Медицина • 08 Сәуір, 2022

Сауыққысы келгендер дәрігерге септеседі

290 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2013 жылдан бері елімізде Ауруларды басқару бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Аталған бағдарламаға дүниежүзінде белең алған артериялық гипертензия, созылмалы жүрек кемістігі, 2 типті қант диабеті енген.

Сауыққысы келгендер дәрігерге септеседі

Қазір жұрттың көзі ашық, ден­саулықтың мықты болуы көп­те­ген факторға байланыс­ты екенін жақ­сы біледі. Десек те, француз жазушысы Жан де Лабрюйер айт­қан­дай, «Адамдар бәрінен бұ­рын денсаулығын сақтауға тыры­са­ды, бірақ оны сақтамайды». Сондық­тан осы бағдарламаға тар­тылған пациент­­тер дәрігерге өз­дерін емдеу мен сауық­тыруда кө­мек көрсетуге тиіс.

Бұл бағдарламаға 2019 жыл­дың желтоқсан айында өкпе­нің созылмалы обструктивтік ауруы да енгізілді. Себебі әлемде соңы ажал құштыратын дерттердің қатарында бұл ауру төртінші орында тұр.

Денсаулық сақтау минис­тр­­лігі бағдарламаны енгізуде ұйым­­дас­тыру-әдістеме­лік бас­шы­лық­ты, өңір­лерде іс-шара­лар­­ды жүзеге асы­руды, институт әзір­леген инди­ка­торларының элек­трондық базасында бағдар­ла­ма индикаторларына мониторинг жүргізуді Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына жүк­те­ген-ді.

Осының алдында 2020 жылы жүргізілген мониторинг нау­қас­тар­ды қамту 39,1% құра­ғанын көр­­сеткен. АББ элек­трон­ды тізі­ліміне сәйкес бағдарламаға қа­ты­су­шылардың ең көп үлесі Атырау, Қарағанды, Түркістан, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан қа­ла­ла­рынан табылды.

АББ-ның ең басты артық­шы­лығы, дәрігер мен пациент серік­тес бола алады. Пациент­тер өз ден­саулығы үшін жауап­кер­­шілікті түсініп, дұрыс тамақ­та­нып, дене қи­мылымен айналыса бастайды, алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгеріп, денсаулығы нашарлаған кезде өзіне-өзі қалай көмек бере алатындығы туралы білім алады.

Бұрын мінез-құлық қауіп-қа­те­ріне қатысты жоғары қан қы­сы­мы, қандағы глюкозаның жо­ғары мөлшері, артық сал­мақ сияқ­ты мәсе­лелер қазір мета­бо­ли­калық бо­лып саналады. Ай­на­лып келгенде, бұл инфек­ция­лық емес ауруларды өршітіп, жүрек-қантамыр, респираторлық кеселдер мен қант диабетінің асқынуынан болатын әлемдегі барлық өлім-жітім 71%-ға жеткен. Бірақ аталған кеселдердің біразының алдын алу көп жағ­дай­да адамның өзіне байланысты. Бұл – тек саламатты өмір салты, дене қимылы, дұрыс тамақтану ғана емес, сондай-ақ дәрігерге уақы­тын­да қаралу, үнемі медициналық тексеруден өту және дәрігердің ұсынымдарын орындау.

Қысқасы, құрамында учас­ке­лік дәрігер, мейіргер, әлеуметтік қызметкер, Саламатты өмір салты орталығының қызметкері мен психолог кіретін емхананың мульти­тәртіптік тобы пациенттің ауруын асқындырмау үшін өз ден­саулығын басқаруға, үйге ша­қы­рылатын жедел медици­на­лық кө­мектің санын азайтуға және тағы басқасына үйретеді. АББ-ға қатысатын пациенттер дәрігерге аурудың жағдайын нашарлататын қауіп факторларын жоя отырып, оларды денсаулығын емдеуге және сауықтыруға көмектеседі. Яғни бағ­дарламаға қатыса отырып, олар өз денсаулығын өзде­рі басқарады. Пациенттер режім­ді, дәрі-дәрмекті қабылдау тура­лы үнемі есеп береді, өз денсау­лық­тарының жай-күйі туралы күн­де­лік­терін жүргізеді.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы, профессор Роза Қуанышбекованың айтуын­ша, бүгінгі таңда осы бағдар­ла­ма­дағы пациенттер денсау­лық­та­рын дұрыстауда жақсы нәти­же­лерге қол жеткізіп отыр. Бұл па­циенттердің қан қысымы тұрақ­тан­­дырылды, холестерин мен глюкоза көрсеткіштері жақ­сар­ды, жедел жәрдемге жүгінуді азайтып, ауру­ха­наға сирек жат­қы­зы­латын болған.

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағ­дай бойынша бағдарламаға қа­ты­­сатын артериялық гипер­тен­зия, со­зылмалы жүрек кемістігі және қант диабеті бар пациент­тер­ді қамту 57,4%-ды құрады. Мұнда әр­бір пациенттің АББ-ға ресми түрде тар­тылуы маңызды.

Мультитәртіптік команданың па­циентпен әріптестік қарым-қа­ты­­насының, оны өзіне-өзі көмек көрсете білу дағдыларына үйре­тудің, денсаулыққа әсер ететін факторларды бақылауының арқа­сын­да нәтижелерге қол жеткізілді. Жалпы, сырқат жандардың хал-жағдайлары жақсарып, инфаркт пен инсульт оқиғалары, созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің деком­пен­сациясымен ауруханаларға жат­қы­зу азая түскен.

Ең бастысы, мамандарды оқы­ту­­ға да көп көңіл бөлу қажеттігі көрі­ніп отыр. Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу инс­­титутының кадрлары 2021 жылы аралас форматта 7 өңірдің муль­ти­тәртіптік командаларының 665 қызметкерін, олардың ішін­де 246 дәрігер, 419 орта меди­цина қыз­меткерін оқытты. Даярланған ма­ман­­дар өз кезегінде жұмыс орын­­дарындағы әріптестерін оқы­та­­ды.

Емдеуді түзету және артерия­лық гипертензиямен, созылмалы жү­­рек жеткіліксіздігімен және қант диабетімен ауыратын науқас­тар­­­ды тұрақты режімде қашық­­тан бақы­лауды қамтамасыз ету үшін мобиль­ді қосымшалар әзірленгенін де айта кеткен жөн.

 

АЛМАТЫ