Сұхбат • 07 Сәуір, 2022

Су сорғысы қажет емес кез...

210 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі кезде монополиясыздандыру туралы айтылып жүрген әңгімелер аясында Қазақстан экономиканың тұтас салаларындағы арамтамақ операторлар мен басқа да құрылымдардан неге арыла алмай отыр? Осы көкейкесті сауалға экономист Айдархан Құсайыновтың жауап беруін сұраған едік.

Су сорғысы қажет емес кез...

– Сіз «Қазақстан экономи­касы» атты кітабыңызда ұлт­тық идеяның маңыздылығы туралы жаздыңыз. Бүгінде оның өзектілігі бұрынғыдан да арта түскен сияқты. Қазіргі кезеңде ол қандай идея болуы мүмкін деп ойлайсыз?

– Бірінші кезеңде бұл әлеуметтік бағдарланған Қазақстан болуға тиіс деп ойлаймын. Яғни барлық адам үшін қалыпты өмір.

– Ал қандай реформалар ең жақсы нәтиже берер еді?

– Біріншіден, ұлттық валютаны нарықтық бағамға келтіру қажет. Екіншіден, бизнесті қолдау саясатынан бас тарту керек. Үшін­шіден, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін едәуір кеңейту.

– Мысалы...

– Мысалы, мектептерді ешқан­дай мемлекет-жекешелік серік­тес­тіксіз салу керек. Бұл ретте оқу­шылар тамақтандырылуға және қоғамдық көлікте ақысыз жүруге тиіс. Яғни сіз бизнесті қолдаудан бас тартып, мектеп оқушыларын тамақтандыруды бастағанда ол да соншаға түседі.

– Қазіргі кезде аса мән берілмей тұрған идеялардың бірі – монополиясыздандыру. Ол туралы Президент айтты, жақын­да тиісті комиссия жұмыс істей бастады. Рас, бұл ретте негізсіз жеке­шелендірілген объектілерді, инф­ра­құрылымды мемлекет мен­шігіне қайтару туралы сөз бо­лып отыр. Бірақ басқа салалар да тиісті шешімдерді талап ете­ді. Қарапайым адамдарды да, биз­нес­мендерді де ашуландырған фак­тор­лардың бірі – іс жүзінде әр­түрлі саланы монополиялан­ды­рып алған опе­ра­торлық құры­лым­дардың болуы. Мәселен «ӨКЖ Операторы» немесе бір­неше рет жанжалға ұшыраған «СҚ Фар­мация». Яғни бірінші кезек­те қандай салаларды тазарту керек?

– Ең алдымен барлық операторды қысқартып тастау керек. Өйткені олар­дың мәні жоқ және бұл үшін комис­сия құру да міндетті емес. Қазақ­станның мәселесі де, міне, осында. Неліктен оператор пайда болады? Себебі мемлекет бір жағынан реттеумен айналысқысы келеді, ал екінші жағынан, қаттырақ айтсақ, бизнеске қатысқысы да келеді.

«СҚ Фармация» үшін баға­ны төмендетудің қажеті жоқ. Біріншіден, қалыпты, заңды түрде реттелген сатып алуды қалай жүргізу керектігі туралы ойланыңыз. Екіншіден, мұндай операторлар арқылы қандай да бір субсидия жасаудың қажеті жоқ. Егер сіз қалыпты әлеуметтік Қазақстан туралы ойласаңыз, жекелеген бағыттарда субсидия таратпайсыз. Яғни операторлар идеясы өзінен-өзі жоққа шығады.

– Бірақ мұндай операторлар ақшаны бір арна арқылы өткізіп,  оны біреудің жеке қалтасына түсіру үшін де пайда болатыны баршаға  түсінікті сияқты...

– Дәл солай.

– Министрлер мұндай тәжі­рибеден бас тартуы үшін не істеу керек? Бір мысал, өткен жылдың өзінде Мәдениет және спорт министрлігі «Мөлшерлемелерді есепке алу  орталығы – МЕО» операторын құрып, осы саланы іс жүзінде монополияландыруға тырысты және ондаған миллиард теңге төлем жүйелері нары­ғына қатысушылардың бірі­нің қалтасына түсе жаздады. Сөйтіп, төлем жүйелері мен тер­ми­налдардың бүкіл саласын далада қалдыру әрекеті жасалды. Осы жобаны «сүйреп өткізуге» тырысқандарға қатысты тергеу жүргізілуге тиіс емес пе?

– Мұндай «МЕО»  – қай салада болсын жеткілікті жеке жағдай. Министрлер бұл мәселені басқаша шеше алмайды. Бір нәрсені өз­гер­ту үшін экономикалық сая­сат­ты тү­бегейлі өзгерту керек. Яғни эко­но­микалық ойлаудың қазіргі па­ра­диг­ма­сында операторлар еш­қай­да кет­пейді. Олар түрін өзгертуі, бөлінуі, шоғырлануы мүмкін, бірақ олар – қазіргі идеологияның бір бөлігі.

– Сонда олар бизнес пен мемлекет арасындағы монополист  «төсемдер» болып қала бере ме?

– Әлбетте. Мен қазіргі эконо­микалық тұжырымдамаға сүйене отырып, тағы бір рет қайталап айтамын: бұл «төсемдер» қолданыстағы сая­саттың құтыла алмайтындай құралы.

– Әзірге елде жаңа эконо­микалық формация орнама­ған кезде қолда бар және іске қосу жоспарланған осындай құрылымдардың бәрінің Қазақ­станның мұқтаж­дық­тарына неме­се қандай да бір жеке мүдде­лер­ге қаншалықты қызмет ететі­нін тексерудің қажеті бар ма?

– Әрине, тексеру керек. Ол үшін Есеп комитеті мен қапта­ған мемлекеттік органдар бар. Тексеру, сазайын тартқызу, сыбайлас жемқорлықтың бар-жоғын қарау қажет. Қазір сіз  осындай экономикалық саясатты қолдай бересіз, онда осындай операторлар бола береді және  олармен шексіз күресіп, жаңаларын жасайсыз, ауыс­тырасыз, таратасыз немесе тек экономикалық саясатты өзгертесіз. Сонда бұл нәрсе өзінен-өзі жоғалып тынады.

Мен сізге бір мысал келті­рейін. Егер сіз ылғал сүйетін өсім­дік­тер­ден бақша отырғызуды ұйғар­саңыз, бірақ әлдебір себеппен қырда тұрсаңыз, онда су сорғысыз ештеңе жасай алмайсыз. Бақшаны баптай жүріп, сіз әрқашан сол сор­ғыларды жөндеуге, жоғары сапалы сорғыларды іздеуге, оларды ауыстыруға мәжбүр боласыз. Бірақ сіз: «Мен одан да бақшаны қырға емес, ойпатқа отырғызайын, сосын өзеннен канал тартып, су өздігінен ағып келетін қылайын», дей аласыз ғой. Сонда су сорғысы туралы ойдан да біржола құтыласыз, өйткені ол мүлдем қажет болмай қалады.

 

Есен ҚАНАТБАЕВ