Пікір • 08 Сәуір, 2022

Ономастикалық атаулар қайта жаңғырады

813 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шындығын айтсақ, көптен бергі көкейімізде кілкіп жүрген сұрақтарға Президенттің «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауынан жауап таптық.

Ономастикалық атаулар қайта жаңғырады

Жолдаудан түйер түйін­деріміз де, түйсінетініміз де аз емес. Бәрін айтпай-ақ бірін айтсақ, Жолдау Жаңа Қазақстанның бүгіннен басталатын болашағын жан-жақты айқындады. Жаңғырудың басы суперпрезиденттіктен арылудан басталатынын негіздеп берді. Бүгін болмаса ертең, бірте-бірте жақсарар деген үмітпен жайбарақат жүргеніміз де рас. Осындай кезеңде қоғамды неден арылтамыз, неден тазартамыз, немен жетілдіреміз деген ой­кеш­т­і пайымдаудың нақты саяси мо­делі мен жолдарын ай­қын­дап беруі ешкімді бейжай қал­­дыр­май­тыны анық. Өйт­кені бәрі­міз де – саяси ортаның субъек­тісі­міз. Заң бәрімізге де ортақ.

Президенттік биліктің өкі­леттілігі, Парламенттің рөлі, құ­қықтық институттардың орны, медиа құралдарындағы бәсе­­келестік, Ұлттық құрыл­тайды құру – осының барлығы саяси жаң­ғырудың ақиқат өмірге сай дә­йек­телген моделі деп ұғын­дық. Мем­лекет басшысының ха­лық­тың үніне құлақ асайық деп әуел­ден айтып жүрген сөзі дәйек­теліп, ақиқатқа айналып жатса, ел сенімінің арта түсері де сөзсіз.

Елімізде үш бірдей облыс­тың шаңырақ көтеретіні жұрт­шылықтың діттеген көңілі­нен шығып отыр. Әкімшілік ай­мақтарды қайта құрудың саяси-экономикалық тұрғыда тиімділігі өз алдына, мұндай реформаның ұлттың рухани мүддесімен үйлесім табуын әрі құптарлық, әрі қуантарлық шешім екенін қатардағы жай азамат ретінде де, Республикалық ономастика комиссиясының мүшесі ретінде де айта кеткен жөн. Реті келіп жатса, қасиетті Тор­ғай өңірін де өз алдына облыс етіп құру мәсе­лесі ел көке­йінде жүргені де бізге мәлім.

Семей бұрыннан да облыс болған, ал оған Абай есімін беру көкейімізге қонымды ұсыныс болды. «Семипалатинск» ата­уын халық өзі тілінің дыбыс­тық жүйесіне бейімдеп Семей деп атағаны баршамызға мәлім. Бұл түптеп келгенде, қазақтың Жетішатыр деген ескілікті қоныс-қорған атауының қоныс­танушылардың калька жолымен орысшалаған сөзі болуы ықтимал. Өйткені исі түркі­лік мәдени дәстүрде жер-су атау­ларының тақ санмен аталуы – халықтық ономастикада ор­ныққан жүйе. Қапшағай шат­қа­лынан жүз шақырымдай жер­дегі шығысында археологтер зерт­теген Бесшатыр деп аталатын ең ежелгі қоныс-қорған бар. Бәлкім, Семей жерінде де Жетішатыр деген мәдени-тарихи мәні бар қоныс-қорған сияқты ескілікті ошақтар болуы, оны халықтың Жетішатыр деп атауы ықтимал. Біздікі тек ойтүрткі ғана, ал оның анық-қанығын археолог ғалымдарымыз бен өлкетанушылар тексере жатар.

Жер-су атауларын, бір өкі­ніш­тісі, тек қана «адрестік қызметтегі» сөздер деп жадағай түсінетіндер де арамызда аз емес.

Жолдауды оқи отырып, тағы бір айтпағымыз Ұлытаумен байланысты. Ұлытау ороним (тау атауы) ғана емес, оның мазмұн межесінде Ұлы даланың «кіндігі» деген халықтық географияға тән таным сим­волдық мағынаға ай­налған. Соны­мен бірге Ұлы­тау түркі-тұран тарихында алатын өзіндік орны да бар. Ақ Орда­ның ханы Тоқтамысқа қарсы жорығында үлкен дайындық жасап, екі сан (екі жүз мың) қолмен қаңтар айында Тәшкеннен аттанған Әмір Темір Сауран, Ясыдан өтіп, Бетпаққа келгенде азықтары таусылып, аттары бол­дырып, бір уыс ұнды бір тос­­таған суға салып, аштыққа ұшы­рай бастаған кезде, көкек айын­да, Ұлытауға таянып, аң-құс­ты азық етіп естерін әзер жи­най­ды. Теңіздей шалқып жат­қан ұшы-қиыры жоқ далаға таңыр­қай қарап, Әмір Темір Са­рысу­дың сол жақ жағалауында Қарсақ­пай жерінде еңселі насат тас (гранит) орнатқызып, жазу қалдырады. Жазуда Тұран сұл­таны 793-тің (қазіргіше 1391 ж.) қой жылы екі жүз мың қол­мен Бұлғар (Алтынорда) ханы Тоқ­тамысқа қарсы жорықта осы жерге келгенін жаздырады. Та­рих­шылар айтқан бұл де­рек­тер «Ұлытауға шық­тың ба, ұлар етін жедің бе?!» дей­тін халықтың шежіре сөзін еске түсіреді. Әрине, Алатау­дағы­дай, Алтайдағыдай қарлы биік­те жүретін ұлардың Ұлытау­да болған-болмағаны бізге беймәлім.

Дегенмен қырғауыл тұқым­дасына жататын ұлардың ша­ғын түрлері, кекілік сияқты қанат­тылардың болғанын жоқ­қа шығаруға бола қоймас. Ха­лық тілінде небір тарихи уақи­ға­лармен байланысты Қазақ қайың сауғанда, қырғыз Ғиссар ауған­да; Ақтабан шұбырынды, ал­қа­көл сұлама; Алты Алаштың ағасымыз, Қазақбайдың баласымыз дейтін шежіре сөздер аз емес. Осылар сияқты «Ұлытауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе?!» деген фразаны тарихи шежіре сөздердің қатарында қараудың жаңсақтығы жоқ сияқты.

Ұлар – халықтың орнитоло­гиялық танымында  ерекше құс. Аңшылардың айтуынша, ұлардай шулады дейтін сөз ұлардың қоразы қауіп төн­ген­де жусаудағы барша ұлар шу­лағандай дыбыс шығарады екен. Қырдың қоңыр аңдары­ның ішінде үйіріне қауіп төн­ген­де қарауылда тұрған құлан­ның айғыры ғана ащы дауыс шығарып, қақ суына бас қойған үйірін соңынан ертіп әкетеді дейді. Махамбеттің «құландай ащы дауыстым» дейтіні содан.

Қыр адамдарының мұндай табиғат дүниесінен түйген сипаты мен сыны тілдің лексика-фразеологиялық бірліктерінің танымдық әлеуетін әрдайым күшейте түсіп отырған.

Жетісу – халықтың байыр­ғы географиялық, тарихи-та­нымдық құндылықтарының тілдік матрицасы болып саналатын ерекше атау. Байырғы дейтініміз жер-су атаулары, Екібастұзды есептемегенде, тек тақ сандармен аталуы ежел­гі эзотериялық таным-сенім­дер­мен байланысты деуге болады.

Жетісу – халықтың геогра­­фия­лық координатында Ыстық­көл мен Балқаштың аралығы. Халықтың мәдени-экономика­лық тіршілігінде төрт тарапқа тарайтын керуен жолдарының өлкесі ретінде Жетісу жерінің мәдениетаралық қарым-қаты­настағы орны ерекше болды. Өздерін мәдениетті санаған қос өзен (Сыр мен Әмудария) ара­лығындағы мауереннахрлар Жетісуды жайлаған көшпенді ру-тайпаларды жағымсыз эмо­циялық фонда жетелер (джетелер, четелер) деп те атаған. Бұлай деуі «көшпенділер» мен «отырықшылар» арасындағы бәсекені байқатады. Ал жетелер оларды сарттар деген.

Қапшағай қаласына Д.Қонаев­тың есімін беру қы­рық­тан ас­там қала салдырып, елі­міздегі ай­мақтарды өрке­ниет­тендірудің негізгі жолы урбанизациялау үрдісін жолға қойған қайраткер тұлғаға әбден лайық екені сөзсіз.

Бұл аталған жаңа атаулар саяси-әкімшілік орталық немесе географиялық нысандар ғана емес, еліміздің тарихы, рухани мәдениеті, табиғи байлығымен, әлеуметтік ерекшелігімен байланысты болып отыр.

Рас, байырғы дәстүрде жер-судың, оның тауы мен тасы, қырат-қырқалары, өзен-сулары кісі есімдерімен аталмайтын. Ал заманның пассионарлық қоз­ғаушы күші дәстүрлі контент аясын кеңейтіп те, жаңар­тып жататын кездерінде халық­тың қадірменді қайраткер тұл­ға­ларының есімдерімен де ұлық­талуы орынды деп танылады. Пре­зи­дентіміздің бұл Жол­дауын­­да осы мәдени дәстүр нұс­қалы оймен дәйектеле түскен.

Осы орайда тағы бір айтарымыз, Семей, Жезқазған, Қапшағай атауларын дәстүрлі ономас­тика жүйесінен «ығыс­тыру емес пе?» дейтін күдіктің кейде көмейде көлденеңдеп тұратыны да болады. Бірақ ондай күдікке орын жоқ. Өйткені өндіріс орындары ашылып, мәдени ошақтар көбейіп жатқан тұста халықтық атаулардың да жаңарып, Қап­шағай суқоймасы сияқты өз орын­дарын табатынын ұмытпа­ғанымыз абзал.

Жер-су атаулары тарихи, мәдени, рационалды таныммен байланысты ұлтжандылық сезімді оятатын құндылықтар қатарына жатады. Ондай қасиетке ие ономастикалық атаулар қоғамдық санадан әсте тысқары қалмай, орнықты орын алуға тиіс. Жолдаудың да берер бағдары осыған меңзейді. Ұлтжандылық сезім болмаса, менің Қазақстаным дейтін өскелең ұрпақ қайдан болсын. Аталған Жолдау қоғамдық санаға қозғау салып, жаңғырудың, жаңарудың жолдарын дәйектеп, жөн сілтеп отыр.

 

Нұргелді УӘЛИ,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының мүшесі