Тарих • 14 Сәуір, 2022

Исі қазақ Исаны біле ме екен?

303 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әрине, Иса пайғамбардың есімі жер бетіндегі жеті миллиардтан астам халыққа етене таныс. Ел-жұртын ерекше сүйіп «миллион сомдық ойын-күлкі» тілеген асау аттай арынды ақын Иса Байзақов исі қазаққа мәшһүр. «Бұл сонда қай Иса?» дейсіз ғой? Заманды зар илетіп, көз жасын сорғалатқан сонау бір зұлмат жылдары жазықсыз жапа шеккен Иса Ақынбеков. Кешегі кеңес өкіметінің кесапатты саясаты­мен қарадай «халық жауы» деген қара күйе жағылып, атылып кеткен аталарымыз қаншама?

Исі қазақ Исаны біле ме екен?

Мәліметке сүйенсек, еліміз бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған 113 мың адамның 25 мыңы қыршыннан қиылған. Франциядан келген бір азамат Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін мұражайын аралап жүріп «Өз халқын өз өкіметі шынымен атқан ба?» деп таңырқай сұраса, осы мұражайдың басшысы, ақын Ханбибі Есенқарақызы «Кейде қасқыр да өз бөлтірігін өзі шайнап өлтіреді. Ол да бір қасқыр заман еді ғой» деп жауап қайырған. Қасқыр заманның қайсыбірін айтып тауысасың. Ал Түркістан облысында жеті мың адам тұтқындалып, оның екі жарым мыңы атылған. Бұл нақты тарихи дерек. Ал өзім туып-өскен Отырар ауданының аумағындағы бір ғана Көксарай ауылында 42 адам қуғын-сүргін құрбандығына шалынып, бақилық болған. Аз ба, көп пе? Аз емес. Бір ауыл үшін аз емес. Оның бәрі жаяу-жалпы кісі ме? Жо-оқ! Халқы үшін қабырғасы қайысып, қаралы ағымға қарсы тұрған қазақтардың қаймағы еді-ау! Қалқып алып «жұтып» жіберді. Жұмыр жерде жұлымыр саясаттан жұлыны үзілген 25 мың адамның бірі – Иса Ақынбеков. Ол кім? Исі қазақ Иса атамызды біле ме? Еліміз есін жиып, етек-жеңін жинап, егемендігін алған соң, Президент жарлығымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін» белгіледі. Жазықсыз жапа шегіп, аяусыз атылып кеткен аталарымызды іздей бастадық. Таптық. Ендеше аруағы риза болсын, бар-жоғы 41 жыл ғұмыр кешкен Иса Ақынбековтің өмірбаянына көз жүгіртейік.

Көксарай елді мекеніне қарасты Мұрынқарақ тауының маңындағы Қамырлы әулиеде 1896 жылы дүниеге келген.

1919-1922 жж. Арыс қалалық партия ұйымының бірінші хатшысы.

1922 жылы Арыс қалалық атқару комитеті председателінің міндетін қоса атқарған.

1924 жылы Түркістан Автономиялық Респуб­ликасының Орталық атқару комитетінің мүшесі.

1925-1926 жж. Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасы, УГОРКОМ-ның хатшысы.

1926-1928 жж. Торғай облыстық ВКП(б) хатшысы.

1928-1929 жж. Ақтөбе облыстық ВКП(б) хатшысы.

1932-1935 жж. Талдықорған УГОРКОМ-ның хатшысы.

1935 жылы Марксизм-ленинизм институтын бітірген.

1936 жылы Ақтөбе химиялық комбинаты партия комитетінің хатшысы.

1936-1937 жж. Ақтөбе қалалық УГОРКОМ-ның бірінші хатшысы қызметтерін атқарған.

1937 жылы 6 желтоқсанда «халық жауы» деп ұсталып, атылған.

Ақтөбе облыстық соты президиумының шеші­мімен 1958 жылы 15 мамырда қылмыс құрамы болмағандықтан іс қысқартылып, ақталған.

Жұбайы Айнаш Ақынбекова (1904-1974 жж.) Бөген ауданы Төрткүл селосында дүниеге келген. Руы – Ысты. Жоғары білімді, орыс, араб тілінде таза сөйлеген. Арыс қаласында мұғалім, Шымкент қаласында мектеп директоры, Қостанай облысының білім басқармасы саласында жұмыс істеген. Ақтөбе облысында партия ұйымының хатшысы, мектеп директоры қызметтерін атқарған. Арыс қалалық партия ұйымында хатшы болып қызмет істеген.

Ақтөбе қаласында қызмет істеп жүрген күйеуі абақтыға қамалған соң Айнаш апамыздың да басына қара бұлт үйіріледі. «Халық жауының» әйелі ретінде АЛЖИР-ге айдалғалы жатқанда, Иса Ақынбековтің Өзбекстанда жауапты қызмет атқарып жүрген жанашыр досы Ақтөбеге арнайы барып, Айнаш апамызды екі баласымен бірге есебін тауып қызыл жа­сақ­шылар қолынан алып шығады. Сөйтіп, оған тә­жік әйелінің ата-тегі жазылған құжат алып беріп, жа­сырын ұстайды. Сталин дүниеден өтіп, заман оңға­рылған соң 1958 жылы Арыс қаласындағы өздерінің байырғы қарашаңырағына қоныстанып, қайтадан Айнаш Ақынбекова деген куәлік-құжат алады.

п

Көксараймен көршілес Ақтөбе совхозында Иса атамыздың Әбдікәрім деген ұлы құрылыста прораб болып ұзақ жылдар істеген. Бірақ оны кезінде Оңтүстік Қазақстан өңірінің атқару комитетін басқарған «халық жауы» Иса Ақынбековтің ұлы екенін ешкім білмеген. Азан шақырып қойған Әбдікәрімнің аты жастайынан ұмытылып, ауыл-аймақтың бәрі Майбас деп атаған. Кемсіту емес, бәлкім «халық жауының» ұрпағын қалқалап, есімін елден тасада жасырын ұстаған шығар. Қаңқу сөз «қалқан құлақтарға» жетсе, қара дауыл тұрғызып ұшырып әкетуі де мүмкін ғой. Жаманға бас ұрып, жақсыны жасырып, барлық нәрсеге бас изей беретін баяны жоқ заманда күйкі тірлікпен күн кешті жұрт. Опат әкелген отыз жетінші жыл туралы ауыз ашуға қорықты. Жабулы қазан жабулы күйінде қалғаны рас. 70 жыл бойы солақай саясаттың құлы болды, құрбаны болды.

Құжатта қалған қуғын-сүргіннің құпиясын ашып, енепат еңбек еткен ақын Ханбибі Есенқарақызы өксік өмірді өлеңмен кестеледі.

«Естілерді есер деп,

Есі жоқты көсем деп,

Таным беріп тарихтан,

Бізді үйреткен шешен көп.

Көлеңкені күнгей деп,

Жібектерді жүн ғой деп,

Көрер көзге жаңылдық,

Бес саусақты бірдей деп...

Өзімізді таппадық,

Өзгелерді жаттадық.

«Надан» десе, бас шұлғып.

Саясатты сақтадық.

Жүсіпбекті білмедік,

Мағжанды көзге ілмедік.

Алаңы көп көңілді

Алға қарай сүйредік...»

Қырғынға ұшыраған 42 «халық жауының» бірі – балалар жазушысы, Президент сыйлығының лауреаты Бейсенбай Сүлейменовтің атасы Асан Сүлейменов еді. Ол 1937 жылы «Бай-билердің тұқы­мы» деген жаламен жазықсыз атылып кетеді. Көк­са­райдың көгалына аунап, Исамен бірге тай-құлын­дай тебісіп өскен. Халық ақыны Әселхан Қалы­бекованың оңтүстікке танымал шайыр атасы Ергөбек Кұттыбайұлымен үзеңгілес, достықтары жарасқан. Қуғын-сүргіннен Өзбекстанда бой тасалап жүрген Ергөбек ақынның ел-жұрты мен дос-жарандарын сағынып «Сүлеймен мен Жақыбым, Құдайдан кейінгі жақыным» деп жазған өлеңі ел аузында.

Небір нәубет өтті ғой. Ахмет Байтұрсынұлының «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын!» деген қанжардай сөзі қазіргі ұрпақты қайрағандай әсер етері хақ. Елім деп өткен ерлерді еске алайық. «Ақынбековтің ағайыны, құйыршығы» деген қитұрқы желеумен Көксарай МТС-ін басқарып тұрған Нысанбай Садықбековты әйелі Сұлукүлмен бірге түрмеге тығып, «үштіктің» үкімімен жеделдетіп оққа байлаған. Екі баласын бағып отырған байғұс ананың жазығы не? Себебі Сұлукүл апамыз төренің қызы екен. Тоқал тамда қамалып, аш-жалаңаш шырқыраған екі баланы үйден шығарайын деп бір әйел барса, есік күзеткен қаныпезер жасауыл жайратып салған. Қандай қатыгездік!

Қазақстанның астан-кестенін шығару мақсатында қолдан ашаршылық ұйымдастырып, нәубет алып келген Голощекин мен Мирзоянның сасық саясатына қарсы тұрған Иса Ақынбековтей қайсар ұлдардан қаймыққан кім? Мирзоян. Қаймықпаса мыңдаған адамның өлімі аздай Сталинге құпия хат жазып, тағы да 8 мың адамды атуға рұқсат сұрай ма? Міне, зұлымдық. Міне қатыгездік.

Бала кезімізден байлауы жоқ баянсыз заман туралы көнекөз қариялардың әңгімесіне құлақ түріп өстік. Есейген кезде есімізге түсіп, мән-жайын енді түсінгендейміз. Сәкен Сейфуллинмен қатар жүрген қабырғалы тұлға Иса атамыз балалар коммунасын ашып, кейін оны балалар үйіне айналдырған. Сол жерге аш-жалаңаш жетім балаларды жинап оқытқан. Көзін ашқан. Мирзоян қаймығатындай ұлттың ұрпақтарын өсіріп, білім берген. Сол балалардың ішінен елге танымал Қазақстан ҒА академигі Төлеген Тәжібаев, «Садықбектің әр сақалының түбінде бір-бір сайтан ұялып жатыр» деп Мұхтар Әуезов бағалаған сатирик-жазушы Садықбек Адамбеков тәрбиеленіп шыққан. Кешегі қан-қасап соғыста Кеңес Одағының Батыры атанған 5 қаһарман да осы жетімдер үйінің жеткіншектері.

Орайы келгенде осы тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласынан үзінді келтірейін. «Ғасырларды уақыт ұршығында иірген мыңжылдықтар тоғысында Ұлы дала төсінде жаңа тұрпатты жас мемлекет құрылды. Атасы Алаш, керегесі ағаш қазақтың зар заманда жоғалтқан құн­дылықтары қайтарылды, бары бүтінделді, азаттықпен бірге сәулелі сәттерге толы шуақты шежі­ресі түзіле бастады».

Расында да, «Ел қуатты болса, қуаныш тұрақты болады» деп мемлекет басшысы жазғанындай, шерменде жылдардың шежіресін жинақтай бастадық. Не үшін? Ер есімін ел есіне салып, кеткеніміздің келгенін, керегеміздің кеңейгенін көрсете білсек, кейінгі ұрпаққа сабақ емес пе?

Көзі ашық көп азаматтарымыздың бірі – «Құтты мекен – Көксарай» мәдени-ағарту жобасының жетекшісі, кәсіпкер Оразхан Жанысбеков бағзы заманнан бергі бабаларымыздың басына балбалтас қойып, рухын жаңғыртып жүрген атпал азамат. Былтыр ғана Мұрынқарақ тауының төбесіне Қарақ хан мен Бұхар жырау жырлаған Алатау батырға мәрмәртастан ескерткіш қойды. Не үшін? Байлығы асып бара ма? Жоқ! Ел үшін туған ерлердің аманатын ендігі ұрпаққа жеткізетін жетелі азаматтың тірлігі бұл. Биыл көктемде Арыс қаласынан берілген Иса Ақынбеков атындағы көшеге атамыздың тұғырын орнатты. Айналасына тал егіп, оны темір шарбақпен қоршап, көрсе көз тартатындай кішігірім саябақ жасады. Міне, ата-баба аманатын алға апарудың бір үлгісі.

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Мамытқызы «Атамыздың ескерткіші наурыз күні ашылады. Келіңіздер, ұлт рухына тағзым етіңіздер!» деп ша­қырды. Құрқол қалай барам? Мақала да­йын­­дадым. Алыста тұрса да Арыста туған атақ­ты жазушы Дулат Исабеков, академик Мұрат Жұрынов, әйгілі әнші Нұржамал Үсенбаева ақ тілегін жолдады. Көксарайлық ақын Рысқұлбек Әбді­разақовтың «Арманда кеткен арыстарға» арнап жазған жүрекжарды өлеңін тыңдасаңыз өзегіңіз өртенеді.

«Арманда кеткен, қайран арыстарым,

Қайраулы қанжар еді-ау намыстарың.

«Халық жауы» дейтұғын қасіреттің

Қайтейін, сырқатың боп жабысқанын.

Сынаптай сырғып өткен ғасыр қалай?!

Қулығын Құдайсыздар асырды оңай.

Алаштың арман-мұңын айтамын деп

Ажалын «тілеп алған», асылдар-ай.

Арнаған артындағы ұлтқа арманын,

Залымдар асылымның құртқан бəрін.

Салмағы жерден ауыр сорды арқалап

Қай жақта жатырсыңдар, сырттандарым?!

Қайтерсің, дəуір дімкас, жол бұралаң,

Арылып үлгермеді сол күнəдан.

Қалт-құлт еткен қазаққа болсын деген

Арманыңды ұқпады сорлы қоғам.

Қазір ғой, қарт тарихта хатың қалды,

Арманның тұлпары жүр, тақымда əлгі.

Дұға еттік, ел мен жұртын сүйгені үшін

Сүйегін сүйреп өлген батырларды.

Естідік ертеректе ел көшкенін.

Сол зұлмат енді қайта келмес дедім.

Дəл осы шат күн үшін шаһит кешкен

Бақұл бол, менің əзиз жерлестерім!!»

...Қадыр ақын айтқандай «істеген жақсылығың өзіңнен кейін де өмір сүреді». Ұлылықтың белгісі ұлтты сүюден аңғарылмай ма? Мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, тарыдай шашылған тарихын түген­деп жүру де түгесілген тәлім-тәрбиені қайта жаң­ғыртқандай қастерлі қасиет.

   

Көпен ӘМІРБЕК,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері