– Ержан Орынбайұлы, «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің бүгінгі тынысы қандай?
– Әлемді әбігерге салған пандемия кезінде шекара асып саяхат құру мүмкін болмады. Еңбек демалысын шет мемлекеттерде өткізуге бейіл жерлестеріміз өз жеріміздегі көрікті орындарға көбірек назар аудара бастады. Осының себебінен ішкі туризмнің тынысы кеңейіп, бізге де келушілер саны артты. Айталық, осыдан бес жыл бұрын жылына небәрі 6-7 мың турист келсе, 2021 жылдың бір маусымында ғана 165 мың турист Көлсайға табан тіреді. Яғни келушілер легі еселеп өсті. Биылғы маусымда да туристер көптеп келеді деген үмітіміз бар. Індеттің беті бері қарай бастады. Бұл шекаралардың ашылуына жол ашады. Нәтижесінде, шет мемлекеттерден келетін саяхатшылар саны да артады деген сөз.
– Келушілер көлемі бір демде еселеп өскенін айтып өттіңіз. Көлсайдың инфрақұрылымы, сервистік қызмет көрсету сапасы бұл жүктемеге төтеп бере алды ма?
– Мемлекет тарапынан экотуризмді дамытуға бағытталған бірқатар бағдарлама іске асуда. Соның бірі Көлсай сайына апарар жолды электр желісімен қамту мәселесі. Бұған ауқымды қаржы бөлінді. Былтырдан бастап Қайыңды жолы, Саты сайына апаратын жол жасалып жатыр. Құрметі сайы да кезегін күтіп тұр. Министрлік тарапынан цифрландыру бағдарламасы негізінде тиісті қаражат қарастырылды. Бұл өз кезегінде қорғау, бақылау жұмыстарын заман ағымына сай технологиялық, сандық жүйеге көшіруге жол ашады. Аталған жұмыстар басталып та кетті. Туристердің келіп-кету жүйесін, басқа да мәселелерді тиімді басқаруды қалыптастыру үшін цифрландырудың маңызы зор. Былтырдан бастап Көлсайға келу ақысын Kaspi төлемі арқылы төлеу жүзеге асты. Мұны цифрландыру ісінің басы деп айтуымызға болады. Бұрындары Көлсай көлі алдында туристік көліктер ұзын-сонар кезекте тұратын. Ал қазір туристер жолда келе жатып-ақ мобильді қосымша арқылы алдын-ала төлем жасап, жасыл дәлізге өте алады. Көлсайда бұрын мобильді байланыс та жоқ еді. Қазір ғаламтор да жап-жақсы ұстап тұр. Бейнебақылау құрылғылары пайда бола бастады. Біздің арнаулы сайтымызда көрікті мекендердің тарихына, ерекшелігіне қатысты ақпараттар орналастырылған. Сайтта келушілер саны күнбе-күн жарияланып тұрғандықтан, мұнда ат басын бұрғысы келгендер жүктеме кезіне тап болмас үшін алдын ала жоспар құра алады. Аталған мәліметтер ұдайы жаңарып, толықтырылып отырады. Қызмет көрсету сапасы да жыл санап алға жылжып келеді. Алдағы бірер жылда бұдан да зор табыстарға қол жеткіземіз деген жоспарымыз бар.
– «Көлсай көлдері» ұлттық саябағының жалпы құрылымына аз-кем тоқтала кетсеңіз?
– «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің жалпы аумағы 160 мың гектарды құрайды. Бір шеті Кеген ауданынан басталып Алматы іргесіндегі Талғар ауданының аумағына дейін созылып жатыр. Қайыңды, Көлсай көлдерінен басқа да көрнекті жерлеріміз баршылық. Олардың да өрісін кеңейтіп, инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға кешенді жоспарлар құрылды. Бұл бағыттағы бірқатар жұмыс Алматы облыстық туризм басқармасымен бірлесе атқарылады. Демалушыларға заман талабына сай қолайлы жағдай туғызу, көрікті мекендерге апаратын жолдардың жайын жақсарту секілді мәселелер басты назарда.
– Ұлттық парк құрылғаннан кейін жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғау жайы да назарға алынған болар. Жалпы сіздердің міндеттеріңізге туризмнен басқа не кіреді?
– Біздің ұлттық парк Үкімет қаулысымен 2007 жылы құрылды. Содан бері ондағы жан-жануарлар мен өсімдіктер мемлекет қорғауында. Мәселен ұлттық парк аумағына кірмейтін жерлермен салыстырғанда жануарларды, орманды қорғау, дамыту жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Арнаулы мамандар ғылыми әдістемелік шаралармен айналысады. Қарумен жарақталған жедел топтарымыз бар. Құқық қорғау орындарымен бірлескен іс-шаралар жүргізу арқылы, парк аумағындағы сирек кездесетін аңдарды қорғау ісінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Браконьерлік, ағаштарды кесу сынды заңға қайшы әрекеттерге тосқауыл қойылды. Жыл сайын аң санағын өткіземіз. Соңғы жылдары Қызыл кітапқа енген ілбіс секілді сирек кездесетін аңдардың көбею үрдісі байқала бастады. Бұл қуантарлық жағдай. Сонымен қатар ілбістерге арнаулы JPS қондырғысы орнатылды. Олардың өсу динамикасы, табиғи ерекшеліктері ғылыми негізде бақыланып, зерттеп-зерделенуде. Сол секілді өсімдіктер дүниесін, экологияны қорғау мәселесі де назарымызда.
– Ұлттық парк таулы аймақ тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған бірден-бір мекеме. Жалпы туристік аймақтың өрісін кеңейтуде, кадр мәселесінде қандай проблемалар бар?
– «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде 200-ге тарта азамат еңбек етеді. Оларды мазалайтын басты сауал жалақының аздығы. Жыл басында еңбекақы 20 пайызға өсті. Дегенмен жауапты міндетке жұмылған мамандар үшін бұл да төмен. Яғни ұлттық парк қызметкерлері еліміз бойынша ең төменгі жалақы алатын азаматтардың санатында. Жалақы көтерілсе жақсы мамандар тартылып бәсекеге сай орта қалыптасар еді. Ал бәсеке болған жерде прогресс пайда болады. Дегенмен бұл салада жұмыс істейтін мамандарымыздың көпшілігі өзіңіз айтқандай табиғи парк аумағына жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары. Олар жалғыз бұл жұмыспен шектеліп қалмай, мал шаруашылығы секілді өзінің басқа да кәсіптерімен қатар айналысады. Көлсайға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарының тұрмысын жақсартуға туристік орын оң әсерін тигізуде. Көлсай сайына келетін туристерге түрлі қызмет көрсету, жатын орын ұсыну, атқа мінгізу, тамақ әзірлеу секілді көптеген жұмыспен айналысатын жергілікті тұрғындар. Дегенмен біз үшін жоғары стандартқа сай сапалы қызмет ұсыну жайы алғашқы орында. Осыған сай туристік аймақтағы сауда-саттықты дұрыс ұйымдастыру, сантитарлық талаптарды сақтау мақсатында сауда орындарын бас жоспарға енгіздік. Нәтижесінде, бақылау күшейіп, бәсекелестік орта қалыптасып келеді. Талапқа сай болсаң жұмыс істейсің, ал үдеден шыға алмасаң жұмысыңды тоқтатасың. Бұл не үшін қажет? Ең алдымен, шет елдерден, еліміздің әр өңірінен келген туристердің шұрайлы аймақтың туристік әлеуеті туралы оң пікір қалыптастыруы үшін қажет. Сайып келгенде бұл мемлекетіміздің имиджі. Біздің басты міндетіміз – туризмнің арнасын кеңейтумен қатар табиғатты қорғау.
– Көлсайға барып демалу құны қанша? Ұлттық парк жеке кәсіпкерлердің баға мәселесін қадағалауға қауқарлы ма, жалпы демалыс аумағында қандай ерекшеліктер бар?
– Бірден айту керек, бізде баға қолжетімді. Өйткені бәсеке бар. Бәсеке болған жерде ешкім аспандағы бағаны қоя алмайды. Жекелеген қызмет құнын сайт арқылы анықтауға болады. Әлбетте ішкі мәселелеріне тікелей араласпасақ та ондағы әр қызмет біздің назарымызда. Бәрі де халыққа, туристерге қолайлы жағдай жасау ниетінде қолға алынған жобалар. Жалпы, демалудың өзіндік әдебін қалыптастырудың маңызы зор. Айталық, келген адамдар әр жерде суретке түсіп, әрлі-берлі жүріп қайтпауы керек. Жаңа сауылған бие сүтін ішіп, таза ауада серуендеп, қайыққа мініп денсаулыққа жағымды әсер алуға тиіс. Туристерге осындай мүмкіндік сыйлау үшін жылдан-жылға жаңа бастамалар іске асып келеді. Табиғат ана қашап берген сұлу мекеннің атын естіп, суретін көру басқа да, оған келіп атмосферасын сезіну мүлде бөлек. Адамдарды мыңдаған шақырымнан магниттей тартып әкелетін осы сұлулық, осы кеңдік. Көлсай ЮНЕСКО-ға кірді. Саты ауылын болашақта үлкен туристік алаңға айналдыру көзделуде. Біздің ұлттық паркте түсірілген бейнероликтер әлеуметтік желіде миллиондаған қаралымға ие болып, әлем халқын таңдай қақтырды. Осы ғажап көрініске көз суарған шетелдіктер алдағы уақытта жұмақ мекенді бір көруге асығары даусыз.
Әңгімелескен
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ