Тарих • 07 Сәуір, 2022

Кейкінің қазасы

322 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісі қаһармандарының бірі Кейкі Көкембайұлының қайтыс болғанына жүз жыл толып отыр. Халқының азаттығы үшін күресіп, сол жолда құрбан болған батырдың ақтық демі де қапылыста үзілді.

Кейкінің қазасы

Кейкі 1922 жылы наурыздың ортасында Торғай қаласынан 26 шақырым «Шуақбай» деген жердегі белгілі бай Нұрша­бай­дың Әбдіхалығының үйіне келіп түседі. Атақты мерген осы жолы Торғайдағы Кеңес өкіметінің белсенді мүшесі, әскери комиссар Александр Токарьевті атып өлтіріп келген беті еді.

Бұл қаралы хабар елді дүр сілкіндіріп, жаңа өкімет Кей­кінің көзін жоюға Желяев бас­таған жазалаушы отрядты шы­ғарады. Оның құрамында кейбір деректе − 30, кейбірінде 50 адам болған деп жазады. Олар батыр бет түзеген Жыланшыққа қарай шығып, жолай барлық ауылдарды тінтеді. Мерген де соны біліп, отрядты алдап із тас­тап, бағытын өзгертіп отырған.

Кейкі «Шуақбайдан» төте­леп «Аққұм», «Айырқұм» одан «Рахмет» ауылына екі күн өтіп, үшін­ші күні кешке таман ат ба­­сын тірейді. Осы ауылда Аман­­келді батырдың мыңбасы Қарабайдың Әлжанының туған інісі Асқарға кездеседі. Батыр әрі ауылдасы, әрі ағайыны Ас­қардың екі атын сұрайды. Ол аттарын бергісі келмей Кейкі­мен сөзге келіп қалады. Соны байқаған батырдың зайыбы Ақжан сұлудың: «Қайным-ау, ағаң қиналып, жүйкесі тозып, елден пана таба алмай жүр. Атқа бола несіне дауласасың, соған бола басыңды өлімге тігесің бе?» деген сөзінен қаймығып екі атты береді. Оған қасына еріп жүрген екі татарды мінгізіп, ауылға тоқтамай алдымен Жалаулының Жыланшыққа құяр сағасына бет алып, осы жерде отырған бұрыннан сыйлас Сүтемгеннің Жәкенінің үйіне келіп тоқтайды. Жәкен бай құрақ ұшып батырды қарсы алады. Оның Торғайда Токарьевті атып кеткенінен еш хабары жоқ. Жәкенмен ертеден дос батыр оған оңашада болған жағдайды айтып, елден біржолата кетіп бара жатқанын, енді бірін-бірі көрмейтінін, соңғы кездесуі екенін ескертіп, біраз мұң-шерін тарқатады. Шама келсе, көрші мұсылман елдерінің біріне, болмаса Қытай асатындығын сол үшін тіл бі­летін мына екі татарды өзімен ала келе жатқанын айтады. Татарлар Кейкіге «Қытайға ке­тіп бара жатырмыз» деп бір сөздің ретінде айтып қалса керек.

Ол кезде Ұлытаудан бастау алатын Жыланшық өзенінің бойы сыңсыған ел. Алдымен жазалаушы топ Рахмет байдың ауылына келіп, ел адамдарына Кейкі батырдың қашып осы өңірге келгенін айтып, соны тауып беруін талап етеді. Ауылдағы ер азаматтарды бір жерге жинап, олардан жеке-жеке жа­уап алады. Жазалаушы отряд ішінде татар солдаты болған. Осы қыспақтан кейін екі атынан бірдей айырылған Қарабайдың Асқары мергеннің ауылға кештете келгенін, оның екі атын қорқытып алып, жанына еріп жүрген екі татарға бергенін айтады. Сөйтіп, жазалаушы отряд батырдың Жалаулыда Жәкеннің үйінде жатқанын біледі.

Ел қалың ұйқыға кеткен шақ­та жазалаушы отряд мана­ғы ауылдағы 10-15 ер адамды алды­на оққағар етіп салып, Жа­­лау­лыда отырған Сүтем­ген­­нің Жәкенінің қызыл үйін қоршайды. Бұл үй Рахмет ауы­лы­нан солтүстік-шығысқа қа­рай үлкен екі қырдың астында «Жалаулы» сайының бергі иірімнің жағасында орналасқан. Есік алдында суы тұщы үлкен қара су бар.

Таң алдында ұзақ жолдан шаршап, қажып ұйықтап жатқан батыр тобы жазалаушылардың келгенін сезбейді. Тек аттың дүбірінен айы-күніне мерзімі жетіп отырған Ақжан сұлу оянып кетіп, «батыр жау келіп қалды» деп ерін оятады. Сөйтсе, кү­зетке қойған інісі Шұбар ұйық­тап қалған.

Батыр атып тұрып мылтығын оқ­тап есікке ұмтылады. Бұл кезде Желяев есікке де, терезеге де өздері қорқытып айдап кел­ген ауыл адамдарын қалқан етіп ұстап тұрған. Соны көрген Кейкінің атуға шарасы болмай, жазықсыз жандардың қанын жүктеуге дәті бармайды. Осылай әрі-сәрі қым-қуыт шақта сырттан Желяевтің: «Әй, Кейкі, өз еркіңмен беріліп, мылтығыңды тастап, далаға шық. Үй толық қоршауда, енді ешқайда қаша алмайсың» деген сөзі естіледі.Кейкі орысша түсінбей, жанында тұрған екі татардан: «Анау, не деп айғайлап тұр?» деп сұ­райды. Татарлар оған «үйді қор­шап алғанын, егер беріл­ме­се, үйді жарып жібереміз деп» айтып жатыр дейді. Бірақ батыр соңғы демі қалғанша берілмей, «атысып өлемін» деп серт байлайды. Татарлар отряд басшысына Кейкінің сөзін жеткізеді. Желяев татарлардың батырмен бірге тұрғанын біліп, олардан «Кейкі қайда тұр?» деп сұрайды. Олар мергеннің далаға шығар есікке жақын тұрғанын айтады. Осы кезде Желяев ол екеуіне «Кейкіні есікке итеріп жіберсеңдер» бостандық береміз дейді. Ол сөзді батыр түсінбейді. Осы кезде екі татар Кейкіге жа­қындап «Сізге берілсін деп жатыр» деп екеулеп жейде дамбалмен есікке таяу тұрған батырды сыртқа итеріп жібереді. Мерген барып есікке соғылады. Осы кезде сыртта аңдып тұрған солдаттар есікті көздеп атады. Кейкінің кіндігінен төмен оқ тиіп, ол көрпені ішіне орап шалқасынан құлайды. Үй іші азан-қазан бо­лады. Сол уақытта татарлар Кейкі «өлді» деп сыртқа ай­ғай сап, манадан үйге басып кі­ре алмай тұрған солдаттар есікті бір теуіп, ішке сау етеді. Кей­кі көрпені денесіне орап шалқасынан құлаған. Оны сол көрпесімен қоса сүйреп далаға алып шығады. Айы-күні жетіп отырған Ақжан сұлуды сол жерде атып өлтіреді. Інісі Шұбарды да атып тастайды. Сондай-ақ екі татардың да көзін жояды.Түнде атыс болғанда Сүтемгеннің Жә­кенінің 1911 жылы туған қызы Бибіжамалдың сол жақ ая­ғының қалың етіне оқ тиген. Бұл кісіні көзіміз көрді, өткен ғасырдың сексенінші жылдары дүниеден озды. Жәкеннің үйін қоршауға қалқан етіп алып барған адамның бірі, әкемнің інісі, сол кезде 25 жастағы жі­гіт Сейтқасым Жамбұлұлы да болған. Сол кісі Кейкіні үй­ден көрпесімен қоса сүйреп шы­­ғарғанын, батырдың әйелі Ақ­жанды атып, ішін жарғанын, інісі Шұбарды, татарларды ат­қанын өз көзімен көрген. Мен осы әңгімені сол кісінің аузынан естідім. Аузы ауыр, артық ауыз сөз қоспайтын, парасатты адам еді.

Жергілікті халық өлген аза­­­маттарды ақ жуып, арулап көму­ге, жазалаушы отряд­тан қор­­қып, Жәкен үйінің жоғарғы жа­­ғындағы иірімдегі жыраға апа­рып бетін жабады. Батырдың де­несі де осы жерге жерленгенін қарт­тардың бәрі айтатын. 1964 жылдың жазында Жезқазған қаласынан батырдың ағайыны Әбу Қарақожин деген кісі ке­ліп, Кейкінің көзін көрген қа­рияларды жинап, ас беріп, құран оқытып, батырдың жатқан жерін темір шарбақпен қоршап, басына белгі қойды.

 

Шөптібай БАЙДІЛДИН,

өлкетанушы

 

Қостанай облысы