысына арнап жүріп, ғұмыр кешкен ұлт өнерінің бағы мен сорын жүрек таразысы арқылы өткізе жүріп, үлкен өнер жасаған замандасымыз туралы сөз көп.

Саңлақ суреткердің өлшеуге көнбейтін шығармашылық болмысы да, отбасылық өмірі де өзгеше еді. Зәуреш жеңгемізбен қол ұстасып қатар жүрген сәт-сағаттары, мына жалған дүниеден тым ерте кеткен ұлы мен қызының қасіреті, басын тауға да, тасқа да ұрып жүріп, үзеңгілес достарын жоғалтқаны Қадыр өмірінде ізсіз қалған жоқ. Ойы, қасіреті, өмір жайлы пайым-түйіндері сахна төрінен үздіксіз сөйлеп жатты... Әсіресе... Ұлы Абылайдан мезгілсіз айырылған тұстағы зар-қайғысын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес... Өмірдің ұсақ-түйек, отбасы-ошақ қасылық арбаулары мен тұсауларына шы­ғар­машылық күрескерлігін бағын­ды­ра бермейтін Қадырды өз ор­тасы – театр дейтін сыры мен жұм­бағы мол әлемнің үлкен-кішісі айрықша жақсы көретін. Әріп­­тестері мен режиссердің талан­­тын бағалаушы қалың жұр­ты өнер тарланын сирек таланты мен суреткерлік болмыс-бітімі үшін, азаматтық ұстанымы мен өмірдегі есепсіз адалдығы үшін сыйлайтын...

Иә... Уақыт өтті...

Біз Алматыда қалдық. Ол әріп­тес досы марқұм Жақып Ома­ров ине-жібіне дейін түгендеп жү­ріп, жүрегін, жанын салып ашқан Қаллеки атындағы драма театрына ие болып, Астанаға көшті...

Арқаның ақ бораны ақырап, сары аязы сақылдап тұрған кезең­нің бірінде мен Қадекеңді іздеп, Астанаға, театрға бардым. Қадыр өзінде екен. Мені көргендегі қуа­нышын айтып жеткізу мүм­кін емес еді. Шашының ағы молай­ға­нымен, рухы, мінезі беріспей, салған жерден шығармашылық жос­парларын айтты. Жаңа-жа­ңа Арқаға келіп, көш-көлігін түгендеп, үзеңгі-ба­уын бүтіндеп үлгермей жатқан азаматтың бо­йынан қайғыны жең­ген өнер иесінің қайсарлығын көргенде, мен де іштей қуандым. «Жақып марқұм өзі құрған театры­на түренін тереңдетіп-ақ салған екен... Отырсам да, тұр­сам да, репети­ция жасасам да саң­қыл­да­ған үні құлағымнан, ақжа­рылған күл­кісі көз алдымнан кетпейді. Мына кішкентай ғи­ма­раттың әр бұ­рышынан Жа­қы­бым шыға келе­тіндей көрініп тұрады...» дегені есімде. «Сенің «Қилы заманыңды» ала келіп ем... Түбі сахнаға шығарам ба деген үміт. Есіңде ме, 1987 жылы спектакль шыққалы тұр­ған жерінен тоқтатылып еді ғой! Әттең! Сол жолғы екі ке­зең үн­дестігін 1916 жыл мен 1986 жыл арасындағы ғажайып бай­ланысты Жәмекеңнің түсі етіп беретін формам қалай еді, Нұрлан? Есіңде ме? Сенің қар­сылығыңа көнбей, Қарқара қыр­ғынын Желтоқсан көтері­лі­сі­мен жалғауым сахнадағы жаңалық еді ғой?! Солай ғой, ә?! Сола-а-й! Бірақ ЦК-дағыларға біреу­лер жеткізген... Бірден тоқ­­татты! Ұлы Мұхаңнан да, се­нің Қарақолда атылған ұлы бабаларыңнан да шімірікпей... Бірден тоқтатты! Желтоқсан үшін сен горкомның бюросына, Сағат марқұм ЦК-ның Бюросына түсіп жатқан екенсіңдер ғой... Қайдан білейік? Өзің айтпайсың... Кейін, елден естідім... Енді сол шешіммен қояйын десем... мына театрда мүмкіндік жоқ! Жоқ! Круг жоқ! Колосник жоқ! Авансцена... Жо-оқ! Қос порталға шынтағың сыймайды. Жоқ жерден, түгі жоқ горкомның кішкентай мәжіліс залынан театр жасаған Жақып нағыз ер!» деді жадырай жымиып. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ... Авансценасынан сы­быр­лаған дауысың артқы қа­тар­ға естілетін қайран әкемнің театры-ай! Қадірін жаңа біліп жатырмыз?!.» деп еді күрсініп...

Сол жолы Қадекең екеуміз іш босатып, ұзақ әңгімелестік. Өткен-кеткенді айттық...

– Сен де... Театрдан алыстап кеттің. Пьеса жазуды қойдың? Дұрыс емес. Сахнаның жайын білетін, театрдың жанын ұға­тын жігіттер жазғаны дұрыс! – деп еді қоштасып тұрып тарлан­боз тағдыр иесі. Сол жолы Қа­дыр­дың көзінен бір тарқамас мұң мен сейілмес сағынышты көргендей болып ем. «Алматыға сәлем айт. Сағынып жүрмін. Ондағылар шақырса... Барып, Әуезов театрының сахнасына бір ғажап спектакль қойғым келеді. Боздап тұрып, елді, жұртты боздатып тұрып... Мәңгілік өмір туралы! Жазшы! Жазыңдаршы! Мен сахнаны, залды, театрдың төрт керегесін қозғап тұрып, бір сұмдық спектакль қояйын! – деп еді.

Иә. Қадырдың сахнадағы өмі­рі ыстығы мен жалынын еш­қа­шан бәсеңсіткен емес.

Араға уақыт салып талай сах­на­лық дүниені боздатып өмір­ге алып келген өрісті өнердің мэтрі ойда-жоқта ел-жұртын боздатып өзі өмірден өтті.

Бүгін, міне...

Өмірден өзі озғанымен өне­рі, ойы, ұлт театрымен қатар өмір сүріп, жүрегі ұлт өнерімен қатар соғатын Қадыр туралы, өкі­­нішке қарай, өткен шақпен сөй­леп, ес­те­лік жазып отырмын.­ Жиыр­ма­­сыншы ғасыр тура­лы, ала­ма­ны қалың ұлы дәуір жайлы сөз айтқан сайын, театр дейтін киелі өнерге қалай ат басын бұрсақ, сол театрдың ұлт топырағында тамырын терең жаюы үшін бар саналы өмірі мен саңлақ болмысын арнағандар санатында өрісті тұлға, өркенді өнер иесі, Қазақстанның халық әртісі, талантты режиссер, тарланбоз тағдыр иесі Қадыр Рақымбайұлы Жетпісбаевтың да тұрары даусыз...

Уақыт алыстаған сайын талдау, тану, саралау, зерттеу, баға­лау мәдениеті тереңдей түсер театр­ дейтін сиқырлы, сырлы жұм­­бақ әлемнің аспанынан Қадыр Жет­піс­­баевтың Мәңгілік Өмірі де жиі-жиі тіл қатары хақ.

 

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

ақын-драматург,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты