Пікір • 14 Сәуір, 2022

«Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек»

560 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекетіміздің біртұтастығы мен тәуелсіздігіне үйірілген қара құйынның, «қанды қылмыстың» түп себебінің ақиқатын талдап, әділ түсініктемесін жеткізді.

«Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

«Соңғы жылдары біз Қазақ­станды түбегей­лі жаң­ғыртуға, трансформа­циялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көз­деді. Неғұрлым жоғары би­лік­ке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қару­лы бан­дылар мен опасыз шенеу­нік­тер бірігіп, астыртын топ құрды.

Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар ха­лық­тың наразылық шеруін бас­қа арнаға бұрып, жұртты қаса­қана арандатты. Лаңкестер мем­ле­кеттік органдарға, стратегиялық нысандар мен бизнеске тиесілі ғимараттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бей­біт тұрғындарға оқ атты», деді Мемлекет басшысы.

Қаны сорғалаған шынайы шын­дықты қақырата айтуы – ұлт патриотының рухани кел­бетін толық айқындайды. Бұл – мемлекетіміздің қаскөй, арам күш­терден мүлде тазарып, әділ­діктің жолына біржола бет бұруға, ұлт мәселесін, халық тағ­дырын ше­шуге, тарихи-мәдени құн­ды­­лықтарды байытуға айқын құ­бы­ла­­нама іспетті. «Қанды қыл­мыс­тың» мән-жайына қанық Ел Пре­зи­­денті:«Президентті би­лік­­тен кетіргісі келді. Шын мәнін­де, бұл мемлекеттілігімізге төн­ген аса қауіпті сын-қатер бол­­ды. Бірақ қастандық жасау­шы­­­лар­­дың арам пиғылы іске ас­па­ды. Мен ең қиын сәтте, қан­дай жағдай болса да, соңына де­йін халқыммен бірге боламын деп ашық айттым» деп, өзінің гу­­ма­­нис­тік көз­қарасын, елшіл­дік-мем­­ле­кет­шіл­дік ұстанымын мәлімдеді.

Қиын-қыстау шақта алдаспандай жарқылдап қара қылды қақ жарып ар-намыстың сөзін айтпаса сөздің атасы өлетінін, жүйелі сөзге түйе шөгетінін сезінген Қасым-Жомарт Кемелұлының мем­лекеттік биліктің тұтқасын мықтап ұстағандардың өзін долбарлап, ишараттап емес, нақтылы көрсетті. Оған Президенттің «Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Опасыздардың ішінде әскери және арнаулы органдардың басшылары да бар» деген сөзі дәлел.

Президент халқымыздың мәртебесін асқақтатып: «Отан­шыл­дық рухының арқасында қасиетті тәуелсіздігімізді сақтап қалдық» деп, тебіреніспен айтты. Расында, мемлекет саясатының бел омыртқасы – Рух, Сана және Дәстүр. Бұдан былай «Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көз­бен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек» деп, тағдыр анықтағыштық мәселенің мәнісін ашты.

Жолдауда мемлекет тәуел­сіз­дігі, территорияның тұтас­ты­ғы, ұлттық мүдде, еліміз­дің саяси жүйесін кешенді жаңарту, диалог пен мәміленің жоғары мәдениетін қалыптастыру, жалпыұлттық бірлік, интеллектуалдық құнды­лық­тарды жетілдіру, Президент өкі­ле­т­тігін ықшамдау, «Күш­ті Пре­зидент – ықпалды Пар­ламент – есеп беретін Үкімет» қағи­да­тын орнықтыру секіл­ді тұ­ғыр­намалық білікті тұжы­рым­дамалар ұсынылды. Жаңадан әкімшілік-аумақтық құрылым жасау және «Қуатты өңірлер – қуатты ел» ұстанымын қолдау­дың да мәні зор. Сонымен қатар құжатта Ел Президенті Жаңа Қазақ­стан негізінде «түрлі көз­қарас, бірақ біртұтас ұлт» қағи­­датына жүгіну, құқық қорғау ор­гандарын күшейту, Конститу­циялық сот құру турасында өрелі идеялар ұсынды. Осы бастама­лар­дың барлығы лайым, мемлекет пен халықтың игілігіне, бе­реке-бірлігіне, тәуелсіздігіне қызмет еткей!

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңаша ой­­лауы, өзгеше пайымдауы, конс­­­ти­ту­циялық қағидалар мен сая­си-құ­­қықтық жүйені жетік мең­ге­руі, мемлекет басқару тәжі­ри­бесі жеткілікті екенін мы­на­­­дан көруге болады. Ол «Қазақ­­станда суперпрезиденттік басқа­ру үл­гісі» енді жарамайтынын ба­тыл­­­дықпен түсіндіргені. Мұның нақ­ты себептерін көрсетті.

Өркениетті елдерде, әсіресе Жапония мен Қытайда ерлі-зайыптылар, ағайындылар бір ме­кемеде, бір компанияда істеуге құқығы жоқ. Еліміздің мысалына жүгінсек, 1946-1954 жылдарда Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов балалары мен жақын туысқандарын жоғары лауазымды қызметке сүйремек тұрсын, көлігіне де мінгізбеген. Аңыз қайраткер Еркін Әуелбековтің жеке көлігі де, саяжайы да болмаған. Атағы Алатаудай әйгілі классиктер Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұ­қанов, мемлекет қай­рат­керлері Ілияс Омаров пен Кен­жалы Ай­манов, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин мен Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев та сондай көргенді. Көшелі қай­рат­керлерде елім жетілсе екен деген ой ғана болған. Ай мен күннің аманында, ел тәуел­сіздік туын желбіреткенде, билік­тегі­лердің бейберекет, бейбастақ әре­кеттерге баруы – тарих ал­дын­дағы әдепсіздік, жөнсіздік.

Мемлекет пен қоғамның мүд­десіне орай – Жаңа Қазақ­стан­ды одан әрі гүлдендіру мақ­сатын­да: «Сондықтан Прези­дент­тің жақын туыстарына саяси мем­лекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда бас­шылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституция­ға енгізсек те артық болмай­ды деп санаймын. Президент­тің өкі­лет­тігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесі­не айналады» деуі көреген­ді шешім екені рас. Өйткені Конс­титуция – қазыналы қағи­даттарға негізделген құжат. Әрі қарай: «Президентті тым көп өкілеттілігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді» деп, саяси трансформацияның жемісті нәтижесін көрсетеді.

Ұлтымыздың бірегей нұсқа­лы, озық та озат қоғамдық-психо­ло­гиялық мәні терең руха­ни-ин­тел­лектуалдық, гуманис­тік құн­дылықтары және страте­гиялық, лидерлік, патриоттық идеялар Жол­даудың негізін құрайды. Со­лардың кейбіреулеріне кезек берейік.

«...Ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет. Біз әр шешімді мұқият саралап, әр істі байыппен жасауға тиіс­піз. Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалай да жетеді». «Мемлекет әр аза­мат­тың үніне құлақ асады. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары баға­ланады». «Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Құн­ды­лықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс». Міне, нағыз өркениет биігі­не жетудің, төтенше жаңару­дың кілті осылар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік, эко­номикалық, саяси-мәдени жү­йесін кемелдендіру орайында жаңадан әкімшілік-аумақтық өңірлерді құруды ұсынды. «Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйт­­кілдер аз емес. Мысалы, ай­мақ­­тың ішкі инфрақұрылымы әб­ден тозған. Кезінде Алаш арыс­тарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес» дейді. Енді бұл аймақта жаңа­дан инфрақұрылымдар құры­лады. Жетімсіреген жерге жан бітеді. Жері мал атаулы­ға қайыс­қан, егіншілігі, шаруа­шы­лы­ғы, өнді­рісі, өнері, демография­сы да­мыған дәулетті, сәулет­ті елге айналады. Абай рухы асқақтайды.

Ендігі бір көкейкесті ел тіле­гін мықтап ескергені Ұлытау жа­йында: «Ел тағдыры шешіл­ген ұлы жиындар осында өт­кен. Сарыарқаның төрінде орна­ласқан бұл аймақтың турис­тік әлеуеті өте зор. Оның өндіріс­тік қуатын, логистикалық мүм­кін­дігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз». «Кең-байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлы­таудың төл тарихымыздағы ор­ны ерекше». Ұлытаудың қа­сиетін, тари­хын, өркениетін жете түсін­дір­ген. Қаңбақ кезген Ұлы далаға құт, бақ құсы қонған, ақ түйенің қар­ны жарылған деген осы.

Біздің ойымызша, бұрынғы Жез­қазған облысының террито­рия­­сы негізге алынбаған дұрыс. Ақ­тоғай ауданы Жезқазғаннан 750 шақырым жерде, Балқаш қа­ла­сы 800 шақырым жерде. Ел та­ғы да азып-тозып шұбырмау үшін басқаша бір амалын ойлау ләзім.

Тағы бір айтайын дегенім, Қарағанды облысының Қазыбек би ауданы Қарқаралы ауданымен кіріктірілген, енді осыны қалпына келтіру керек. Атақ­ты күйші Тәттімбет, Қаз дауыс­ты Қазыбек бидің ұрпағы, ақын-композитор, әнші Мәди, мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақов, Әлихан Бөкейханға тілеуқор Ақайдың Хасені, қазақ халқының 700 әнін шырқаған Жүсіпбек Елебеков, сондай-ақ Қали Байжанов, Қуан Ле­керов, Рахия Қойшыбаева, Ма­ғауия Көшкінбаев, театр актері Қалибек Қуанышбаев, көркем­­өнер шеберлерінің біл­гірі Мақсатбек Майшекин, А.За­таевичті табындырған дүлдүл әнші Ғаббас Айтбаевтар осы бір жері пүліш, суы күміс ұлы топы­рақта дүниеге келген. Даңқты Қоянды жәрмеңкесі ше?! Алматы облысынан Жетісу облысының бөлініп шығуы оң өзгерістерге даңғыл жол ашады.

Жолдауда қазақ қоғамын «түбегейлі жаңғырту» жөнінде қаншама бастамалар көтерілген. «Оны жүзеге асыру үшін Конс­титуцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек».

Шынайы Президент болмысы қандай дегенде, негізінен, ел басына күн туғанда шұғыл шешім шығарып, ісімен, көре­гендік, стратегиялық ойлау қабі­леті­мен, отаншылдық рухымен, ақыл, сабыр, парасатымен, таза еңбегімен, халқымен мұрат­тас, пікірлес, тілектес қара­па­йым мінезімен ерекшеленген тұлға болуға тиісті. Асылы, сөзі мен ісі, кісілік өнегесі бір-бірі­мен үйлесімді. Бұл ретте ел Президентінің мына бір түйін­ді пікірі: «Ең бастысы – елі­міздің егемендігі! Шын мәнін­де, біз үшін Қазақстанның тәуел­сіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақ­сыз, құбылмалы әлемде Қазақ­станымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ» дегені, мемлекеттік ойлауы мен жан тілегінің нақты көрінісі.

Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халқына арнаған Жолдауы – елімізді шындап көркейтудің стратегиясы, саяси-құқықтық негіздемесі, тәуелсіздіктің философиясы!

Бұл күнде әлемнің әлек-шә­легі шықты. Жер-Ананың мейі­­рімін менменшіл адамзат ұмы­тып, келешектің тамырына балта шабуда. Геосаясат күрделі. Жаңа Қазақстанның алдында Алаштың ұранын жазған Сұлтанмахмұт Торайғыров толғағандай, «толған мақсат, толғау таңдау» тұр. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылдың 2 ақпан күнгі «Қазақ» газетінің №1 нөмірінде замана заңғарынан «Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тыр­мыс­қандар төрден орын алып жа­тыр» деп айтқан ғасырлық пат­риот­тық ойы Ұлы дала рухын асқақ­татып, асу-асу асқарларға шақыратындай.

 

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры,

филология ғылымдарының докторы