Қоғам • 10 Сәуір, 2022

Жүрегім ауырады менің...

748 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Наурыздың 27 жұлдызында кешке «Хабар» арнасын қоссам, жастар жүргізетін «Хит жазамыз» деген бағдарлама болып жатыр екен. Бүгінгі жастардың қайда бара жатқаны, не айтатыны, не қызықтыратыны, әрине, мені де ойландырады. Әсіресе қазіргі күнгі сахна мәдениеті менің көңілімді толтырмайды десем, ренжімес.

Жүрегім ауырады менің...

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ашығын айтсам, «Хит жазамыз» деген бағдарламаны жүргізушілердің не айтып отырғанын мен онша ұға қоймадым. Өздері сөз жазады екен. Өздері ән жазады екен. Өздері оны студияда орындайды екен. Содан кейін халыққа ұсынады екен. Бұлардың осы бағдарламадағы, бүкіл Қа­за­қстанға тарайтын «Хабар» арна­сындағы отырысынан көп нәрсені аңғар­дым.

Алдымен, «еркіндік» деген сөз бар. Иә, қазіргі жастар еркін. Одан кейін «ерсілік» деген сөз бар. Осы балаларымыз ер­кіндік пен ерсілікті ауыстырып алған сияқты. Олардың отырыстарынан мен мәдениеттілік, жастарға тән жігер, әдемілік, құштарлық, сұлулық пен жара­сым­дылықты көрмедім. Олар ауылдың дастарқанында отырғандай қисаң-қисаң етіп, қалай болса солай сөйлейді, ыр­жың­дап күледі. Аяқтары мен қолдары бір жақта. Бұл еркіндік пе, әлде ерсілік пе? Мұны олар ойлап отырмаған сияқты.

Бүкіл ел-жұрттың алдына шығарда кім болса да: «Қалай киінемін?», «Не айтамын?», «Сөй­леген сөзім қалай болады?», «Менің білі­мім, көргенділігім қалай?», «Жұрт неме­се артымнан ергендер менен не үй­ре­неді?» деп ойлауы керек. Әсіресе киі­ну мәдениетіне аса мән беруі қажет.

Иә, қазір еркінбіз. Бірақ оның да өзі­нің шегі болады. Мен осы отырған бала­­лардың көзінен Абайдың «Қарасөзде­­рін» оқығандарын сезбеймін. Мен бұ­лар­­дың Шыңғыс Айтматовтың немесе Мұхтар Әуезовтің, тіпті қазіргі күні көзі тірі Мұхтар Мағауиннің де кітаптарын оқы­ма­­ғанын аңғарамын. Өкінішке қарай, олар­­дың көздерінен надандық көремін. Гар­монияны түсінбейтінін, консерватория бітірмегенін байқаймын. Өздері соны бай­қамайтынына қатты қынжыламын.

Жалпы, соңғы кездері біздің қазақ телевизиясы жастарды патриоттық сезімге тәрбиелейтін бағдарламаларды беруді қойды. Анда-санда болмаса, біз бабалар жолын, аталар ерлігін, өз тарихымызды көгілдір экраннан көруге зармыз. Оның орнына, керексіз нәрселер көп берілетін болды. Қай арнаны қосып қалсаң да, бір жатқан шоу. Ол шоудың да мәні мен мағынасы, тағылымы болуы қажет. Осындай хабарларды жүргізетін балалар, тым болмаса, көрші Ресейдегі Малахов пен Меньшова жүргізетін бағдарламалардың мән-мазмұнын қараса қайтеді екен? Олардың қанша сауаты бар екенін сезесің, отырысынан, сөзінен, әрбір сөйлемінен көп оқығанын байқайсың. Ал біздің шоу­мендер болса, сөйлем құрау сти­лін мең­гер­меген. Кітап ұстамаған. Олар­­дың мәде­ниеттен хабарсыз екенін көріп, менің, әрине, жүрегім ауырады.

«Сахна мәдениеті» деген сөз қазір айтылмайды. Бүгінде әдемі сахналарымыз көп. Бірақ сол сахнаға кейбіреулер қалай болса, солай шығып, аяқтарын әрпіл-тәрпіл басады, ұятсыз қимылдар жасайды. Оның ерсі екенін өздері білмейді. Басқалардан үйренгенде де тәуір, жақсы жақтарын үйрену керек шығар. Қазір сахнаға кім болса, сол шығады. Тіпті әншінің қасына барады. Селфи түсіреді. Гүл апарады. Әні мен сөзін бөледі. Кім болса, сол біздің қасиетті сахнамызда қыдырып жүреді. Бұл, меніңше, мәдениетке, еркіндікке, демократияға жатпайды.

Үлкенмен сөйлесу, үлкенмен сырласу, көргендіден өнеге алу қазір «модадан» қалды. Біздің ұлттық қасіретіміз осында жатыр. Біз Жаңа Қазақстанды олай жасай алмаймыз. Ештеңе білмейтін, ештеңе көрмеген, басынан ештеңе өтпеген, өмір тәжірибесі жоқтармен Жаңа Қазақстан жасалмайды, айналайындар. Айналаға қараңдар. Тым болмаса Конфуцийді оқыңдар. «Бабасы не жасаса, атасы, атасы нені жасаса, баласы, одан немересі, ұрпағы жалғастырса, сонда ұлт мәңгі сақталады» дейді емес пе? Ал сіздер Конфуций тұр­мақ, өзіміздің Мәшһүр Жүсіпті, тіпті Мұқа­ғали, Қадыр, Тұманбай жырларын да оқымай, өзім ән жазамын, өзім өлең жазамын дейсіңдер. Сіздерге ойланыңдар дегім келеді. Менің сіздерді көріп жүрегім ауырады. Мен мұндай сауатсыз ұрпақпен Жаңа Қазақстан құра алмаймыз-ау деп қорқамын...

Менің жүрегімді ауыртатын жалғыз бұл хабар емес. Жалпы, қазақ теледидарында сүйсініп қарап, адам ойланатын немесе тебіренетін не бар өзі? Қандай жақсы хабар бар? Қайда бара жатырмыз? Не болып кеттік? Мұндай берекетсіздікпен біз қай жерге барамыз? Ертеңгі ұрпақтың жағдайы қалай болады? Міне, осыны телеарна басшылары ойлануы керек.

Мен аталған хабардан ұлттық әнімізден нәр алмаған, әдебиеттен алшақ қалған, опера мен опереттаны да тыңдамаған, консерваторияның қасиетті қабырғасынан сабақтарын алмаған, тек «өзіміз білеміз» деп кеуде соғып жүрген жай ғана боскеуде жігіттерді көрдім. Сорақысы сол, олар өздері жайлы кітап жазбақ. Алдымен кітап жазу дегеннің не екенін түсіну керек қой. Ол үшін үлкен әдеби сауат пен зор жауапкершілік қажет екенін олар сезініп отырған жоқ. Жазыңдар кітап. Бірақ оны кім оқиды? Кімге үлгі болады? Ол кітаппен не айтқыларыңыз келеді? Осы хабарды көріп отырып, «Егер өздеріңіз әлі ешкімнен ештеңе үйренбеген болсаңыздар, кімге не үйретесіздер, қарғаларым-ау?» деп айқай салғым келді. Олар экранда мәз болып отыр, ал менің ана жүрегім жылап тұрды.

Бүгін жүдеңкіреп қалған, ауылдарымызда ақшасын шашып, әлдекімдер жеп кеткен, босқа салынған мәдениет үйлері қаңырап бос тұр. Оларда ауыл балалары баратын сан түрлі үйірме жоқ. Оны жүргізетін ұстаздардың да қолдары бос емес. Олардың да үміттері үзілген. Тек мектептегі сабақтарын онлайн берумен уақыттарын өткізіп жатыр. Ұстаздың өзі қазір жыл сайын облыс немесе республика орталығына білімін жетіл­діруге бармайды. Мұғалімдердің өздерінің де білімі бүгінгі партада отырған баладан аспайды. Сондықтан бұл үлкен жұмыс, жан-жақты ойлануды қажет ететін шаруа. Осылайша, біз Жаңа Қазақстанға дайындықсыз келіп отырған сияқтымыз.

Ұстаздың өзіне де тәлімгер, үйретуші керек. Қазақ: «Қайық адасса, кемеден жол сұрайды» дейді. Ал біз «кемедей» адамдарды қастерлеуді қойдық. Олар қазір біреуге сөз айтудан қалды. Осының барлығы менің жүрегімді ауыртады.

Жастар тойда айтатын, ақша үшін орын­дайтын «айқай» әндерін сахнаға шы­ғарды. Мән-маңызы жоқ әндерімен көрерменді, тыңдаушыны «тәрбиелеп» болды. Соңғы жылдардың ішінде көрер­мен­дерде де талғам қалмады. «Құр айқай ән бе екен» деп Абай айтқан емес пе? Ал бұ­лар сол құр айғайға мәз болып, қол соғып, уа­қытты босқа өлтіріп жүріп жатыр.

Сахна әндері, классика деген нәрселерді ұғатын кез әлдеқашан жетті. Оған бағыт-бағдар беру керек. Сахнада қойылатын концерттерге тойға дайындалған фонограммаларды қоюға болмайды. Осыны ұға­тын кез жеткен секілді. Біз бүгінгі тың­дайтын көрерменді, әсіресе жас көрер­менді бақытты өмір сүруге, саналы, сауатты, мәдениетті болуға мұндай сахнамен, мұндай мәдениетпен, мұндай музыкамен үйрете алмаймыз. Міне, осыған да менің жүрегім ауырады.

Теледидарда кейде әртүрлі тақырып­та­ғы хабарға келетін немесе жүргізіп отыр­ған қыздарға да біраз пікір айтқым келе­ді. Хабарға келіп отырған өнер адамы немесе саясатта жүрген, басқа да саладағы қыз балалар шаштарын жайып келеді де, сөйлеудің орнына, сол шаштарымен алысады да отырады. Қайта-қайта маңдайын сипалап, көзіне түскен шашты көтере береді. Өзінің әдеті болғанмен, көкжәшікті қарап отырғандарға өте ерсі көрінеді. Шашымен алысып отырғанда, айтқан сөйлемінің не басы, не аяғы жоқ, «мүгедек» тілмен бірдеңе айтқандай болады. Әсіресе ана тілін дұрыс білмеуі, оған жаңағыдай теріс әрекеттері қосылып, әдемі болып келген қыздардың өзін сүйкімсіз етіп көрсетеді де, не айтқандары көрерменнің есінде қалмайды.

Жүргізуші мәдениеті дегенді кім қа­­да­ға­­л­айтынын тағы да біл­мей­міз. Сол хабар­дың редакторлары,­­­ болмаса басшылары бағдарламада не болып жатқанын қарап отырмас па? Әр хабар сайын жиналып, пікір айтпас па? Бүгін біз теледидарды қоссақ, Нұртілеу Иманғалиұлын, Бейсен Құранбекті сағы­намыз. Олардың орнын басатын жас журналистер бар емес пе? Неге солар секілді ойлы, парасатты хабарларды көптеп шығармасқа? Олардың орнын басатын жас журналистер бар емес пе? Неге біз сол жастарымыздың сауатын, оқығанын көрсетпейміз? Олардың білімін көрсететін шоуларды ұйымдастырмаймыз? Түкке керегі жоқ, босқа уақыт өткізетін бағ­дар­ла­малардың қажеті бар ма, жоқ па деп елеп-екшейтін кез келген сияқты. Біз Ұлы даланың ұрпағын есейтуіміз керек. Біз Ұлы даланың көрерменін ойландыруы­мыз керек. Бұлай жүре беруге болмайды. Ендеше, Жаңа Қазақстанның жас ұрпағы осыны ойлануы қажет.

Жүргізушілер мен хабар дайындай­тын­дардың жазбаларынан да біздің жур­на­лис­тиканың деңгейін аңғару қиын емес. Ал журналист болу – жан-жақты болу, бәрінен озық тұру деген сөз. Ол үшін журналис­терге өте көп оқу керек. Біздің журналис­тика факультетінде көп нәрсе оқытылып үлгермейтін секілді. Журналистер өз бетімен оның бәрін іздеп таба алмайтын сияқты. Өйткені біздің журналистер кітап­ханада отыратын уақыт таппайды. Ең қызығы, кітапхананың өзінде журналистерге не оқу керектігін та­уып беретін қыз­меткерлердің өзі жөн сіл­тей алмайды.

Түк жоқ деуден аулақпын. Бірақ мен келер ұрпақты, жаңа ұрпақты сауатты, салауатты, мәдениетті кейіпте көргім келеді. Олардың арасынан надандарды көргім келмейді. Сондықтан олардың іс-әрекет, жүріс-тұрыс, адаммен сөйлесуінен, тіпті көшедегі келбеттері мен әрбір қимылынан ұлттың намысын ойлайтын жастар ретін­де көргім келгендіктен, солардың кіш­кен­тай кем­шіліктеріне жүрегімді ауыртып отыр­мын.

Сахна мен теледидардан ерсі нәр­се­леді үйренген жастар көшеде де өзін ерсі ұс­тайды. Олар ешкімнен ықпайды, қаймық­пай­ды, ұялмайды. Осы күндері олардың ауызекі сөйлеуінен «ұят» деген сөзді естімеймін. Бұрын ұят бола­ды дегенді кез келген ортадан көп ести­тін едік. Бұл сөзді қай кезде де есте сақ­тау керек. Мейлі, үлкен жиынға бар, сахнада тұр, көшеде жүр, үйіңнен шы­ғып көршіңе барсаң да, «Менің жүріс-тұрысым, киген киімім ұят болмай ма? Мен қазақ деген ұлтқа, оның арына, намысына, осы қалпыммен, жүріс-тұрысыммен нұқсан келтірмеймін бе?» деп ойлану қажет. Осының бәрі біз­дің ұлттық дамуымызға, ертеңімізге, еге­мендікті нық сақтауымызға қажет нәрсе екені анық. Мәде­ниетте, санада ешқандай ұсақ-түйек болмауы керек. Әсі­ресе сахнаға, ел алдына шығатын ба­л­а­­ла­рымыз өздеріне әр кез сын көзбен қара­ғаны дұрыс. Сондықтан да олар ұсақ-түйекті насихаттауды қойса деп едім.

Қазір мектептің өзінде Чеховтың не айт­қа­нын жаттамайды-ау деймін. Біз болсақ, Толстойды ашып жіберіп, «нем­құ­райлық сатқындықтан жаман» дегенді қойын дәптерімізге қызыл сиямен жазып қоюшы едік. Чеховтың: «Адамның киімі де, келбеті де, ойы да сұлу болуы керек» деген ұлы сөзін жазып алып, жаттап жүретінбіз. Бүгінгі мектеп оқушылары ондай афоризмдерді бөлек оқып, түсінбейді-ау деймін. Міне, осының барлығы мені көп ойға қалдырып, әлгіндей жастарды көріп: «Апыр-ай, бұлар неге оқымайды? Бұлар неге мәдениетке ұмтылмайды?» деп жүрегім ауырады.

 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты