Қоғам • 11 Сәуір, 2022

Жайылым туралы заң жайлы болсын десек...

322 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осы жылғы ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен бос жатқан жайылымдық жерлерді тезірек қайтарып алып, оны ауыл тұрғындарына беруді тапсырамын», деп еді. Президенттің нақты тапсырмасынан кейін мен сияқты 40 жыл өмірін ауыл шаруашылығы саласына арнаған зейнеткерлер арасында түрлі ой туындады. Өйткені соңғы жылдары жайылым тапшылығы барлық аймақта өте өзекті мәселеге айналып отыр.

Жайылым туралы заң жайлы болсын десек...

Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баев жуырда жайылым мәселесін шешу­ге бағытталған заң жобасын та­ныс­­тырды. Осы арада ендігі не­гіз­гі мәсе­ленің марғасқасы, осы да­­йын­дал­ған заң жобасына жеке қо­салқы ша­руашылықтардың малын шұ­рай­лы, құнарлы жайылымдармен қам­тамасыз етуге бағытталған нақты ша­ралар белгіленуге тиіс. Атап айтар болсақ, біріншіден, ауыл әкім­шілігінің бекітілетін бюджеттерін жоспарлағанда, сол жоспардың іші­не міндетті түрде ауыл әкіміне тікелей бағынатын коммуналдық ша­руашылық ұйымдастырылып, құ­рылуы қажет. Осы коммуналдық ша­­руашылықты керекті техника­мен, арнайы құрылғысы бар трак­тор­лармен, автомашиналармен, қам­­та­масыз етіп, оны білікті жақсы маман­дармен толықтыру керек. Бұл ұжым­ның мүшелері ауыл тұрғы­н­дарына өздері шөп шауып, егін, мал шаруашылығымен толық айналыса алатын, ал қыс мезгілінде жол, кө­шелерді өз күшімен тазарта алатын дәрежеде болып, керек кезінде ұсақ жеке меншік иелеріне, әсіресе зейнеткер, аурушаң, тұрмысы төмен отбасыларға қысы-жазы керекті аға­шын, көмірін қолжетімді бағамен сатып және тасып бере алса, міне, сонда ғана ел мерейі көтеріліп, әлеуметтік жағдайдың дұрысталуына үлкен септігі тиетіні айдан анық.

Осы кезек күттірмейтін мәселелер аталған заңда дұрыс шешімін таппаса, онда «баяғы жартас, сол жартас» болып қала бермек, ел тұрғындары дарақылық, дәйексіз, даурықпа сөз­дерден айырыла алмай, бүк түсіп бү­гілген күйінде қала береді.

Мұның негізгі себеп-салдары­на келетін болсақ, жыл сайын таласатын тендер жарысы. Осындай елге де, жер­ге де тіптен тиімсіз пайдасы жоқ қи­сынсыз істі ауылдық жерде мүлдем жабу керек. Неге десеңіз, сол тендерге бөлінген ақша қоры кесіле-кесіле шолақ күректей болып, қарымды, нәти­желі жұмыс істеуге жұмсалмай, аяғы іріген-шіріген дүниелерге барып тіреліп жатады.

Сондықтан осы айтылған түйткілді тақырыпты май­шаммен қарап, батыл да, дұрыс ше­шімдер қабылданса нұр үстіне нұр бо­лар еді. Заң сүзгілікті сынақтан өтсе ғана ел өміріне сенімді серпін беретіні сөзсіз.

 

Жаңбыршы ТІЛЕУҒАБЫЛОВ,

зейнеткер

 

Қостанай облысы,

Рудный қаласы