Тарих • 14 Сәуір, 2022

Батыр барлаушы

609 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Сталинград. Майдан шебі. Гүрсілдеп жарылған снаряд дауысы, басыңды көтерсең қарша жауған оқ, ол жетпегендей немістің ұшағы жаңа ғана төбемізден бомба лақтырып өтті. Біздің артиллеристер снаряд бағыттаған жерді байқап қалған немістер атқылауларын одан сайын күшейте түсті. Біздің солдаттар бомбылаудан кейін қираған «Красный Октябрь» зауытына келіп бекінді. Оның үстіне немістің снарядтары дәл түсіп жатты. Біздің батальон тұрған жерін бірнеше рет өзгерткенімен, бұл маневр еш нәтиже бермеді. Жаралы солдаттарды сол жағалауға алып баруға, оларды жаңа жауынгерлермен алмастыруға да мүмкіндік болмады. Немістердің атқылауы осылайша бірнеше күнге созылды. Біздің солдаттардың төзімі де таусылуға айналды.

Батыр барлаушы

1942 жылы дивизион командирі аға лейтенант В.С.Лукьянов барлау­шы Өтенбек Мұхтаров пен диви­зион саяси жетекшісінің орынбасары аға байланысшы Әдиет Шәкімовті шақыртады. Командир оларға өте шұғыл да маңызды тапсырма бар екенін жеткізеді. «Біздегі байланыстың үзілген сымын жалғап, неміс әскерлері мен техникаларының шоғырлана орналасқан жерін мықтап барлаңдар», деп тапсырма береді. Байланысты қалпына келтірген бойда жаудың тұрған жерін, санын тез хабарлаңдар деп жауынгерлерге бұйрып қана қоймай, үлкен сенім артады. Сендерге берілген тапсырманың орындалуы біздің шешуші жеңісіміз болмақ деген Лукьянов бұл тапсырманың командирі Әдиет Шәкімов екенін де ескерте кетеді. «Өте сақ болыңдар! Қандай жағдай болса да тапсырманы аяғына дейін тиянақты орындау міндеттерің, жолдас Шәкімов», дейді дивизион командирі нығарлай сөйлеп.

Күн батысымен екеуі асығыс жолға шықты, түн қараңғысын пайдаланып алға жорғалай жылжып келеді. Өтенбек алда, қолында орам сымы бар, жылжыған сайын жүріп өткен жерін тазалап, қар астымен сымын тартып Әдиет келеді. Екеуі таң бозарып атқанша бірнеше шақырым жүріп үлгерді. Картоп егілген, бомбылаудан кейін айналасы сасыған күл-қоқысқа толы жерге немістер мүлдем жоламайды, сондықтан барлауға да, жасырынуға да қолайлы жерге жетіп орналасып алды. Осы мүмкіндікті Әдиет мықты пайдалана білді. Өтенбекке немістің шоғырланған ауыр танктері мен артиллериясының бағытын қағазға түсір деп тапсырып, өзі алға жылжып кете барды. Арада біршама уақыт өтті. Әдиет болса әлі жоқ. Өтенбек қобалжып, мазасы кете бастады. Түс мезгілі жақындаған кезде ғана қолынан қан тамшылаған Әдиет келді. Өтенбек арқасындағы қапшығынан дәке алып, оның жаралы қолын байлап отырып, не болғанын сұрады. Ол оқ жай ғана жалап өткен ғой, деп жымия жауап берді. Немістің түскі тамақ дайындап жатқан даладағы асханасының исі мұрынды жарады.

Үзілген сымды жалғап, қалпына келтірген Әдиет байланыс құралын іске қосып, «Мен замок» деген сөздерді бірнеше рет қайталады. Байланыстың арғы жағынан «Гильза» тыңдап тұр, немістермен арақашықтықтарыңды, олардың тұрған жерлерінің дәл нақты координатын беріңдер», деген дауыс естілді. Сол-ақ екен біздің зеңбіректердің снарядтары Өтенбек пен Әдиеттің үстінен зулап ұшып жатты. Екеуі арт жақтарына қарап, «Ұят болды-ау түскі тамақтарын ішкізбегеніміз», деп күлді.

Екі қазақ жауынгері байланыстың басқа бағытындағы үзілген сымын да тауып жалғап, немістің барлық танктері мен артиллериясының нақты тұрақтарының есебі мен өлшемін алып, яғни тапсырманы мүлтіксіз орындап, ертеңгісін қас қарая сапқа оралды. Біздің артиллерия болса, тағы да немістерге зеңбіректен оқ жаудырды. Кешқұрым от шашып ұшқан оқтарға қарап тұрып екеуі «Қарашы, тағы ыңғайсыз болды, немістердің кешкі тамақтарын да ішкізбедік қой», деп қосарлана жымиды».

Бұл естелікті Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, бұрынғы 193-ші атқыш­тар дивизиясының саяси жетек­шісі, Ста­линград шайқасына қатысушы Евгений Федорович Патрушев күнделігіне жазып кеткен екен. Бұл кісінің зайыбы Нина Михайловна Патрушева – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, қазақ скрипка мектебінің іргетасын қалаушы. Бұл кісіден атақты өнерпаздар – Айман Мұсақожаева мен Марат Бисенғалиев тәлім алған. Ал мен қарапайым фотосуретші болсам да майдангерлердің өшпес ерлігін, жүріп өткен жерлерінен тың деректер іздеуді дағдыға айналдырғанмын. Әдиет Шәкімов туралы деректі көптен іздестіріп келемін. Ресейдің Волгоград қаласындағы 193-ші атқыштар дивизиясы қорғаған бұрынғы «Красный Октябрь» зауыты тұрған жерде бүгін­де №35 мектеп орналасқан. Осы мек­теп­тің музейінде Әдиет Составұлы Шә­кі­мовтің фотопортреті ілулі тұр. Мек­теп оқушылары Әдиет атамыздың ер­ліктерін бірінен соң бірі жарыса жат­қа айтады. Осыны көргенде еріксіз тол­қып, жанарыңа жас үйіріледі. Мен Вол­гоградтағы мектеп оқушыларын Әдиет Шәкімовтің туған жеріне, өзі­міздің Орал қаласына қонаққа шақырып келд­ім. Ондағы мақсат – бабалар ерлі­гін өскелең ұрпаққа танытып, екі ел мектептері арасында тығыз байланыс орнату.

Әдиет Шәкімов 1914 жылы дүниеге келген. Комсомол қатарына ерте өткісі келіп, туған жылын 1912 жыл деп артық көрсетіпті. 1930 жылдардың соңында қазақ балаларының алды болып, Саратов көлік институтына оқуға түскен. Соғыс басталғанда алғашқылардың бірі болып, ерікті түрде әскер қатарына жазылған. Харьковтегі танк училищесін жедел түрде бітіріп шыққан. Т-34 танкісінің командирі, Сталинград шайқасында барлаушы-байланысшы болған. «Красный Октябрь» зауытын қорғаған саяси жетекші орынбасарының жазбасында «384-артиллерия полкі 193-дивизиясының аға байланысшысы Әдиет Шәкімов үзілген байланыс сымын 115 рет жалғап, қалпына келтірген», делініпті.

Біздің негізгі кейіпкеріміз Курск иініндегі атақты Прохоров елді мекені маңында болған танктердің жойқын шайқасында рота командирі болған, танкісі бірнеше рет өртеніп, түрлі деңгейде дене жарақаттарын алған. Әдиет Шәкімов Сталинградты қорғағаны үшін, Прага қаласын қорғауда көрсеткен ерлігі үшін екі мәрте Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Бұдан басқа да көптеген наградаға ие болған. Батыр барлаушының айтарлықтай ерте, 1970 жылы дүниеден өткенін де айта кетейік. Бірақ артында ұрпағы, ұмытпай айта жүрер ерлігі қалды.

о

 

Рафхат ХАЛЕЛОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

ОРАЛ – ВОЛГОГРАД – ОРАЛ