Медицина • 27 Сәуір, 2022

Smart Capsule бейнекапсулалық эндоскопияның тұсауы кесілді

221 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде 2014 жылдан бері бейнекапсулалық эндоскопия жасалынып келе жатқандықтан, оны бірінші болып жүзеге асырған Алма­ты­дағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты айтарлықтай тәжірибе жинақтады деуге негіз бар. Бірегей зерт­теулерді жүргізуде аталған институт стратегиялық серіктестік шең­берінде шетелдік, халықаралық клиникалық орталықтармен, уни­вер­си­тет­те­рімен ынтымақтастық орнатып, оның нақты нәтижесін көріп отыр.

Smart Capsule бейнекапсулалық эндоскопияның  тұсауы кесілді

Жуырда Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да Ресейдің же­тек­ші МЕДСИ Premuim ком­па­ния­сының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Петр Щер­ба­ковтың қаты­суы­мен гастроэнтерологтер мен эндоскопист дәрігерлер үшін шеберлік дәрісі өтті. Сондай-ақ шеберлік сағатында ащы ішекті зерттеудің «алтын стандарты» саналатын Smart Capsule бейне­кап­сулалық эндоскопияның тұсауы ке­сілді.

«2014 жылдан бастап институтта Қазақстанда тұңғыш рет бейне­кап­сулалық эндоскопия жасалына­тын­дықтан, осы бірегей зерттеуді жүргізуде тәжірибе жинақталды. Бейнекапсулалық эндоскопия – бұл гастро және колоноскопияның дәс­түрлі әдістеріне қолжетімсіз жі­ңіш­­ке ішек аумағын көруге мүм­кін­дік беретін капсуланың көме­гі­мен асқазан-ішек жолдарын зерт­теу­­дің заманауи әдісі. Зерттеудің ерек­шелігі –
ішек толығымен тексеріледі. Па­цие­нт жайсыздықты сезінбейді, зерт­теу жүргізу үшін наркоз жас­ауд­ың қажеттілігі жоқ. Про­це­дура еш­­қандай ауыртпалықсыз өтеді. Бейнекапсула бір рет қана қол­да­ны­ла­тындықтан, пациенттің жұқ­ты­ру мүмкіндігін болдырмайды. Зерт­теуді амбулаториялық жағдайда да, сондай-ақ стационар жағдайында да жүргізуге болады», деді инсти­тут­тың басқарма төрайымы, профессор Роза Қуанышбекова.

MEDSI Premuim клиникасы ди­­рек­торының орынбасары Петр Щербаков заманауи капсулалар жасанды интеллект жүйесімен жаб­дық­талғанын, кескін сапасы да айтар­лық­тай жақсарғанын атады. Сондай-ақ ол қазақстандық мамандар – эндо­с­копистердің дайындығы жақсы еке­ніне де тоқталды.

«Әр маман өз білімін үнемі жа­ңар­­тып, жаңа дағдыларды игеріп, медицина саласындағы инновация­лар туралы хабардар болуға тиіс. Дәрігерлеріміз пациенттердің сапалы, дер кезінде және білікті ме­ди­циналық көмек алуы үшін үнемі машықтарын жетілдіріп, шеберлік дәрістерге, семинарларға қатысып, тәжірибе алмасып отырады», дейді Роза Тохтанәлиқызы.

Клиниканың эндоскопия және ин­тервенциялық гастроэнтероло­гия бөлімшесінің меңгерушісі Владислав Зелинский Smart Capsule бей­не­капсулалық эндоскопия қалай қол­данылатынын төмендегідей тү­сін­­­дірді. Асқазан-ішек жолдарын про­цедураға дайындағаннан кейін, зерттеу жүргізген күні пациенттің беліне жазып отыратын қондырғы ілінеді. Пациент әдеттегі таблетка секілді капсуланы жұтады. Капсула табиғи түрде асқазан-ішек жолымен қозғалады, орнатылған камера суретке түсіреді, барлық ақпарат жазып отыратын құрылғыға жіберіледі. Әдетте, алынған жазбаның ұзақтығы 14-15 сағатты құрайды. Эндоскопист дәрігер алынған мәліметтерді талдап, қорытынды береді. Капсула біраз уақыттан кейін ағзадан өзі табиғи жол­мен шығады.

«Кеше біз зерттеуге кірісіп кеттік. Бүгін мәскеулік әріптеспен бірге алго­ритм­­дердің көмегімен пациенттің бейне және фото суреттерімен жұмыс істейтін боламыз, алынған деректерді зерттеп, қорытындысын береміз», дейді дәрігер.

Зерттеудің осы әдісі темір жетіс­пеу­шілігі анемиясы салдарынан жіңішке ішектен қан кету, жасырын қанға нәжістің оң нәтижесінің болуы, жіңішке ішектің қабынып ауруы, оның ішінде Крон ауруына және жіңішке ішек ісігіне күдік туындаған жағдайда, тұқым қуалайтын полипоздары бар пациенттерге, іштің түсініксіз ауруы мен басқа да белгісіз этиологияда, жылдам салмақ жоғалту жағдайында көрсетілетінін айта кеткен жөн. Бейнекапсула ащы ішекті мейлінше мұқият зерттейді.

Капсулалық эндоскопия жіңішке ішек ауруларын диагностикалаудың «алтын стандарты» десек те болады.