Пікір • 19 Сәуір, 2022

Заң алдында бәрі тең болуы керек

760 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтары саласындағы шараларды кеңейту туралы Жарлыққа қол қойды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралары туралы» 2021 жылғы 9 маусымдағы Жарлыққа қосымша тармақ енгізді. Онда адам құқықтары мен заңның үстемдігі саласындағы одан әрі шаралар жоспарын бекіту туралы айтылған.

Заң алдында бәрі тең болуы керек

Құжатта түрлі бағыттар қарасты­рылады. Оның ішінде, әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою, ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілету, бірлесу бостандығына құқық, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қатысты адам құқықтары, қылмыстық сот төрелігі саласындағы адам құқықтары бар.

Жарлық 2021 жылғы маусымда қабылданған «Жол картасына» сәйкес Үкімет жұмысының жаңа бағыттарымен іс жүзінде толықтырылады. Былтыр Пре­зи­дент қол қойған Жарлық заң үстем­дігін қамтамасыз ету тұрғысынан Үкіметтің адам құқықтары саласындағы жұмысының жаңа қосымша бағыттарын айқындап берді. Бұл адам құқықтарын қорғау кепілдігі заңды, қолданыстағы құқықтық құралдарды жетілдіру арқылы қамтамасыз етілуге тиіс дегенді білдіреді.

Заң үстемдігі тұжырымдамасы ешкім­нің заңнан жоғары бола алмай­тын­­дығын, заң алдында бәрі тең еке­нін айқындайды. Ешкімді заңда белгі­лен­беген тәртіппен жазалауға болмайды, яғни заңдылық пен әділеттілік – адам құ­қық­тарын тиімді қорғау үшін қажет өзара байланысты екі талап.

Мысалы, өткен жылы желтоқсанда Пар­ла­мент медициналық қызметті қыл­мыс­тық атқарудан азаматтық денсаулық сақ­тау жүйесіне беру туралы заң қабыл­дады. Яғни қамауда отырған адам­дарға жазасын өтеп жатқан мекеме әкім­ші­лі­гі­нің шешіміне қарамастан, азамат­тық денсаулық сақтау жүйесіне қол жет­кізу қамтамасыз етілді. Сонымен бірге, адамға арнайы күтім мен емдеу қажет болатын жағдайлар бар. Алайда соттар қамау­да­ғыларды шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан немесе қамауға алуды бас бостандығын шектеудің балама шараларына ауыстырудан бас тартады. Сондықтан бұл жерде медициналық қызмет көрсету туралы айту жеткіліксіз, алдымен әділ және заңды шешім қабылдаудың нақты тетіктерін қамтамасыз ету қажет.

Президент биылғы Жол­дауында азаматтар мен қоғам өкіл­дерінің әйелдер мен балаларға қатыс­ты зорлық-зомбылық туралы жиі арыз-шағым жасайтынын атап өткен болатын. Ал Жарлықта құқық қор­ғау қыз­меті бағыттарының ішінде әйел­дерді кем­сітушілікті жою мәселесі де айтыл­ған. Әйелдер тұрмыстық зорлық-зом­бы­лыққа сенімді қарсы тұруы үшін ең алдымен олардың әлеуметтік және эконо­микалық мүмкіндіктерін кеңейтуге тиіспіз. Өйткені жасалған құқық бұзу­шылықтарды жазалаумен ешнәрсе өндімейді. Алдымен қыз-келіншектерге әлеуметтік қолдау арқылы ескерту жасау керек. Бұдан бөлек, мемлекетті басқаруға қатысуға тең мүмкіндіктер жасау үшін осал топтарға Парламент деңгейінде квоталау тетігін белгілеу жеткіліксіз. Сондықтан жергілікті деңгейде тең және әділ қол жеткізу мен ынталандыру құралдары саясатын ілгерілету қажет.

Құжатта айтылған тағы бір бағыт – бірігу бостандығына байланысты. Бүгін­де Қазақстанда 22 мыңнан астам үкі­меттік емес ұйым тіркелген. Алайда сан сапа көрсеткішіне сай емес. Бізге үкі­меттік емес ұйымдарды құрудың және олар­дың қызметін тоқтатудың икемді жү­йесі керек. Мемлекеттік қолдау мен грант­тық кө­мекке қол жеткізу құзыретін ескере оты­рып, олардың айқын әрі адал бә­се­к­елес­тігін енгізіп, сұранысқа ие ұзақ­­мер­зімді және өнімді жобалар құру қажет.

Сондай-ақ, Жарлықта айқындалған басым бағыттың бірі – қылмыстық сот төрелігі және азаптаулар мен қаты­гез­дікпен қараудың алдын алу сала­сындағы адам құқықтарын сақтау деп аталды. Бұл мәселе әсіресе, қаңтар оқи­ғасына байланысты ұстау мен тер­геудің рұқсат етілмеген әдістері туралы хабарламалардан кейін өткір болып тұр. Конституцияның 17-бабында «Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зом­былық жасауға, басқадай қаты­гездік немесе адамдық қадір-қасиетін қор­лай­тындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды» деп жазылған. Мемлекет әрқашан халықаралық деңгейде азаптау­ға мүлдем төзбеушілік ұстанымын білдіріп келеді. Өкінішке қарай, соңғы оқиғалар бұл мәселенің өзектілігін тағы бір рет көрсетіп берді. Сондықтан, прокуратураға тергеу функциясын беруден бөлек, мұндай заңсыздықтарды тергеу әдістемесі қайта қаралуы керек деп санаймын. Азаптауға жол беретіндер жазаның сөзсіз және қатал болатынын түсінуі тиіс. Соңғы үш жылда Адам құ­қық­тары жөніндегі уәкілге жүгінген ха­лықтың көбі қылмыстық жазаны орындау саласындағы адам құқықтарын сақтау мәселелерін жиі көтереді. Екінші санатта – азаптаулар мен қатыгез қарым-қатынастың өзге де түрлерін қолдану тұрса, сот төрелігіне жеткіліксіз немесе толық емес қол жеткізу мәселесі де жиі айтылады. Конституция кепілдік берген адам құқықтары нақты өмірде сақталып, қорғалуға тиіс. Сол себепті қабылданған міндеттемелердің орындалу тиімділігін арттырған жөн. Ол үшін мониторингтеу және бағалау бойынша тиімсіз құқық қор­ғау құралдарын қайта қарайтын мем­лекеттік тәсілді қолданған дұрыс.

 

Эльвира ӘЗІМОВА,

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл