Пікір • 18 Сәуір, 2022

Төрешілдіктің тынысын тарылтуға тиіс

208 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Білеміз, білеміз: Ленинге сүйеніп сөйлеу қазір сәннен қалған, жарықтық ештеңені де дұрыс айтпағандай көреміз. Әйтсе де, «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Президент Жарлығын оқи бастағанда-ақ қазір аты ауызға алынбайтын сол адамның бір сөзі санаға сарт ете қалды. Кітаптан қарасақ, дәл айтқанда былай деген екен: «Бюрократизм – действия правильные формально и издевательские по существу». Төрешілдікті сырттай қолдайтын, іштей қорлайтын іс-әрекет деп сипаттағаны.

Төрешілдіктің тынысын тарылтуға тиіс

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Неге оқи бастағаннан бірден осы ой еске түсті екен дейсіз ғой? Өйткені Жарлықта бюрократиядан арылтудың айқындалатын қағидаттары қатарында мәннің нысан­нан басымдығы алдымен көрсетілген. Бұл арқылы нәти­жеге қол жеткізу бо­йынша ат­қарылатын жұмыс нысаны­нан содан шығатын нақты және өлшенетін нәтиженің ба­сым болуы көзделіп отыр. Сана арқы­лы сараланатын ішкі мазмұн сыртқы түрден, тысқы пішін­нен кейінге қойылып жататын жағдай мемлекеттік аппарат­та аз кездеспейді. Мұны пар­тия­ның орталық комите­тін­де, президенттік әкімшілікте тоғыз жыл жұмыс істегенде, минис­трлік­ке басшылық жасағанда талай көргенбіз. Аппаратта кім жақ­сы қызметкер саналатын? Қағазды жып-жылмағай жазатындар, арыз-шағымдарды тез «жаба» алатындар, құжаттарды уақтылы қарап үлгеретіндер. Қазір де барлық деңгейдегі аппарат қызметкерлерінің басым бөлігі тек тапсырмамен оты­ра­тын­дар, айтқан шаруаны ғана істей­тіндер, өз бетімен мәсе­ле зерт­темейтіндер, бастама көтер­мей­тіндер екендігіне күмән­да­ну­дың керегі жоқ. Құ­жат­тар құ­шағында тұншыға жүріп, олар­дың мұндай іспен түбегей­лі айна­лысуға мүмкіндігі де қал­май­ды.

Мемлекет басшысының Жар­лы­ғы бо­йынша Үкіметке өзекті сын-қатерлерге, форс-мажорлық мән-жайларға және дағ­дарыстық жағдайларға жедел ден қою үшін өзінің құзыреттерінің, функциялары мен өкілеттіктерінің біразын мем­лекеттік органдарға беру жүктеліп отыр. Мұның өзі «суперпрезиденттік» бас­қа­ру нысанынан бой тарта бастаудың қи­сынды жалғасы. Ендігі жерде «Бәрін Пре­­зидент шешеді» деп ауыз ашып отыру былай тұрсын, «Бәрін Үкімет біледі» деп тапсырма күтумен жүрудің де күні өте беруге тиіс. Үкіметтің бәрін дәл білуі үшін, Президенттің бәрін дұрыс шешуі үшін мемлекеттік аппараттың дербестігі мен дербес жауапкершілігін арттыруды көздейді кешегі Жарлық. Бұл үшін аппараттағы әр қызметкердің шешімдер қабылдаудың тиімді­лігі мен жеделдігін алдымен ой­лауы, ұйымдастырушылық мә­де­ниетін қалыптастыруы, бас­қа­ру­шылық жауапкершілікті арт­тыруы, жұ­мыстың әдісі мен тәсіл­дерін үздіксіз жетіл­діруі қа­жет. Парламент депутаты ре­­тінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы шеші­мі­мен Үкі­меттің норма түзуші­лік про­цес­те­рінің кешенді реин­жинирингін қамтамасыз ету, олардың мерзімін екі есе қыс­қарту міндеттелгенін де разы­лық­пен айтуға тиіспіз. Қоғам кү­тіп отырған, уақыт талап етіп отырған, яғни көкейкесті мәсе­ле­лер бойынша жылдам жасалуға тиісті заңнамалық жобалардың жыл­дап жасалып жататыны жасырын емес.

Жарлық тақырыбындағы «бюро­кратия­дан арылту» деген тір­кеске қарап, бюрократияны тап бір жексұрын ұғым сияқты жадағай түсінудің де жөні жоқ. Кеңсе билігі – аппарат көмегімен атқарылатын басқару жүйесі. Бюрократия дегеніміз халықтың мемлекет қызметін алуының бел­гілі бір тәртіпке келтірілуі. Бюро­кратиясыз мемлекет болмай­ды, онсыз ел дами алмайды. Сперан­ский өмірден өткенде газет қа­зана­масының тақырыбы «Ресей бю­ро­к­ратиясының нұршырағы сөнді» деп қойылғаны, Макс Вебердің бюрократияны ұйымдық мақсатқа жетудің ең тиімді тәсілі деп танығаны сондықтан еді. Бұл арадағы түйткілдің түйіні бюрократияның өзінде емес, бюрократияшылдықта. Негіз­гі мәселе кеңсе билігін тар аяда түсі­нетін, мемлекеттік қызметтің қалай атқа­рыл­­ғанынан гөрі қай­тіп атқарылғанын көбірек қам­дай­тын төрешілдіктің тынысын тарылтуға, аппараттың қыз­ме­тін қағазбастылықтан арыл­туға, жанды, нақты іске бұры­лу­ға тіре­ліп тұр. Осы орайда пандемия ке­зіндегі жұмысты ұйым­­дас­ты­ру­дан алған бір тағылым, яғни бұрын­ғы бітпейтін де қоймайтын жиналыс, отырыс, дөңгелек үс­тел, мәжіліс, кеңес, кон­ферен­ция, мәслихат, алқа атаулыны мүм­­кін болғанынша онлайн пішін­­ге ауыс­ты­ру, жөнді-жөнсіз сапы­ры­лысқан іс­са­парларды барынша қысқарту, адамның алтын уақытын аяу, қайран қағазды үнем­деу сияқты мәселелерді де ке­шенді күйде қа­растырудың ар­ты­ғы жоқ.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мәжіліс депутаты