Amanat жанындағы баспасөз орталығы партияның халықпен кері байланысының, партиялықтардың ашықтығы мен жариялылығын арттырып, сондай-ақ БАҚ-пен жұмыс істеуде жаңа тәсілдерді енгізудің тиімді құралдарының бірі болмақ.
«Наурызда өткен кезектен тыс съезде Қасым-Жомарт Тоқаев партияны жаңғырту, оның ішінде сайлаушылармен кері байланысты күшейтуге және партиялықтардың қоғаммен ашық жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қатысты негізгі міндеттерді атап өтті. Сайлауалды бағдарламаның орындалуы, депутаттық фракцияның жұмысы және партиялық жобалардың іске асырылуы туралы жедел ақпарат беру мақсатында ашылған көпфункционалды баспасөз орталығы – партия қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету жолындағы қадамдардың бірі», деп атап өтті партия хатшысы Ринат Кертаев.
Сондай-ақ баспасөз конференциялары партияның әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында онлайн режімде көрсетіледі. Баспасөз орталығы журналистер мен спикерлерге ыңғайлы болу үшін қажетті мультимедиа құралдарымен жабдықталған. Amanat партиясы жанындағы баспасөз орталығының жетекшісі болып Қымбат Қали тағайындалды.
«Баспасөз орталығы партияның күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ақпаратты талқылау және тарату орнына айналуға тиіс. Дәстүрлі баспасөз конференцияларынан бөлек, іскерлік әрі бейресми жағдайда түрлі кездесулер ұйымдастыру үшін диалог алаңын ұсынамыз», деді Қымбат Қали.
Баспасөз мәслихатының негізгі тақырыптары Amanat партиясы депутаттық фракциясының заң шығару бастамалары, қоғамдық кеңестер мен Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметі, партиялық жобаларды іске асыру және сайлауалды бағдарламаны орындау болады деп жоспарланып отыр.