Пікір • 07 Сәуір, 2022

Дамуға бастар жол

204 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жолдаудан басты түйгенім – Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық қолға алынған реформа мен қабылданатын маңызды шешімдерді Қазақстанның тұрақты дамуына арнап отыр.

Дамуға бастар жол

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Орнықты даму ұғымы маған жіті таныс. Неге десеңіз, мен еліміздің «жасыл» қауымдастығы, яғни экологиялық бірлестіктің өкілімін. Мұның алдында БҰҰ Даму бағдарламасының орнықты даму бойынша бөлімін басқарғандықтан кез келген мемлекеттің тұрақты дамуын саяси шешімсіз жүзеге асыру қиын екенін жақсы түсінетінмін. Мемлекет басшысы осы айтылған ұсыныстардың келешекте қоғамның игілігіне қызмет ететінін бірнеше рет жеткізді.

Маңыздысы сол, Президент көтерген стратегиялық бастамалардың бағыты айқын. Конституцияға 30-дан астам түзету енгізіп, 20-дан артық заңды өзгерту мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Бұл – ауқымды жұмысты қажет ететін шаруа. Кейбіреулер неге Парламентті бірден таратып, сайлау өткізбеске деп сұрайды. Бірақ мұны іске асыру үшін тиісті заңнамаға өзгерістер енгізу қажет екенін жақсы түсінеміз.

Екіншіден, Жолдаудың басты тұсында үш облысты құру жөнінде бастама көтерілді. Атап айтқанда, Ұлытау, Жетісу және Абай облыстары. Кез келген Қазақстан азаматы секілді осы өңірлерде менің де көптеген досым тұрады. Олар тарихи әділдіктің орныққанына дән риза. Мәселен, Жезқазған облысы бұрын да болған. Қазір кеншілер өңірінде қазба байлықтары сарқылып біткен кен орындары өте көп. Сондықтан жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды. Ал жеке алдына Абай облысының құрылуы – семейліктердің ертеден аңсап келе жатқан қалауларының бірі. Алматы өңірі үшін де бұл орынды шешім деп санаймын. Егер халық Қапшағай қаласының атауын Қонаевқа өзгертуді құптаса, аталған өңірдің көркейе түсуіне жол ашылады деген сенімдеміз.

Басқа да көптеген жақсы өзгеріс пен ұсыныс айтылды. Сол себепті Парламент пен Президент Әкімшілігіне қыруар жұмыс атқаруға тура келеді.

Президент пен өңір әкімдерінің саяси партиялардың құрамында болмауы керек деген ұсынысты да қолдаймын. Бұл кез келген партияның мүдделерін ілгерілету үшін әкімшілік ресурстарды пайдалану ықтималдығын алдын алады деп есептеймін. Сонымен қатар осы арқылы көппартиялық пен бәсекелестікке мүмкіндік беріліп, жаңа саяси мәдениет қалыптасады. Осы ретте біз кейінгі кездері «жасыл» партия құру жөнінде бастама көтеріп келеміз. Мұндай шешім қабылдауға елімізде орын алған утильалым  мен Көбейтұз мәселесіне байланысты резонасты оқиғалар итермеледі. Болашақта біз осыған келеміз деп ойлаймын.

 

Арман ҚАШҚЫНБЕКОВ,

Қазақстанның жаңғырмалы энергетика қауымдастығының бас директоры