Тарих • 07 Сәуір, 2022

Адал еңбек ер атандырады

969 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент Қ.Тоқаевтың «Жал­пы, бәріміз еңбекқор­лық­тың, біліктіліктің идеоло­гиясын көтеруіміз керек. Ұлты­мыз дүние жүзінде, ең алдымен, еңбекқор, жұмысқа адал ұлт ретінде мо­йын­далатын болса, бұл эконо­микамызға оң әсер етеді. Масыл­дықтан, жалқаулықтан алшақ болуымыз қажет» деген келелі пікірінде үлкен мән-мағына бар.

Адал еңбек ер атандырады

Еңбек адамын қадірлеу қай заманда да басты қағидат болып қала бермек. Бұл жағынан алғанда кеңестік кезеңнің жақсы дәстүрінен өнеге алған дұрыс. Ол уақытта шыны керек, шопан, механизатор, сауыншы, токарь, т.б. қарапайым еңбек адамдары жоғары марапаттарға ие болып, партия съездеріне делегат болып қатысатын. Бұл қай заманға да қажет, керек тәжірибе екені сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, мал шаруашылығында қол жет­кізген аса үздік көрсеткіштері үшін ең жоғары наградаға – «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болған Мария Аябаеваның өмірі, еңбек жолы, елге қызмет ету қағидаты – жастарымызға әрдайым үлгі-өнеге.

Мария Көденқызы бұрынғы Талдықорған облысының Гвар­дия ауданындағы Развиль­ное (Жаңалық) ауылында дүниеге келген. Әкесі Көден Қарым­сақ­ұлы 1941 жылы майданға аттанып, Воронеж түбінде ерлікпен қаза тапқан. Анасы Мүлгісін 25 жасында қосағынан айырылып, жарына берген өмірлік сертін адал орындап, еңбекке араласып, ұл-қызын жеткізген. Егін салған, шөп шапқан, мал бағып, бала өсіріп, таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппаған. Анасының жанкештілігін көріп өскен Мария еңбекқор болмай қайтсын.

1956 жыл Мария Көденқы­зының өміріндегі ең ерекше жыл­­дардың бірі болды. Дәл осы жылы Мария Қызайбай Ая­баев­­пен отау құрып, жаңа өмір жолын бірге бастады. Атақты Арқарлы өңіріндегі Панфилов атындағы колхоз – кіндігі кесіліп, кір жуған, қасиетті атамекені. Кейіннен бұл шаруашылық «Қы­зылжар» кеңшарына қосы­лып, 1974 жылы «Арқарлы» атанған. Үлкен ұжымжар еді.

Марияның мал өргізіп, отар-отар қой бағып, еңбек көрігін қыздырған жері Арқарлы адыры аталады. Түгін тартсаң, майы шығатын, малға жайлы, шөбі шүй­ген, суы мөлдір, ауасы таза мекенде қол үзбестен еңбек ет­кен-ді. Қыстауы – Қызыл­құ­дық. Марияның шүмектеп аққан маң­дай тері сіңген қасиетті жер ғой. Кезінде жұрт оны «Мария базы, Мария қорасы» деп атайтын. Еңбегін бағалағаны ғой.

Мал бағу айтқанға ғана оңай. Әйтпесе бейнеті көп, ауырт­­палығы мол, жылдың қай мау­сымы болсын, қиындығы шаш етектен келетін тынымсыз, бо­саңсуды кешіре алмайды шо­панның тірлігі дегеніңіз. Дема­лыс жоқтың қасы. Оны айтасыз, малдың жайын терең білу керек, жем-шөбін әзірлеп, қорасын жылы ұстап, шұрайлы жайылым іздеу, көктеуі мен күздеуін жаңылыспай тап басып танып, қыстағы қоңын көзден таса қыл­мау – әркімнің қолынан келе бермес кәсіби шеберлік, зеректік, әркімнің бойына біте бермес қасиет. Әйтпесе деймін-ау, мал бақ­қанның бәрі Еңбек Ері болмай ма?

Өзінің өмірлік тәжірибесін атақты Мария апамыз былайша сыр ғып шерткен: «Мал – баққандікі», – дейді біздің кейінгі шопандар мақалдай сөйлеп. Сол рас. Міне, бір боз саулық екі қошақан бізді түске дейін әуре етті. Ал бір отардағы 700-800 саулыққа, оның соңы­нан ерген 1 400-ден астам қозысына ие болып көр. Осының баршасының қиындығы тіпті шаш етектен келеді емес пе?! Бірақ қоғам игілігі, ел байлығы – баққан өз малың. Атқарған еңбегің сені баянды бақытқа жет­кізіп, шек­сіз қуанышқа бө­лейді. Ал абы­ройлы, атақты шопан болу үшін төзімділік, еңбек­сүйгіштік, шыдамдылық, табандылық керек! Сонда ғана мал өседі, төл көбейеді, отар ортаймайды».

Мария Көденқызы өткен ғасырдың 1960-1970 жылдары аудандық Кеңеске екі рет, облыс­­тық Кеңеске екі рет депутат, Қазақстан Компартиясы XIII, XIV, XV, XVI съездеріне, Кеңес Одағы Коммунистік пар­тиясының XXVI съезіне делегат болып сайланған. Еңбек­тегі ерлігі үшін Еңбек Қызыл Ту орденіне ие болып, 1985 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, «Ленин» орде­німен, «Орақ пен балға» алтын медалімен марапатталған. Сондай-ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Адамның атын еңбек шыға­рады. Бақыт деген киелі ұғым да түсінген жанға адал еңбек, маңдай термен келеді. Мария Көденқызы өзінің бар бақытын мамандығынан, бейнелеп айт­қанда, қойшының құтты тая­ғынан тапқанын айтып та, жазып та кеткен екен.

Бірде Кербұлақ ауданындағы Сарыбастау орта мектебінің оқу­шыларымен кездесуінде атақ­ты шопанға балалар «Бақыт дегенді қалай түсінесіз?» деген сауа­л қояды. Сонда ол: «Егер ұлы Отанға, өзің туған ардақты елге неғұрлым көп еңбек сіңірсең, бақыт деген сол. Дүниеде өзің сүйген ісіңмен айналысып, сол кәсіптің (ол мейлі қандай ма­ман­дық болсын) бүге-шігесін, қыр-сырын жетік меңгерсең, сол ма­мандықтың шырқау шыңына шық­саң, сол бақыт» деп жауап береді.

Халқымыз еңбектің қадірін жете білген. Сондықтан да адал еңбек етіп, маңдай терін төгіп, үлкен жетістікке жеткен жандар туралы ғибратты сөздерді көп айтқан. Жастарға олардың толағай табыстарын үлгі екен. «Еңбек ер атандырады» деген даналық сөз содан қалса керек. Өз басым Социалистік Еңбек Ері, өз дәуірінің мақтанышы болған, атақты шопан Мария Аябае­ваның өміржолына қарап, халық даналығына бірауыз сө­зімді қосып, «Адал еңбек ер атан­дырады» дегім келеді. Бұған кейіпкеріміздің өнегелі өмірі – нақты дәлел.

Мария Көденқызының өмір­­ден өткеніне алты жылға жуық­тапты. «Орнында бар оңа­лар» демекші, Еңбек Ерінің ғиб­ратты жолын бүгінде ұрпақ­тары жалғастырып келеді. Мария мен Қызайбайдың балалары Алтын, Алтынкүл, Қуа­ныш және Мөлдірден тараған неме­ре-шөберелер ардақты ата-апа­сының аттарын мақтанышпен айтып, өнегесін өз өмірлерінің бағдаршамындай берік ұстанады.

Жақында Сарыбастау ауы­лында ауыл тұрғындары, ауда­н, ауыл, мектеп басшылығы ұйыт­қы болып, Сарыбастау орта мек­тебінде Еңбек Ері Мария Ая­баеваның атында музей ашып, оның жетістіктері мен еңбек жолынан көрме ұйымдастырды. «Өлі риза болмай, тірі байымас» дегендей, алтын жұлдызды апа­мыз­дың рухына Құран бағыш­та­лып, ата дәстүріне сай ас берілді.

Келешекте игілікті іс-шара жалғасын тауып, Мария Аябае­ваның ардақты есімі ауылындағы Сарыбастау орта мектебіне бе­ріліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Ұсынысқа ауыл әкімі бас­тап, мектеп ұжымы қоштап, аудан әкімшілігі де үлкен қолдау білді­ріпті. Бастама Алматы об­лыстық және республикалық ар­найы комиссиядан қолдау табатынына сенеміз.

Тағы бір ұсынысымыз, ауыл ғана емес, аудан, тіпті облыс кө­ле­мінде еңбекте, әсіресе мал ша­­­руа­шылығында жақсы жетіс­тік­терге қол жеткізген жастарды көтермелеу мақсатында жыл сайын Мария Аябаева атындағы сый­лық тағайындалса дейміз. Ауыл, аудан, облыс көле­мінде ор­талық бір көшеге Еңбек Ерінің аты беріліп жатса, қанеки! Еңбек ада­­мына деген ол да үлкен құрмет әрі жастарға үлгі-өнеге болмас па?!

Иә, аядай ауылы Арқарлының атын алаш жұртына адал еңбегі арқылы танытқан Еңбек Ері Мария Аябаеваға лайықты құр­мет көрсету – ауыл, аудан және облыс басшылары үшін үлкен сын әрі абыройлы міндет. Өйт­кені өткенге құрмет ертеңге та­ғы­лым екені белгілі.

 

Нұрлан ҚАЛҚА,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты