Пікір • 07 Сәуір, 2022

Жаңа аймақтардың құрылуы жергілікті мәселені шешуге тиіс

417 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Саяси реформалар – елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің негізі. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйені жаңғырту және әкімшілік реформалар, құқықтық актілерге өзгерістер мен жаңа заңдар қабылдау туралы айтқан ұсыныстары, әлеуметтік реформалардың тиімді экономикалық тетіктерін әзірлеуге жол ашуға тиіс.

Жаңа аймақтардың құрылуы жергілікті мәселені шешуге тиіс

Біздің ойымызша, ғылыми қауым өкілдері халықтың, мемлекеттің және бизнес құрылымдарының сұранысын зерделей отырып, дер кезінде басқару шешімдерін қабылдауға септігін тигізетін қолданбалы зерттеулерді көбірек жүргізуі керек.

2021 жылы БҒМ Экономика инс­ти­тутының зерттеу тобы елдің осал ай­мақтары мен елді мекендерінің өзекті мәселелерін анықтады. Айта кету керек, өңірлердегі маңызды әлеуметтік-эко­но­микалық мәселелерге аз жалақы (30,4%), күнкөрістің төмендігі (20,9%), даму мүмкіндіктерінің жоқтығы (28,4%), жұмыс орындарының болмауы (11,7%) және ақша табу мүмкіндігінің аздығы (11,7%), кәсіптік білім алу, қайта даярлау мәселелері (5,5%) жатады. Сондай-ақ тұрғындардың несие мәселесі, баспана мәселесі, ақша тапшылығы, денсаулығы, жылу мен ауыз су мәселесі бар.

Біз зерттеу барысында дамуға кедер­гі болатын мынадай факторларды анық­тадық: елді мекендердің негізгі инфрақұрылымдық және экологиялық проблемалары: нашар жолдар (21,4%), нашар байланыс, интернеттің болмауы (11,1%), тұрғын үй мәселелері, тұр­мыстық жағдайлардың нашарлығы (10,6%), экологиялық проблемалар, сапалы ауыз су (5,5%), мектепке дейінгі және мектеп мекемелеріндегі орын тапшылығы – 2,4%.

Ал кедейліктің себептері: өнді­ріс орындары мен тиімді жұмыс орын­дарының жоқтығы (35,4%), шағын биз­нестің нашар дамуы (16,5%), ауылдық жерлерге көлік тораптарының алыстығы, жолдар мен басқа коммуникациялардың нашар дамуы (11,6%), жайылымдық және егістік жерлердің жетіспеушілігі (10,1%).

Ішкі миграцияның реттелмеуіне әсер ететін факторлар: жұмыс іздеу (41,5%), тұрмыстық жайлылық дең­гейінің төмендігі (газбен жабдықтау, орталықтандырылған жылумен қамту (23,6%) ), қажетті әлеуметтік (білім беру және денсаулық сақтау мекемелері) және көлік инфрақұрылымының болмауы (16,2%), қоршаған ортаның нашарлауы (6,3%), ауыз суға қолжетімділіктің төмен деңгейі (5,2%), техногендік экологиялық тепе-теңдіктің сақталмауы (3,7%).

Бұл проблемалар Қазақстандағы елді мекендерді (ауылдар мен моноқалаларды) әлеуметтік-экономикалық қайта құру бо­йынша бірқатар бағытты жетілдіруді, қайта қараудың қажеттігін алға тартып тұр. Жолдауда айтылған саяси реформалар, соның ішінде жаңа аймақтардың құрылуы, жергілікті өзін өзі басқару органдарының әкімшілік және қаржылық ресурстарының ұлғаюы алыс-жақын елді мекендердің жергілікті мәселелерін шешуге ықпал етеді деп сенеміз. Әсіресе Қазақ­станның аудандарын, ауылдарын ин­фрақұрылымдық дамыту, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу, білім мен медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру маңызды.

 

Айсұлу МОЛДАБЕКОВА,

БҒМ Ғылым комитеті Экономика институтының заманауи зерттеу әдістері бөлімінің меңгерушісі