Пікір • 19 Сәуір, 2022

Ұлттың ұлы құндылығы

687 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бұл жылдың қалай басталғаны баршамызға белгілі. Маңғыстау жұртшылығы газ бағасының қымбаттауына қарсылық білдіріп, алаңға шықты. Президент Үкіметке шұғыл тапсырма беріп, мәселенің анық-қанығына жету үшін арнайы комиссия құрып, Ақтауға аттандырды. Комиссия сұйытылған газ бағасының еш негізсіз көтерілгенін, халық талабының орынды екенін анықтап, бағаны бұрынғы қалпына түсіру туралы шешім қабылдады.

Ұлттың ұлы құндылығы

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Маңғыстауда митингке шыққандар Мемлекет басшысының шешіміне риза­шылық білдіріп, алаңды тап-тұй­нақтай етіп тазалап, жерге бір түйір қоқыс тастамай, шын жанашырлықтың үлгісін көрсеткен еді. Елімізде соңғы кезде қабылданған заңға сай митинг мәдениеті дұрыс бағытқа бет бұрды деп іштей қуанғанымызды да жасырмадық. Алайда «жау жоқ деме, жар астында» деген сөз рас болып шықты. Жау алыстан келген жоқ, ішімізде жүр екен.

Жағдайдың оң шешіле бастағаны сол-ақ екен, еліміздің оншақты қала­сын­да халық көшеге саяси талаптар қо­йып шыға бастады. Негізі жұртшы­лық­тың бұ­рынғы билікке деген ашу-ызасы бол­­ғанын ешкім де жоққа шығар­майды. Ха­­­лық­тың сондай көңіл күйін бі­летін арам­­­за күштер жағдайды өз мақсат­тары­­на ше­шуге ұмтылып бақты. Олар би­лік пен бұқара арасында қақтығыс ұйым­­­дас­­ты­ру арқылы ел ішіне іріткі сал­ғы­с­ы кел­ді. Түп мақсаттары билікті ба­сып алу бол­­ғаны қазір екінің біріне түсінік­ті. Алай­да тә­уелсіз еліміздің тұрақ­ты­­лы­ғын бұз­бақшы болғандар оңбай қателесті!

Алғашында Алматыда митинг бейбіт сипатта басталғанымен тез арада басқа арнаға ауысып кетті. Еліміз­дің басқа өңірлерінде де осы жағдай қайталанып, бұзақылық бой көтерді. Неге? Тасада тұрып тас атқандардың басты мақсаты ел ішінде қорқыныш, үрей туғызу еді. Қарапайым халықтың қым­бат­шылықты ауыздықтау жөніндегі орынды талабының соңы «Қасіретті қаңтарға» ұласты. Президент жағдайдың беталысын тез түсініп, шұғыл түрде батыл қадам­дарға барды. Егемен елімізге қауіп төніп тұрғанын, мемлекеттің тұтас­тығы мен халықтың бейбіт өмірін қам­тамасыз ететін күштік құрылым­дар­дың пәрменсіздігін сезінген Мем­лекет басшысы барлық шешімді өз қолы­на алды. Қабылданған шешімдер туын­даған жағ­дайды тез арада қалпына келтіруге ық­пал етті. Егер сол күндері Қ.Тоқаев та­бан­дылық танытпағанда Тәуел­сіздігі­міз­ден әп-сәтте айырылып қалуымыз әб­ден мүмкін еді. Сол қысылтаяң шақта Пре­зи­дент өзінің нағыз халықшыл, мемлекет­шіл, батыл тұлға екенін көрсете білді.

Президенттің «Ел астанасынан ешқайда кетпеймін. Халықпен бірге болу – менің конституциялық міндетім» деген сөзі абдырап қалған халыққа жігер берді, көңіліне сенім ұялатты. Мемлекет басшысы бүлікшілермен күресте ешқандай ымыраның болмайтынын да анық айтты. Президент бұл жөнінде өз ұстанымын ашық білдірді, халықтан ештеңе жасырып қалған жоқ.

Қаңтардың 11-де сөйлеген сөзінде Президент елдегі қордаланып қалған мәселелерді алғаш рет жария етті. Ащы да болса шындық айтылды. Әрине, бұл Президент үшін оңайға соқпағаны анық. Қазақстан халқы Президенттің сөзін зор ықыласпен тыңдады. Басқаша болуы мүмкін де емес еді. Қалыптасқан жағдайда Мемлекет басшысы дамудың жаңаша жолын ұсынатыны, халықтың көкейіндегі түйткілді тұстарды тап басып, келеңсіздіктерді, кемшіліктерді көрсетіп, оларды жоюдың жолдарын көрсететіне өз басым сенімді едім. Өйткені Қасым-Жомарт Кемелұлы Сенат Төрағасы болғанда бірнеше жыл бірге қызмет еттік. Мен Президентті мемлекетшіл ғана емес, қазақы азамат ретінде де білемін.

...Бір жолы Сенатқа ұнды йодтау қажеттігі туралы заң жобасы келіп түсті. Мұның қажеттілігі күмәнсіз еді. Әсіресе, ауыл халқының денсаулығындағы кінәраттың көпшілігі йод жетімсіздігінен болып жататыны жасырын емес. Алайда ұнды йодтау жеке меншік элеватор иелеріне қосымша қаржы жұмсауды талап етеді. Соны жақсы білетін кейбір элева­торға қатысы бар сенаторлар заң жоба­сының аталған бабына қарсы шық­ты. Осы сәтте Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Заң талабы ең алдымен ел азаматтарының, соның ішінде қазақтың мүддесін қорғауға бағытталған. Ал сіздер басқа мүддені көздейтін секіл­дісіздер. Бұл – теріс пікір!» деп, әріптес­терінің бетін қайтарып тастаған еді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бойына өркениет мәдениетін терең қабылдай білген тұлға ретінде ерекшеленіп тұра­ды. Интеллигент отбасында дүниеге келген оның руханиятқа жақын болып өскені айтпаса да түсінікті. Жастайынан дипломатиялық қызметтің бел ортасында жүрген ол бүгінде әлемдік дәрежедегі саясаткер. Осыдан, он бір жыл бұрын, яғни 2011 жылдың 15 сәуірінде Қ.Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және аталған ұйымның Женева бөлімшесінің бас­шысы болып тағайындалды. Бұл күл­лі қазақ баласының мерейін аспандатты. Бұрын-соңды қай қазақ әлемдік деңгейде осындай зор құрметке бөленіп еді?

Қ.Тоқаев 2019 жылдың 19 наурызында ел тізгінін ұстады. Содан бері үш жыл өтті. Осы уақытта Президент елі­мізді тек оң өзгерістерге бастап келе­ді. Әрине, бәрін тізбелеп шығу міндет емес шығар. Маған әсіресе, Прези­денттің тікелей бастамасымен қабылданған жемқорлықпен күресті күшейту мақ­сатында тиісті заңдарға енгізілген өзгертулер айрықша ұнайды. Бұл – өте өзекті мәселе. Сыбайлас жемқорлық талай жыл санамызды улап, жазылмайтын дертке айналып кеткен еді. Қазіргі заң талаптарына сәйкес, жемқорлықпен сотталған адам амнистияға ілінбейді, мерзімінен бұрын босатылмайды.

Израильдің төртінші Премьер-ми­нистрі болған Голда Меир «Егер сіз аза­матт­арыңыз жарқын болашағына кәміл сенетін мемлекет құрғыңыз келсе, ең басты екі қадам жасаңыз. Бірінші, сыбайлас жемқорлықты Отанға жасалған опа­с­ыздық деп санап, жемқорларды жеті ата­сына дейін сатқынға теңеңіз. Екін­ші, үш мамандық иелеріне – әске­ри­лер, мұ­ға­лімдер мен дәрігерлерге ең жо­ғары жалақы тағайындап, оларды құр­мет­теңіз» деген екен. Соңғы үш жыл­да Пре­зи­дент осы екі мәселеге де ерек­ше көңіл бө­ліп отыр. Табысы төмен, жағ­дайы жоқ азаматтардың 300 мың теңге мөл­ше­рін­­дегі несиелеріне мемлекет есебінен кеші­рім жасағаны Президенттің халыққа жана­шырлығының айқын көрінісі емес пе?

Екі жылға созылған пандемия кезінде Президент тарапынан халыққа барынша қолдау, көмек көрсетілгенін бәріміз де көрдік, білдік, басымыздан өткердік. Президенттің «Саяси реформаларсыз экономикалық даму да болмайды» деген тұжырымы өте дұрыс деп санаймын. Елімізде алғаш рет әкімдерді халықтың өзі сайлай бастады. Саяси реформаның бір ұшқыны – әкімдер сайлауы. Халық өзі сайласа әкімдерден сұраныс, талап та күшейе түседі. Биылғы Жолдауда еліміздегі саяси реформаларды одан әрі тереңдету бағыттары көрсетілді, жолдары айқындалды. Алдағы уақытта елімізде Конституциялық Сот құрылады. Мәжіліс депутаттарының 30 пайызы бір мандатты округтерден сайлануы көзделіп отыр. Бұл тіпті, 50 пайыз болса да артық болмас еді. Партияны тіркеуден өткізу үшін бар болғаны 5 мың мүшесі болса жеткілікті. Ұлттық келісім кеңесі алдағы уақытта Ұлттық құрылтайға айналмақшы. Осының бәрі де ел көңілінен шыққан өзгерістер.

Президенттің «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жол­дауы жаңарған Қазақстан мемлекетін құру­ды көздейді. Бұл шындығында Екін­ші Республика! Бұл бақытты барша­мыз қалаймыз. Олай болса барлығы­мыз Президенттің жанына топтасып, хал­қымыздың үкілі үмітіне бірге жетейік!

Жолдауда Президент көптің күтпе­генін де жариялады. Мен бұл жерде Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құру туралы бастаманы айтып отырмын. Ұлы Абайдың елі, жер жәннаты Жетісу өңірі, кіндік қаным тамған Ұлытау, Жезқазған, Жаңаарқа, Балқаш жұртшылығы осыдан ширек ғасыр бұрын жабылып қалған облыстарды қайта ашу туралы хат жолдап, өтініш айтып әбден көңілдері қалып, үміттері үзілген еді. Президенттің жа­ңа­дан облыстар ашу жөніндегі сөзін естігенде жасырып керегі не, көк­тен іздегеніміз жерден табылғандай қуан­дық. Бір емес, үш облысты бірден ашу – қазір­гідей күрделі кезеңде нағыз ер­лік! Қаңтарда Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін басын бәйгеге қалай тіксе, жаңа об­лыстар құру туралы бастамасын да батыл шешімге теңер едім. Екі жылдан аса пандемия құрсауында қалу экономикаға аса ауыр соққы болып тигені рас. Бірақ соған қарамастан үш облыстың шаңырағын көтеруге ұмтылу Президенттің тәуекелшіл тұлға еке­­нін таны­тады. Бұл қадам аймақтардың да­муын арттыру арқылы республикамыз­д­ың да­муына тың серпіліс береді.

Ал жаңа облыстардың шекарасы қалай анықталмақ? Бұл ретте Ұлытау өңіріне қатысты Президент «Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында» деген сөзді бекер айтқан жоқ деп санаймын. Өйткені «жер шалғай, халыққа қиын соғады» деген желеумен бұрын Жезқазған облысына қарасты болған кейбір қала, аудандарды Қарағанды об­лысының құрамында қалдыру көз­деліп жатқанға ұқсайды. Қазір бұрын­ғыдай заман емес, қарапайым халық үшін күнара облыс орталығына сабылудың еш реті жоқ. Қазір байланыс та, қатынас та жақсарған. Көп құжатқа үйден шықпай-ақ қол жеткізуге болады.

Кезінде өзін өзі артығымен қамта­масыз етіп отырған Жезқазған облысы Қарағандыға не себеппен қосылғанын біреу білсе, енді бірі білмейді. Ол мәселе тарих қойнауына кетті. Бабаларымыздан «бөлінгенді бөрі жейді» деген ұлағатты сөз қалған. Ал дана халқымыз «Ел мен елдің қосылғаны құт» дейді. Жаңа облысқа жаңа мамандар, ел басқаратын азаматтар керек. Алаш арыстары шыққан Ақтоғай, Ақсу-Аюлы, Ағадыр өңірінің көп азаматы бұрынғы Жезқазған облысының басшылығында болған. Сол азаматтардың ұл-қыздары енді Ұлытау облысына қызмет ететін болса, қандай ғанибет?! Ұрпақтар сабақтастығының бұл да бір көрінісі болар еді.

Жезқазған мен Балқаш – ежелден бір организм, оларды бір бірінен бөлуге мүлде болмайды. Жаңа облыстың негізгі тірегі – «Қазақмыс» корпорациясы. Ендеше облысты аяғынан нық тұрғызу үшін «Қазақмыстың» күшін, қуатын пайдалану керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент болғалы бері Ұлытау өңіріне екі рет ат басын тіреді. Қарт Ұлы­таудың жаңа дәуірге сай жаңаруын қам­тамасыз ету Президенттің арман, мақ­саты тәрізді. Мен солай түсінемін. Жаңа облысқа Ұлытау атауын берудің ас­та­рында да терең мән жатыр. Бұл ұлты­мыздың ежелгі ордасын әлемге таныту.

Алдымызға Жаңа Қазақстан құру мақ­сатын қойдық. Ұлытаудың жаңа­руы ұлттық жаңғыруға бастаса екен деп тілеймін. Ұлы Абайдың елін­дегі, орталығына қазақтың ұлы перзент­терінің бірі Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілетін Жетісу облыстары елдің жаңаруына үлгі танытса деп тілей­мін. Осы облыстардан жаңа дәстүр, өнегелі істер бастау алса, жемқорлық, сыбай­ластық дейтін келеңсіздіктерге жол берілмесе екен деп ойлаймын. Әрине, бұл үшін жаңа облыстарға нағыз мем­ле­кетшіл тұлғалар басшылыққа келуі қажет. Әрине, ой көп. Бәрі де «Еліміз өркендесін, халқымыз еңсесін көтеріп, Тәуелсіздіктің жеңісін көріп, жемі­сін теретін деңгейге жетсек» деген арма­ны­мыздан туындап жатыр. Қазіргі қолға алынып жатқан барлық шаруа ұлты­мыздың ұлы құндылығы – Тәуелсіздікті одан әрі нығайта береді деп сенемін.

 

Мұхамбет КӨПЕЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері